Түркістан облысы: Ордабасы ауданының автомобиль жолдары бойынша биыл 5 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Сонымен, Ордабасы ауданы бойынша ішкі көшелерге тас төсеудің 1-кезеңіне 112,3 миллион теңге бөлінген. Нысан 2024 жылға өтпелі. Ұзындығы 18 шақырымды құрайды. Мұны бір деңіз.

Екіншісі, ішкі көшелерге тас төсеудің 2-кезеңіне 155 миллион теңге қаралған. Нысан 2024 жылға өтпелі. Ұзындығы – 25 шақырым. Үшінші нысан — Сұлтан Бейбарыс көшесіне орташа жөндеу. Бұл мақсатқа 173,1 миллион теңге бөлінді. Нысан 2024 жылға өтпелі. Ұзындығы 5,6 шақырымды құрайды. Төртіншісі — Қызылжар көшесіне орташа жөндеу. Оған 74,8 миллион теңге қаралды. Қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Ұзындығы 2 шақырымға созылады. Соңғысы — Қазыбек би және Тәуелсіздік көшелеріне орташа жөндеу. Бұл мақсатқа 218,4 миллион теңге бөлінген. Нысан 2024 жылға өтпелі. Ұзындығы 6,3 шақырымды құрап отыр.

Айта өтейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5710,7 шақырым, елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым.

Биыл облыстағы көлік инфрақұрылымын дамыту үшін бюджеттен 34,9 миллиард теңге қаралып, жалпы ұзындығы 1000,4 шақырым болатын 238 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарлануда. 2024 жылдың І тоқсанының қорытындысына үңілсек, нысандардың басым бөлігінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, мердігер және техникалық қадағалаушы мекемелер анықталды. Жыл соңына дейін 149 нысанды немесе 546,6 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарлануда.

Облыстық маңызы бар көпірлердің де жай-күйі назарда тұр. Бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін 14 көпірді күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Оның ішінде, 2023 жылы КХ-21 автожолында орналасқан 1 көпірге (39+900 шақырым) құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, ағымдағы жылдың мамыр айында халық игілігіне пайдалануға берілді.

Сонымен қатар КХ-78, КХ-23, КХ-59 автожолдарында орналасқан 3 көпірді күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Тағы КХ-78, КХ-144, КХ-50 автомобиль жолдында орналасқан 3 көпірді жөндеуден өткізу бойынша мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүргізілуде. Қалған 7 көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім жолданды. Қаржы қаралғаннан кейін, жөндеу жұмыстары басталмақ.

2024 жылы жөндеуден өтіп жатқан жолдармен қатар, олардың бойында орналасқан 32 су өткізгіш құбыры жаңартылады. Бұдан бөлек, биыл 4 облыстық маңызы бар жолдың 9 аймағында су өткізгіш құбырларының көлемін ұлғайту жұмыстары атқарылуда.

Өңірдегі инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.

Осы тұста атап өтер маңызды мәселе, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жол құрылысы маусымы аясында ҚР Көлік министрлігі 12 мың шақырым жолды құрылыс жұмыстарымен қамтымақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мәселен, республикалық маңызы бар 5,3 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары жалғасын тапса, 4,2 мың жергілікті маңызға ие жол жөндеу жұмыстарымен қамтылады.

Сонымен қатар Көлік министрлігі салынғаннан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген жолдарды орташа жөндеумен қамту бойынша жаңа ауқымды бағдарламаны іске асырады. 2,5 мың шақырым жол қамтылады. Жол негізін нығайта отырып, жолдарды жөндеу бойынша жаңа ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты тартылады.

Негізгі басымдылық «Астана – Балқаш – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» дәліздерін реконструкциялауды аяқтауға бағытталады.

Биыл қолға алынатын жаңа жобалар қатарында «Қызылорда – Жезқазған» (Ұлытау облысы бойынша), «Ақтөбе – Қызылорда» («Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қызылорда – Сексеуіл» учаскелері), «Қарағанды – Жезқазған» және «Сарыағаш қаласының айналма жолы» бар.

«Жаңа ауқымды жөндеу бағдарламасын жүзеге асыру негізінде алдағы 2 жыл ішінде отандық жолдардың жағдайы туралы теріс пікірлерді өзгертуге ниеттіміз. Аталған бағдарламаға сәйкес 20 жылға жуық жөндеу жұмыстарын көрмеген жолдарды орташа жөндеу жұмыстарымен қамтымақпыз. Негізгі міндет – жол негізін нығайтып, сапаны жақсарту. Бұл облысаралық байланысты айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, 4 облыстың аумағы арқылы өтетін «Жезқазған – Петропавл» автожолы орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолын, ал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Өскемен мен Семей арасындағы автомобиль жолын жөндейміз. Республикалық маңызы бар жолдар да, облыстық маңызға ие күре жолдар да — басты назарда», – деп атап өтті ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Наурыз мерекесіне арналған іс-шарада 12 мың шақырым жолды жөнделетіні туралы айтқан еді. «9,5 мың, оған қоса 2,5 мың шақырым, барлығы 94 жол, негізінен облыс арасындағы жолдар. Бұған қаражат қазірдің өзінде қарастырылған. Мәселен жұмысы басталған 2,5 мың шақырымына Еуразиялық қайта құру және даму банкінен 450 миллиард теңге аламыз», – дейді Марат Қарабаев. 

Министр атап өткен 2,5 мың шақырым — республика бойынша орташа жөндеу бойынша жоба. 

«Бұл жобаның ерекшелігі орташа жөндеуге жобалық құжаттамалық смета керек емес, ведомстолық сараптама ғана жеткілікті. Бұл сәйкесінше жобаны жүзеге асыру мерзімін қысқартады. Құнына келсек, әдеттегі жөндеумен салыстырғанда 7 есе арзанға түседі», – деді Көлік министрі.

Жолдардың жөндеу шығынына келсек. Бұған дейін республикалық маңызы бар жаңа жолдардың ұзындығы үш есе артқан еді. Бұл жайлы Бірінші кредиттік бюро жазды.

Бюро жаңа жолдарға кеткен қаражат шығынын да есептеген. Солайша республикалық маңызы бар жолдардың орташа құны 1 шақырым үшін 0,8 миллион долларды құрайды екен.

Ұлттық статистика мәліметтерінде, өткен жылы 358,5 шақырым жол пайдалануға берілгені жазылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 221%-ға көп екен. Ал 2021 жылмен салыстырғанда 90% артық. Бірақ бұл айтарлықтай үлкен көрсеткіш емес. Себебі 3-4 жыл бұрын пайдалануға берілген жолдар бұл көрсеткіштен екі есе артық болған. Мәселен, 2020 жылы 710 шақырым, 2018 жылы 716 шақырым жол пайдалануға берілген.

Республикалық маңызы бар жаңа жолдардың құрылысан 2023 жылы 136,7 миллиард теңге жұмсалған.

«Осылайша, 1 шақырым шығыны орташа есеппен 381,2 миллион теңгені немесе орташа жылдық мөлшерлеме бойынша 835,5 мың долларды құрады. Бұл сомада барлық шығын ескерілген – дизайн мен жабдықтан бастап, жол құрылысы жұмысына кеткен қаражат та бар», – делінген бюро хабаламасында.

Айтпақшы, доллардың ағымдағы құны алдыңғы бес жылдағы орташа мәннен біршама төмен екен. Ол кездері бұл көрсеткіш 874 мың долларды құраған. 2022 жылы сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 1 шақырым жолдың құны доллармен есептегенде төмендеп бара жатқанын мәлімдеген. Мысалы, 2014 жылға дейін жүзеге асырылған Астана-Щучинск жобасында бір шақырып үшін 5 миллион доллар қаражат кеткен.

Еске сала кетсек, елімізде жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасы құрылған болатын. Оған сәйкес автожолдарды орташа және күрделі жөндеу, олардың құрылысы мен реконструкциялау кезінде, сондай-ақ жобалау сметалық құжаттама әзірлеу барысында құрылыс материалдары мен технологияларды аталған бірыңғай базада ұсынылған карьерлердің, битум және асфальт зауыттарының материалдарын ескеріп, пайдалануы қажет. 

Ал 4 желтоқсанда Көлік министрі жол жасау жобаларына қатысты қолдан қымбатшылық жасауға жол берілмейтінін айтты.

«Кейбір компаниялар алғашқы жылдары жұмысты әдейі кешіктіріп, үшінші, төртінші жылы жобаны қымбаттату мәселесін алға тартады. Осындай тәжірибеге тап болып отырмыз. Бұл ретте «ең басында келесілген сомадан артық ештеңе берілмейді» деп бірден айтамын. Бұрын-соңды басқа учаскелерде, атап айтқанда «Қарағанды – Балқаш» және «Талдықорған – Өскемен» учаскелерінде жұмыс істеген әріптестеріңіздің тәжірибесіне қараңыздар. Бұл баршаға сабақ болды, енді қайталанбайды. Бұдан былай жол жобаларына қатысты қолдан қымбатшылық жасауларыңызға жол берілмейді. Қолыңыздан келмесе, келісімшартты бұзып, жұмысты сол жерден тоқтатыңыз. Бұл барлық мердігер мен жол жобаларына қатысты мәселе», – деді Марат Қарабаев.

Көлік министрі заңнамаға өзгеріс енгізуге бастамашы болғанын алға тартқан теріс тәжірибесі бар компаниялар Қазақстанның жолға қатысты жобаларына қатыса алмайтын мәлімдеді.

Сонымен бірге Қарабаев Қазақстанда жаңа жол салу кезінде жермен қамтамасыз ету мәселесі ұзақ уақыт созылатынын, әкімдіктер жерді резервке қойып, жеке меншікке сатудан бас тарту керектігін айтқан болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin