Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Шұбарсу елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, жыл басынан атқарылған жұмыстар және алдағы уақытта қолға алынатын жобалар туралы баяндады.
Қазіргі таңда Шұбарсуда кезең-кезеңімен газдандыру, ауыз су құбырын тарту, электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, газдандырудың барлық кезеңін қосқанда, тиісті жұмыстарды тамыз айында толық аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ су құбырлары да қараша айында толық тартылып, абоненттерге сапалы ауыз су берілмек. Одан бөлек, электрлендіру жұмыстары да тамыз айында бітіп, жыл соңына дейін Шұбарсудың тұрғындары 100 пайыз сапалы электр энергиясын пайдаланбақ.
Сонымен қатар, осы жылы бірнеше көше орташа жөндеуден өтіп, бірқатарына тас төселінеді.
2024 жылы Шұбарсуда “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасымен екі мектептің құрылысы басталады.
Ерекше атап өтер жайт, Шұбарсуда 12,8 гектар жерге жылыжай кешенін салу жоспарланып отыр. Жылыжай шаруашылығымен айналысуға ниетті 60 адамға 0,15 гектар жерден берілетін болады.
Осы және тағы басқа жұмыстар бойынша шұбарсулықтарды құлағдар еткен аудан әкімі жиын соңында тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Сондай-ақ жаздың алғашқы күнінде аудан әкімі Нұрбек Бадырақов Шұбар ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесіп, жыл басынан атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарл туралы баяндап берді.
Шұбарсу ауылдық округіндегі халықтың саны 11 мыңнан асады. 1401 тұрғын үй бар. 336 шаруа қожалығы, 7 өндірістік кооператив орналасқан.
2023 жылдың басынан Шұбарсу ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласына 214 миллион теңге инвестиция тартылған.
Үстіміздегі жылы Шұбар елді мекеніндегі жаңа көшелерге ауыз су құбыры тартылады.
Шұбар, Береке, Сарытоғай, Тоқсансай елді мекендері газбен қамтылады. Сонымен қатар, Тоқсансайдағы Көз ата көшесі, Берекедегі Абубакиров көшесі орташа жөндеуден өтеді. Шұбар ауылындағы Төлеби көшесі мен Аққойлы ауылындағы Пердебей көшесі жарықтандырылады.
Аққойлы ауылындағы “Ақбастау” атындағы 100 орындық мектептің құрылысы бітіп, қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен бірге Аққойлы мен Жусансай елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік тірек ел игілігіне табысталмақ.
Осы және басқа да жоспарлар туралы тұрғындарды құлағдар еткен аудан әкімі кездесуді сұрақ-жауап форматында жалғастырды. Жиын соңында тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.