Түркістан облысы: Ордабасы ауданының басшысы кеңейтілген жиын өткізді

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев аудандық білім бөлімі қызметкерлері және аудан көлеміндегі мектеп директорларымен, ауылдық округтердің әкімдері және өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен кеңейтілген жиын өткізді.

Жиын барысында аудан аумағындағы мектеп оқушылары арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, оқу жылының аяқталуына байланысты өтетін «Соңғы қоңырау» салтанатты шарасын ұйымдастыру, жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын тиімді өткізу, шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы сынды маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.

Аудан әкімі жиынды аша отырып, жас ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігі мемлекеттік маңызы бар міндет екенін атап өтті. Ол мектеп оқушылары арасында тәртіп бұзушылықтар мен құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу үшін мектеп пен ата-ананың, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңыздылығына тоқталды.

Мәжіліс барысында «Соңғы қоңырау» іс-шарасының мазмұнды әрі қауіпсіз өтуіне баса назар аударылды. Әкім мереке кезінде оқушылар мен ата-аналар арасында құқықбұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін ескертіп, мектеп басшыларын жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар, мерекелік шара кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жауапты қызметкерлермен бірлесіп бақылау жүргізу керектігі айтылды.

Аудан басшысы жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі мәдени-бұқаралық, спорттық, тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру қажет екенін де жеткізді. Атап айтқанда, балаларды жазғы лагерьлерге жіберу, үйірмелер мен секцияларға тарту, еріктілер қозғалысына қатыстыру секілді жұмыстар күшейтілуі тиіс. Бұл оқушыларды жағымсыз әрекеттерден сақтандырып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына да ықпал етеді.

Жаз мезгілімен қатар келетін шомылу маусымы да өзекті мәселелердің бірі ретінде қарастырылды. Су айдындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, шомылатын аумақтарды белгілеу, суда жүзу қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу, ескерту тақтайшаларын қою, құтқару бекеттерінің жұмысын күшейту тапсырылды. Ауыл округ әкімдері мен мектеп ұжымдарына бұл тұрғыда айрықша жауапкершілік жүктелді.

Жиында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жайлы да кеңінен сөз болды. Аудан әкімі қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау, ауылдар мен елді мекендердегі абаттандыру жұмыстары бойынша барлық ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Жиын соңында аудан әкімі Азат Оралбаев барлық қатысушыларға алдағы атқаратын істердің маңыздылығын тағы да ескертіп, «бұл жұмыстардың үйлесімді орындалуы — бәрімізге ортақ міндет» деп атап өтті.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin