Түркістан облысы: Ордабасы ауданы әкімінің жеке қабылдауында қашыртқы салу, ауыз су мен жайылым жер мәселелері көтерілді

Аудан әкімі Нұрбек Бадырақов бекітілген кестеге сәйкес азаматтарға жеке қабылдау өткізді. Кезекті қабылдауға келген азаматтар қашыртқы салу, ауыз су мен жайылым жер, интернет желісін тарту, ішкі жол, жолаушылар тасымалы мәселелерін көтерді.

Ауыл-аймақ үшін, әсіресе, жайылым жер қашан да өзекті екені түсінікті. Жалпы, Ордабасы ауданының барлық жер көлемі 265 561 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 208 662 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 71273 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 32 711 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер — 1 490 гектар, тыңайған жерлер — 18 954 гектар, ал жайылымдар 103 992 гектарды құрайды.

Жер санаттары бойынша тоқталсақ:

ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері — 208662 гектар;

елді мекендердің жерлері — 19854 гектар;

өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 15411 гектар;

ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері — 49958 гектар;

орман қорының жерлері — 4821 гектар;

су қорының жерлері — 8522 гектар;

Ордабасы ауданының 5738 гектар жерін Бәйдібек ауданы және 392 гектар жерін Төлеби ауданы пайдалануда.

Жоғарыда айтқандай, Ордабасы ауданында жалпы жайылымдық жер 103992 гектарды құрайды, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе барлығы 1 284 725 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталып отыр.

Жайылым жер туралы айтқанда, мал басы жөнінде ақпарат берген жөн. Аудан бойынша барлығы 431684 бас (60600 ірі қара, 20008 жылқы, 351076 уақ мал, 478 түйе) көлемі 103992 гектар жайылымды пайдаланады, осы көрсетілген малдардың ішінде барлығы 17603 бас (5869 ірі қара, 1697 жылқы, 10037 уақ мал) мал бір орында, қоралық жағдайда ұсталалып, бордақыланады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Ордабасы ауданында жалпы 431684 бас малға көлемі 1 180 733 гектар жайылым жер жеткіліксіз екендігі байқалады.

Жергілікті билік Ордабасы ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет деген ұйғарымға келіп отыр.

Аудан басшысы Нұрбек Бадырақовтың сөзіне сенсек, Ордабасы ауданында 2023 жылы ортақ жайылым көлемін 8 700 гектарға ұлғайту жоспарланған. Бүгінде 2 157 гектар жайылым аудандық қорға қайтарылыпты. 

Орайы келгенде еске салайық, Түркістан облысында 3,1 миллион гектар жайылымға қажеттілік бар. Былтыр 1 миллион 12 мың гектарды қайтару жоспарланған еді. Оның 405 мыңы мемлекетке қайтарылды да, 600 мыңнан астам гектар жайылым иелерімен меморандумға тұру арқылы елдің ортақ пайдалануына ұсынылды. Жаңа бастамаға орай Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, Ордабасы ауданы Ақсары ауылында 17 мың гектар жайылым жер қайтарылып, халықтың талабы орындалған.

Төрткөл ауыл округі, Ақсары ауылына жақын орналасқан жайылым алқаптары 910 гектарды құрайды. Бұл жер көлемі ауыл тұрғындарының шаруамен айналысуына аздық етеді.

Өз кезегінде аудан әкімі тиісті сала мамандарына кейбір мәселелердің заңдылығын қарап, мүмкіндігінше жылдамдатып шешуді, ретке келтіруді тапсырды. Жалпы, әрбір көтерілген мәселенің ұдайы бақылауда болатындығын айтып, рет-ретімен шешімін табатындығын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You