Түркістан облысы бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Қанат Қабылбеков 2023 жылдың 1 мамырынан бастап Фермерлік жылыжайларға жалпы техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты бекітілгенін айтады. Сонымен қатар, «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ аймақтық филиал директоры Мәлік Асхатұлының сөзіне сүйенсек, облыста жылыжайларды стандарттау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған.
— Фермерлерге түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жылыжай шаруашылықтары тарапынан 89 өтінім тапсырылып, 15 фермерлік жылыжай сертификатталды. Сертификатқа өтінім қабылдау үшін Шымкент, Сарыағаш қалаларында орталық жұмыс істеп тұр. Сертификат алған жылыжай иесі субсидияға ие болады. Ал сертификаттау бойынша 8 775 318 67 57, 8 7252 982-196 нөмірлеріне хабарласып, толық ақпарат алуға болады. Ал субсиядиялау бойынша «gosagro.kz» сайты жұмыс істейді, -дейді ол.
Сонымен, ылыжай иелеріне сертификат алу үшін 3 қарапайым қадамды айтайық.
Алғашқысы. Кәсіпкер жер көлеміне байланысты келесі төлемді жасауы тиіс:
- 0,1 гектардан 0,5 гектарға дейін — 50 000 теңге;
- 0,5 гектардан 1 гектарға дейін — 75 000 теңге;
- 1 гектардан жоғары — 130 000 теңге.
Екінші. Инспекциялық органға құжаттарды жинау.
1) өтінім;
2) қызметтер көрсетуге арналған шарт;
3) жерге мемлекеттік акті;
4) фермерлік жылыжайларды жобалаудың бекітілген жобасы, сызбалар;
5) фермерлік жылыжайлардың конструкциясында пайдаланылатын материалдарға сәйкестік сертификаттары (сапа паспорты) (бар болса);
6) қоршаған орта жағдайларын бақылау журналы, сондай-ақ тексеру/калибрлеу туралы сертификаты бар ауаның және басқа газдардың ылғалдылығын (гигрометр) анықтауға арналған өлшеу құралының болуы;
7) жылыту жүйесінің болуы және оларға ілеспе құжаттар жылыжайлар (бар болса);
8) желдету мен салқындатудың болуы және оларға ілеспе құжаттар (бар болса);
9) Электрмен жабдықтаудың және жарықтандырудың болуы, оларға ілеспе құжаттар (бар болса);
10) су құбыры мен кәріздің болуы, оларға ілеспе құжаттар (бар болса);
11) автоматтандыру жүйесінің болуы және оларға ілеспе құжаттар (бар болса);
12) жылыжайды жөндеу және техникалық қызмет көрсету кестесі;
13) коррозиядан және жылыжай қаңқасының бұзылуынан қорғаудың болуы (тәсілі);
14) есеп айырысу шоты, БСН/ЖСН, заңды және нақты мекенжайлары көрсетілген деректемелер
Үшінші. Өтінімге жауап күту.
Сұрақтар болған жағдайда келесі мамандарға хабарласуларыңызды сұраймыз:
Шолпан Сәрсенова — ұялысы: 8 775 318 67 57; телефоны: 8 7252 982-196, ішкі: 5720;
электронды поштасы: ukf.opspu1@naceks.kz;
Жанара Тунгатарова – ұялысы: 8 778 124 04 32; телефоны: 8 7252 982-196, ішкі: 5777;
электронды поштасы: tungatarova85@mail.ru;
Даяна Леспек – ұялысы: 8 775 009 26 09; телефоны: 8 7252 982-196, ішкі: 5723;
электронды поштасы: dayana.lspk@mail.ru.
Бұл тұста жылыжай иелері мен жылыжай салуға ниеттеніп отырған азаматтарды қуантқан жаңалық – 2024 жылдан бастап Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарына қосымша 150 мың тонна шұбаркөл көмірінің жеткізілетіндігі.
Нақтырақ айтсақ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ мен Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары арасында қатты отынды жеткізуге тікелей келісімшарт жасасу арқылы қосымша 150 мың тонна көмір жеткізу туралы келісімге барлық мүдделі қатысушылар: Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, Түркістан облысы әкімдігі, жылыжай шаруашылықтары, көмір жеткізу жөніндегі өңірлік операторлар, көмір кәсіпорындары және «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерімен бірнеше рет жүргізілген келіссөздердің арқасында қол жеткізілді.
Келісім аясында жылыжай шаруашылықтары үшін 1 тонна көмірдің құны 10 350 теңгені құрайды екен. Қатты отынды жеткізу 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталмақ. Қызығушылық танытқан жылыжай шаруа қожалықтары келісімшарт жасасу жолдары туралы толық ақпарат алу үшін Түркістан облысы әкімдігінің энергетика басқармасымен байланысуы қажет. Өңір әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 20 шілдесіндегі жағдай бойынша өңірге 148,8 мың тонна көмір жөнелтіліп, жылыжай шаруашылықтары ол қордан 28 мың тонна көмір сатып алған.
Сонымен бірге, әрбір өңірдің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, коммуналдық-тұрмыстық көмір сауда-саттығының нормативтерін ретке келтіру мақсатында Сауда және интегрция министрлігінің Сауда комитеті, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, биржалық сауда саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстарын жүрігізіп жатыр.
Алдағы жылдан бастап жылыжай иелеріне үкімет қолдау көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, электр қуаты мен газ шығындарына субсидия беріледі. Ол үшін шаруалардың жылыжайы сапа стандартына сай болуы тиіс. Соңғы мәліметтерге қарағанда, елдегі көкөніс өсіретін кешендердің саны 18 пайызға азайып кеткен. Сондықтан қаржылай қолдау жылыжай өндірісін жолға қоюға мүмкіндік бермек.
Еліміздегі жылыжайлардың 71 пайызы Түркістан облысының аумағында орналасқан. Қазір өңірде 3 366 жылыжай бар. Десе де, олардың қатары азайып барады. Себебі, шаруалардың табыстан гөрі шығыны көп. Соның салдарынан отандық өнімнің импортқа қарағанда бәсі төмен. Тіпті логистикалық және басқа да экспорттық шығындарды есепке алмағанда, көрші елдерден әкелінетін көкөніс арзанға түседі. Осы себепті үкімет келер жылдан бастап жылыжай шаруашылығына қаржылай қолдау көрсетпек.
Ал шаруашылыққа мемлекеттен жәрдем алу үшін жылыжай бекітілген стандарттарға сай болуы тиіс. Оны «Ұлттық сараптама және сертификаттау» орталығы анықтайды. Қазір орталық кәсіпкерлердің өтінішін қабылдай бастады.
Өнеркәсіптік жылыжайларға сатып алынған тұқымдарының елу пайызын мемлекет субсидиялап береді. Одан бөлек, тағы да минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау деген бағдарлама бар. Сол бағдарламаның негізінде сатып алынған тыңайтқыштардың елу пайызын мемлекет субсидиялап береді.
Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – импортқа тәуелділікті жою. Түптеп келгенде, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан әзірге жылыжайда гүл немесе цитрустық дақыл өсіретіндерге субсидия берілмейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.