Бүкілдүниежүзілік «World Cleanup day 2022» акциясы асында Отырар ауданында жаппай сенбілік өтті. Акцияның басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, ортаның ластануына жол бермеу.
Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері және аудан тұрғындары бір кісідей атсалысты. Одан бөлек қажетті техникалар да жұмылдырылды. Нәтижесінде жол жиектері және арық жүйелері қатты қалдықтардан, арам шөптерден тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Қай кезде болса да, ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау адамдықтың басты қасиеті екендігі белгілі. Аталмыш шараның аудан тазалығын сақтауда ғана емес, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуда да алар үлесі зор.
«Тазалық әркімнің өз ауласынан басталатынын ескерте отырып, аудан тұрғындарын аталған тазалық шарасына өз үлестерін қосуға шақырамыз. Себебі, Отан – баршамыздың ортақ мекеніміз!» — дейді сенбілікке қатысушылар.
Сенбілікті ұйымдастырушылар бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтып отыр.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.