Түркістан облысы: Отырарлық кәсіпкер жылына 20 тонна балық өндіреді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапары барысында Қоғам ауыл округінің Талапты елді мекенінде орналасқан ЖК «RAN» шағын балық шаруашылығының жұмысымен танысты.

Шаруа қожалығы 2023 жылдан бастап жұмыс істейді. Бүгінде 0,20 гектар жерде жылына 20 тонна балық өндіріліп жатыр. Мұнда балықтың сазан, ақ амур және тағы да басқа түрлері бар. Қазіргі таңда 3 адам қызмет етуде. Жоба құны – 12 миллион теңге. Өнім еліміздегі аймақтарға экспортталады. Алдағы уақытта өнім көлемін көбейту көзделіп отыр.

Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын дамыту бағытында жұмысты ширатып, балық өнімі көлемін арттыру қажеттігін айтып, балық шаруашылығына инвестиция тарту, осы бағытта жұмыс істеймін дейтін жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету керектігін жеткізді.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, келесі жылы барлығы 20 дана бассейін салу құрылысы жоспарланып отыр екен. Қазіргі таңда өз қаржысы есебінен сыйымдылығы 4 дана бассейннің (темірден құрастырылған) құрылысы аяқталып, 18 мың дана тұқы шабақтары суға жіберілді. Атап айтсақ, сазан, ақ амур, карась бар. Бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа өтінім берілді. Сонымен қатар «Ырыс» МҚҰ-на 8,6 миллион теңге қаржыға құжаттар тапсырылды. Жоба толық іске асқан жағдайда балық өнімін өндіру құрылысының жылдық қуаттылығы 100 тоннаға жеткізіледі.

Қазіргі таңда Отырар ауданында 4 шағын шаруа қожалығы балық шаруашылығымен айналысады. «Ауыл аманаты» бойынша 4 жобаға өтінім беріліп, енді қаржыландырылады.

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер, субсидиялар беріліп отыр.

Айта кетейік, бүгінде облыста жоспарға сәйкес, жаңадан 93 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік аулада ашылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Жалпы өңірде қуаттылығы жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.

Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 86-сы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Өңірде тауарлы балық өсірумен 220 кәсіпкерлік субъектісі айналысуда. Биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес 2473 тонна балық өнімі өңделіп, 1935 тоннасы шет елдерге экспортталды. Биыл 6640,0 тонна балық өсіру жоспарланып, 10 айдың қорытындысына сәйкес 4050 тоннаға орындалды. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия берілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 миллион теңге қарастырылып, 68,3 миллион теңгесі игерілді.

Айта кетейік, Қазақстанда балықты терең өңдеуге жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы кешегі аптаның бейсенбісінде Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті. Атап айтқанда, балық аулауды және өңдеуді жүзеге асыратын субъектілер үшін қосылған құн салығы төмендетілді, сондай-ақ тереңдетіп қайта өңдейтін балық өнімдерін субсидиялау енгізілуде.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, өңделмеген балық экспортына шектеулер енгізілген. 2023 жылдың наурызында Министрліктің бұйрығымен көксерке мен жайын балығын өңделмеген түрде 6 ай мерзімге шығаруға тыйым салынды. 

«Бұл шара балық өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға мүмкіндік берді. Осыған байланысты, бүгінде тыйым салуды қайта енгізу мүмкіндігі қаралуда», – деп бөлісті сала басшысы.

Министр жариялаған мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта елімізде 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды. 

«Бұл ретте, қосымша тағы 13 қазақстандық кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді. Сондай-ақ, экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай арасында ветеринариялық сертификат келісілді, ал Қытай елінің тізіміне 65 қазақстандық кәсіпорын енгізілді», – деп хабарлады Ерлан Нысанбаев.

Ведомство отандық балық өңдеу кәсіпорындарынан әлемнің 21 еліне балық өнімдерінің 100-ден астам түрі шығарылатынын жеткізді. Олардың ішінде ең ірі тұтынушылар –  Ресей, Германия, Нидерланд, Литва және Қытай елдері.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin