Отырар ауданында кәсіпкерлер кеңесінің кезекті жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы аудандық филилының директоры Ұлан Абдирахимов және кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Кеңес отырысында бизнестің проблемалық мәселелері және салаларды дамыту жөніндегі ұсыныстар мен алдағы 2025 жылға арналған жылдық жоспар талқыланып, пысықталды. Кеңес төрағасы Н.О.Орынбасар алдағы 2025 жылға жылдық жоспарын бекітіп, алда атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
Жиын барысында кеңес мүшесі Бегалы Әймішов агроөнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнімнің өткізу тізбегі жөнінде едәуір қиындықтардың барын айтты. Әсіресе, жүгері өнімдерін әлі күнге өткізе алмай жүрген бірнеше шаруалар бар, микро қаржылық ұйымдардан («Ырыс» МҚҰ, «Оңтүстік инвестициялық орталығы» МҚҰ) алған несиелерді төлеуі үлкен мәселе болып тұрғандығын жеткізді. Сондай-ақ, Ержан Асанов аудан орталығында «Kaspi Bank» терминалдарына қажеттілік бар деген ойын білдірді, себебі халық саны артып келеді, айналым қаражаттарын толықтыру, бір түрден екінші түрге ауыстыруда қиындықтар бар екенін атап өтті. Сонымен қатар азық-түлік сақтау қоймаларының жоқтығы, егер арнайы жабдықталған қоймалар болса астықты, көкөністер мен бақша дақылдарын 6 айға дейін сақтау мүмкіндіктері болатынын айтты.
Кездесуде Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков Отырар ауданының жалпы мүмкіндіктерін зерделеп, кәсіпкерлердің ұсыныстарын қорытындылай келе азық-түлік, астық қоймаларын салуға мүмкіндігі бар кәсіпкерлермен байланыс орнатып жұмыстар жүргізу қажеттілігін атап өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Т.А.Елекеев алдымен кәсіпкердің дербес біліктілігі, маркетингтік жоспары болу керектігін, өнімді өндіруден бастап тиісті сөреге жеткенге дейінгі аралықта бірнеше кедергілердің болатынын, барлық талаптардың заңға сәйкестігі (фитосанитариялық т.б. сертификаттар) жөнінде тұщымды ой-пікірімен бөлісті. Алдағы уақытты міндетті түрде бұл бағытта жұмыстарды жандандыру бойынша тиісті жұмыстарды атқару керектігін айтып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.