Түркістан облысы: Отырар аудандық «Жастар ресурстық орталығының мамандары бақытты отбасыны құттықтап қайтты

Халқымыз отбасы құрып, ұрпақ жалғастыруды өмірдегі ең маңызды қадам деп санаған. Содан болар «Он үшінде – отау иесі» деген аталы сөзді артында қалған ұрпаққа өсиет еткен. Өнегелі отбасын құру ең алдымен адамның өскен ортасында хәм ағайын-жұртының арасында алған тағылымды тәрбиеден басталады.

Кеше аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары Отырар ауданы Шәуілдір ауылындағы көпбалалы жас шаңырақ Манаповтар отбасында қонақ болып, Отбасы күнімен құттықтап қайтты. Отағасы Нартай – қарапайым еңбек адамы, отанасы орыс ұлтының өкілі Полина Бочарова – үй шаруасындағы әйел.

Ұлты өзге болса да, қазақтың шаңырағына келін болып түскеніне еш өкінбейтінін жеткізген Полина Бочарова қазіргі кезде өмірге 6 бала (4 қыз, 2 ұл) әкеліп, өсіріп, бағып-қағып отыр. Жарасымды жұптың отау құрғанына биыл 10 жыл толыпты. Батыр ана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 25 шілдедегі жарлығымен «Күміс алқа» иегері атаныпты. Үлгілі отбасы отбасын құру үшін ең бастысы өзара түсіністік пен адамгершілік болса, қалған дүниенің өзінен-өзі құралатынын айтады.

Үлгілі жұп аудан жұртшылығына бейне челендж жолдап, ыстық ықласқа толы тілектерін жеткізді.

Атап өтер жайт, 2013 жылы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіліп, қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні деп белгіленген болатын. Себебі, біздің қоғамда отбасы – әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек. Отбасы күні біздің қоғамымызда руханилықты, өнегелілікті нығайтуға, ерлі-зайыптылар жауапкершілігінің маңыздылығын сөзсіз мойындауға ықпал етеді. Отбасы күні еліміздің түкпір-түкпірінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан үлгілі отбасыларға сый-құрмет көрсетіледі. 2014 жылдан бері аталмыш мерекеге орай «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді.

Қай уақытта болмасын, отбасының адамзат ұрпағына ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп білетін ұлтымыз отбасының тыныштығы мен құндылықтарын бірінші орынға қойған. Бала тәрбиесіне жіті мән берген. Қазақ танымындағы әке-шеше, аға-ініге, туған-туысқа қатысты мақал-мәтел мен аңыз-әпсананың бәрі де шаңыраққа ұялаған шаттықты сақтауға үндейді. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деп халқымыз қашан да отбасындағы әр адамның мәртебесін бекітіп, бекемдеп отырған. Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Отбасынан тыс та тәрбие бар. Қазақ «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас, көршілес бол», — дейді. Ата-ананың жүріс-тұрасы, сөйлегені, іс-әрекеттерінің барлығы –  бала үшін үлгі. Осы негізде бала алдында ата-ана өте байсалды, сабырлы болып, жақсы тәрбие көрсетуі керек. Мәселен, Абай Құнанбаевтың он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады» — деп, атап өтеді.  

Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өмірге келген нәрестеге ана махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі ауадай қажет. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы — бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.  М.Жұмабаев былай деген екен: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн”. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие беру. Тәрбие тал бесіктен басталады.   

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.