Түркістан облысы: Отырар аудандық орталық ауруханасы жанынан құрылған «Жас Ұя» Жастар денсаулық орталығының мамандары нашақорлықтың қоғамның қауіпті індеті екенін ескертеді

«XXI ғасырдағы жастар арасында белең алып тұрған дерттің бірі — нашақорлық. Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп, адамның ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт те, кесел де күшейе түседі. Өкiнiштiсi сол, осындай ем қонбайтын кеселдi адамдар өздерi ойлап табады екен». Отырар аудандық орталық ауруханасы жанынан құрылған «Жас Ұя» жастар денсаулық орталығының меңгерушісі Нұркен Оразов осылай деп отыр.

«Жалпы, нашақорлық есірткі заттарына патологиялық құмарлық болып табылады. Ол — бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар аз емес. Нашақорлық жеке тұлғаның толық бұзылуы болып саналады. Оны емдеумен айналысатын мамандар «биопсихоәлеуметтік рухани» бұзылыс деп атайды. Яғни есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды жоғалтып қана қоймай, адамгершішік қасиеттерін жояды, психикасы қалыпты болмайды, достарынан, отбасынан айырылып, мамандық ала алмайды және қоршаған ортасына, өзіне зиян келтіреді.

Жастар арасында есірткіні қолданудың себеп-салдары туралы нақты ақпарат беру мақсатында Отырар аудандық орталық ауруханасы жанынан құрылған «Жас Ұя» Жастар денсаулық орталығының мамандары ауданымыздағы білім ордалары мен ұйымдарға барып арнайы жиындар өткізуде. Нашақорлықтың қалыптасуының екі негізі бар. Оның бірі отбасының қалыптастырған жеке тұлғаның спецификалық белгілері болса, екіншісі сыртқы факторлар, әлеуметтік ортаның ықпалы, есірткінің сәнге айналуы, қиыншылықтар болып табылады. Есірткілерді тұтыну психикалық және тәндік тәуелділікке, адам тұлғасының кейде азғындалуға дейін өзгеруіне, денсаулығының нашарлауына әкеліп соғады және өміріне қауіп төндіреді. Есірткі тұтынатын жасөспірімдер мен жастар өздерін қоғамға және заңға қарсы қояды, олардың болашағы жоқ. Нашақорлыққа шалдыққан науқас өмірінің орташа ұзақтығы — 2-3 жыл.

Тағы бір мәселе – есірткіге тәуелділік. Есірткіні бір рет пайдалану, яғни оның дәмін татқаннан кейін тағы да тұтынуға құмарлық пайда болуымен, психикалық тәуелділіктің даму мүмкіндігімен, мөлшерден артық тұтынумен, есірткілік заттарға аллергиялық реакциялардың дамуымен, есірткіні қан тамыры арқылы тұтынғанда ЖҚТБ жұқтырудың нақты мүмкіндігімен, есірткіге әуестік өмір бойына сақталу мүмкіндігімен қауіпті саналады.

Нашақорлықты емдеу — ауру адамның және оның туған-туыстарының зор күш-жігерін, медицина қызметкерлерінің биік кәсіби дәрежесін, көп қаражат шығындарын қажет ететін ұзақ, күрделі, көп сатылы процесс. Бірлі-жарымды адамдар ғана есірткіге тәуелділікті жеңе алады, яғни дерттен айығады.

Кез келген есірткіні қолданғанда терінің ағаруы, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, сөйлеу мәнері мен көз қарашығы көлемінің өзгеруі, баланың терісінен және киімдерінен өзгеше иістің шығуы, қозғалу координациясының бұзылуы байқалады. Сондай-ақ, бейтараптық, үйде болмай, сабақтарға бармау, есте сақтау қабылетінің төмендеуі, сынағанды көтере алмау, ақша сұрау, ақшаның жоқтығына көнбеу, үйден бағалы заттар, киім мен ақшаның жоғалуы, белгісіз адамдармен жиі телефон арқылы сөйлесу бұл нашақорлықтың басты белгілері болып табылады. Дегенмен онымен күресудің жолдары да бар. Ол – есірткіге қарсы күрес бөлімдерінде қызметкерлердің санын көбейту. Өйткені саусақпен санарлық топқа есірткі бизнесі дес береді деуге сену қиын. Есірткіге қарсы күрес топтарының есірткіні анықтап, тауып алатын құрал-саймандармен, техникалармен толық қамтамасыз етілуі керек.

Есірткінің зардабын тартып, асқындырған адамның психикасы бұзылады. Біріншіден, есірткі адамның жүйке жүйесін бірден уландырады, елітіп, еліртіп жібереді, ақылмен істейтін жұмыстардан бас тартатын болады. Ол ойламаған қылмыстарға итермелейді, нашақор ашуланшақ, шамшыл келеді. Нашақор әйелдерде түгелдей дерлік жыныс мүшесінің жұмысы бәсеңдейді, яғни, жатырларының еттері әлсірейді, сонымен қатар етеккірлерінің келуі де бұзылады. Ал әйел жүкті болған жағдайда көбінше түсік болады немесе олардан дімкәс, кемтар балалар дүниеге келеді. Ер адамадарда да жыныс мүшесінің қызметі нашарлайды. Оларды ештеңе қызықтырмайды. Осы себепті өз жандарын өздері аямайды. Ата-аналарға айтарымыз, балаңыздан осы айтылғандарға ұқсас өзгерістер байқасаңыздар, тез арада медициналық көмектер беру керек.

Нашақорлық — қоғам дерті. Онымен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл жерде тәртіп сақшылары, нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер, яғни әрбір Қазақстан азаматы шетте қалмау керек. Ғасыр дертімен күресу керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе ол — сенің өмірің. Сенің өмірің — өз қолыңда» — дейді маман.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.