Бүгін Отырар ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек арнайы іс-сапармен келіп, аудан активімен кездесті. Талапты елді мекеніндегі Сапар орталығында өткен жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, жүргізіп отырды. Шараға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Кездесуде ҚР Сенатының депутаттары Әли Әбдікәрімұлы мен Мұрат Болатұлы сөз алып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының заң шығару жұмыстары мен өткен сессияда Сенат қабылдаған заңдар туралы жан-жақты айтып берді. Сенаторлар көптеген заң жобалары азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын баяндап өтті. Онда елімізде оның ішінде Түркістан облысына қатысты атқарылып жатқан түрлі салаларға кеңінен тоқталды.
Кездесуде Шәуілдір ауылының тұрғыны, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Әбдіхалық Жаймырзаев ағын су тапшылығы жайында мәселе көтеріп, бұл мәселені шешу үшін каналдарды бетонмен қаптау, дреньдер салу жұмыстары жүргізілуі керек екенін атап өтті. Сондай-ақ, аудандық мәслихат дептутаты Мұхтар Есжанов Шәуілдір, Отырар, Қарғалы елді мекендерін ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған Д.Алтынбеков каналын бетонмен қаптау жұмыстарын жалғастыру, «Ақын-Жақып» каналын бетондау жұмыстарын жандандыру секілді бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, мемлекеттік қолдау қажет екенін тілге тиек етті.
Ағын су демекші, орайы келгенде айта өтейік, өткен аптада Үкімет отырысында вегетациялық кезеңде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі қаралды. Онда Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова және Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.
Экология министрі З. Сүлейменованың айтуынша, соңғы жылдары суармалы егіншілік дамыған еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Осы жылдың вегетациялық кезеңін тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың желтоқсанынан бастап дайындық жұмыстары басталды.
«2022-2023 жылдардың вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдеріндегі жұмыс жоспары бекітілді, оның шеңберінде қазіргі уақытта келесі бағыттарды қамтитын сыртқы және ішкі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді», — деді З. Сүлейменова.
Түркістан облысы бойынша сәуір айынан бастап Шардара су қоймасына су аз келуде. Осы жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Шардара су қоймасына 2,23 млрд м3 су түседі деп күтілген (МҮСК болжамды кестесіне сәйкес), бірақ іс жүзінде 1,291 млрд м3 (58%) су түсті.
Сондай-ақ, «Қазгидромет» пен «Узгидрометтің» болжамы бойынша вегетациялық кезеңге Сырдария бассейні өзендеріндегі су көлемі нормадан төмен және нормаға жуық болады деп күтілді. Осыған байланысты Сырдария өзенінен тұрақты суаруға су пайдалану лимиті Бассейндік инспекция арқылы қысқартылды. Түркістан облысының әкімдігіне ылғал сүйгіш дақылдарды қысқартуды, сондай-ақ Мақтаарал және Жетісай аудандарында күріш екпеу туралы ұсыныстар берілді.
Осыған қарамастан, биыл Түркістан облысы бойынша күріш егу алаңы 2022 жылмен салыстырғанда 2,35 мың гектарға, яғни 1,5 мың гектардан 3,853 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте, Жетісай ауданында күріш алқабы 5,5 есе, Мақтаарал ауданында 15 есеге ұлғайды.
Сонымен қатар мақта егістігі бастапқыда жоспарланғаннан 5,29 мың гектарға, яғни 79,7 мың гектардан 84,990 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Сондай-ақ облыста су шаю және сумен ылғалдау жұмыстары су тасқыны азайғаннан соң бір айдан кейін басталды, бұл наурыз айында Шардара су қоймасынан машиналық су беру каналын қосу қажеттілігіне әкелді. Ылғал сүйгіш дақылдар алқаптарының ұлғаю себебінен суға деген қажеттіліктің артуына байланысты Министрлік мамыр айында егістік суының тапшылығы шиелінісін төмендету мақсатында машиналық каналды қайта қосуға мәжбүр болды.
Сонымен қатар Министрліктің ұсынымын орындамау салдарынан, «Тұран Су» коммуналдық кәсіпорнымен Арыс өзенінің ағын режимін дұрыс реттемеу себебінен Отырар ауданын егістік суымен қамтамасыз ету мәселесі өткір көтерілді. Қазіргі уақытта ЭТРМ судың барынша жетіспеушілігін болдырмау үшін Бадам су қоймасынан санитарлық су жіберуге мәжбүр, әйтсе де тәжірибе бойынша одан су жіберу шілде мен тамыз айларында жүзеге асырылуы керек болатын.
Дархан Сатыбалды Түркістан облысындағы қазіргі жағдайды баяндады. Онда биыл 860 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның 489 мың гектары суармалы жер. Облыстың басым бөлігінде вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ететін Бөгенсу қоймасында 173 млн текше метр су бар. Ал, Өзбекстаннан бастау алатын «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистралды каналдары арқылы секундына 65 текше метр ағын су жоспарға сәйкес жеткізіліп отыр.
Бұл ретте, облыстың оңтүстік аймақтарын ағын сумен қамтамасыз ететін «Достық» мемлекетаралық магистралды каналынан ағын су жыл сайын бекітілген лимиттен кем алынып келеді. Нәтижесінде, Мақтаарал, Жетісай аудандарында суармалы жерлерде ағын су тапшылығы орын алып отыр. Аталған аудандар «Достық» каналына тікелей тәуелді.
Жыл басынан бері 603 млн текше метр ағын су алу жоспарланса, нақты алынғаны 434 млн текше метрді құрайды немесе 28%-ға аз босатылған.
Осы мәселені шешу үшін Шардара су қоймасынан Машиналық канал арқылы «Достық» магистралды каналына қосымша 40 млн текше метр ағын су тасталынды.
Сондай-ақ биыл 22 маусымда Қазақстан-Өзбекстан-Тәжікстан арасында үкіметаралық келісөздердің нәтижесінде, «Бахри-Точик» («Қайрақұм») су қоймасынан «Достық»магистралды каналына вегетациялық кезеңде 491 млн текше метр су босату жөнінде үш жақты келісім жасалып, кесте бекітілді.
«Облыстың оңтүстік аймақтарын ағын сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, облыстағы су нысандарының 75%-ының тозығы жетіп, су шығыны 40%-ды құрап отыр. Бұл мәселені шешу үшін су нысандарын кезең-кезеңмен бетонмен қаптап, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет», — деді Д. Сатыбалды.
Оның мәліметінше, Машиналық каналды күтіп ұстау шығыстарына осы жылға 464 млн теңге қаржы қаралған, дегенмен, бұл қаржы вегетациялық маусымды оңтайлы өткізу үшін жеткіліксіз болып тұр.
Ол өз кезегінде облыстағы су нысандарының басым бөлігі республикалық меншікте екенін ескере отырып, салалық Министрлікке аталған мәселелерді бақылауға алу бойынша тиісті тапсырма беруді сұрады.
Сонымен қатар облыстағы вегетациялық маусымды қалыпты деңгейде өткізу үшін әкімдік тарапынан барлық қажетті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Жалпы, Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынбақшы. Өңір әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты. «Түркістан өңіріндегі аймақтарда су тапшылығын шешу үшін бірнеше су нысанының құрылысы басталып, былтыр 2 нысан пайдалануға берілді. «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салғанның арқасында жылына қосымша 34 млн текше метр ағын су жеткізуге мүмкіндік пайда болды. Ал Түркістан магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы 60 млн текше метр су үнемделді», — деді ол.
Әкімнің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады.
«Бұдан бөлек, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Өңірде каналдарды тазалау, жөндеу жұмыстары тұрақты жалғасып жатыр», — деді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар, зейнеткер Пернехан Жаппарқұлов аймақтағы білім саласында балаларға патриоттық тәрбие беру мақсатында әскери жетекшілердің жұмысын жетілдіру туралы ұсынысын жеткізді.
Кездесу барысында Сенат депутаттары көтерілген әрбір ұсыныстың маңыздылығын айтып, олардың кезең-кезеңімен өз шешімін табуына ықпал жасайтынын жеткізді.
Жиын соңында зейнеткер, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзабай Өксікбаев аудан халқымен кездесіп, өзекті мәселелерді халықпен бірге талқылап, шешімін табуға қолдау көрсетіп жатқан халық қалаулыларына аудан халқының атынан шынайы алғысын айтып, ақ батасын берді.
Еске салайық, Әли Әбдікәрімұлы Бектаев Сенат депутаты болып Түркістан облысынан сайланған.
1962 жылы 20 сәуірде Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында туған.
Білімі, мамандығы:
1984 жылы Қазақ ауылшаруашылық институты, инженер-механик.
1992 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП), саясаттанушы.
Ғылыми дәрежесі, лауазымы:
Экономика ғылымдарының кандидаты (2000 жыл).
Еңбек жолы:
1984-1985 жылдары – Ленгер ауданы, Сейфуллин атындағы колхоздың бас инженері;
1985-1987 жылдары – Қазақстан ЛКЖО, Сайрам аудандық комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары;
1987-1989 жылдары – Сайрам аудандық партия комитетінің нұсқаушысы;
1989-1990 жылдары – Сайрам ауданы, Фрунзе атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы;
1990-1991 жылдары – Ташкент, Алматы жоғарғы партия мектебінің және Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының тыңдаушысы;
1991 жылы – Шымкент облыстық партия комитетінің кеңесшісі;
1991-1992 жылдары – «Қазығұрт ЛТД» ӨКФ бас директорының орынбасары;
1992-1994 жылдары – Қазығұрт аудандық әкімшілігі басшысының орынбасары;
1994-1999 жылдары – ОҚО Жастар ісі, туризм және спорт басқармасының басшысы;
1999 жылы – Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы;
1999-2000 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы сыртқы экономикалық байланыс және инвестициялар басқармасының басшысы;
2000-2002 жылдары – Қазығұрт ауданының әкімі;
2002-2006 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары;
2006-2008 жылдары – Түркістан қаласының әкімі;
2008-2014 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары;
2014 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды;
2014-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі;
2017-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
2019 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы.
2015 жылдың қыркүйегінен бастап «Ауыл» халықтық-демократиялық, патриоттық партиясының төрағасы.
Отбасылы, 4 бала тәрбиелеп отыр.
Мемлекеттік наградалары: «Құрмет» ордені (2011 жылы), «Парасат» ордені (2018 жылы).
Ал Мұрат Болатұлы Қадырбек 1980 жылы Шардара ауданында туған. Білімі жоғары, заңгер, құқықтану магистрі. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі.
Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасының бөлім прокуроры лауазымында бастаған. 2004-2008 жылдары Қазыбек би ауданы прокурорының көмекшісі, Шығыс Қазақстан облысы № 2 Тарбағатай аудандық сотының судьясы лауазымдарын атқарған. 2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде бюджеттік жоспарлау, қаржы-экономикалық қамтамасыз ету және мемлекеттік активтерді басқару, экономика және қаржы департаментттері директорының орынбасары, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары ретінде еңбек еткен. 2011-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысы бойынша департаменттері басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңес төрағасы лауазымдарын атқарған. 2016 жылдан бері Арыс қаласының әкімі болды. 2021 жылғы сәуірде Жетісай ауданының әкімі болып тағайындалды.
2022 жылдың 12 желтоқсанында ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер ретінде өзін-өзі ұсынып, депутат болып сайланды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.