Отырар ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Акция аясындағы сенбілік аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерде де ұйымдастырылуда. Тұрғындармен қатар түрлі мекеме мен кәсіпорын қызметкерлері қатысқан сенбілікте орталық көшелердегі бейберекет шашылған қоқыстар тазаланып, ретсіз өскен арам шөптер оталды.
Сонымен қатар, экоакцияға «Мұрагер» республикалық қоғамдық бірлестігінің Отырар ауданы бойынша филиалының өкілдері қатысып, «Арыстан Баб» кесенесінің маңайын шөптерден тазартты. Жалпы, 300-ге жуық адам қатысқан тазалық шарасында 10 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға жеткізілді.
Шара ұйымдастырушылары аудан тұрғындарын экологиялық акцияға белсенді түрде атсалысып, тазалықты сақтауға шақырды.
Осы тұста еске салайық, көне тарихымыздан сыр шертетін бай мұраларымызды насихаттай отырып ішкі туризмді дамыту — алға қойылған негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан Отырар ауданындағы киелі орындармен танысып, табиғатты тамашалауға келген шетелдіктерге қолайлы жағдай жасалуы қажет.
Осы мақсатта аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы қасиетті орындарды аралап, туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан басшысы алдымен «Арыстанбаб» кесенесі аумағындағы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының барысын көрді. Мұнан соң «Отырар төбе» қалажұртындағы реставрациялық жұмыстармен танысып, Сапар орталығындағы туристерге қызмет көрсету бөлмелерін аралап шықты.
Сан ғасырлық тарихы бар киелі Отырар ауданы туризмді дамытуға қолайлы аймақтың бірі. Аудандағы «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалажұртына келушілер саны жыл санап артып келеді. Бүгінде аудандағы киелі орындарға келушілердің саны 113187 адамды құраған.
Аудан әкімі аймақтағы туризм саласы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер тигізетінін атап өтіп, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында істеліп жатқан жұмыстар сапалы атқарылуы керектігін айтып, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Ауданға өзге өңірлерден келетін қонақтар мен шет елдік туристер жүріп өтетін негізгі күре жолдың бірі — аудан орталығындағы «Жібек Жолы» даңғылы. Сондықтан аталған жол бойындағы абаттандыру жұмыстары мен тазалықты сақтау шараларын үнемі қадағалап отырудың маңызы зор. Ауланың таза болуы өзгелер үшін ғана емес жергілікті тұрғындар үшін де қажет. Осы мақсатта «Жібек жолы» даңғылы бойында сенбілік жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Тазалық шарасы барысында жол жиегіндегі қоқыс қалдықтары тазартылып, арамшөптер оталып, қоршаулар сырланып, әктеледі.
Бүгінде ауданда «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы аясында тазалық шаралары жалғасын тауып, ескерткіштер мен аяқжолдардың бойы қоқыс қалдықтарынан тазартылып, қоршаулар сырланды. Аталған жұмыстарға аудандық «Отырар-2050» мекемесінің қызметкерлері, қоғамдық жұмысқа қатысушы азаматтар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Отырарлықтар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында белсенділік танытуда. Ауданда өткен тазалық жұмыстарына 1000-нан аса адам қатысып, 6 арнайы техника жұмылдырылды.
Жалпыхалықтық сенбілік барысында аудан орталығында және елді мекендерде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке мекеме қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестік өкілдері, ерікті жастар мен ауыл тұрғындары қатысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Ардагерлер саябағы, «Жібек жолы» даңғылы, Д.Алтынбеков, С.Ерубаев көшелері мен аудандық орталық аурухана маңындағы сенбілік жұмыстары барысында жиналған қоқыс қалдықтары мен арам шөптер арнайы полигондарға жеткізілді.
Тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауына, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізері анық. Осыны кейінгі жастарға өнеге еткен тұрғындар көше мен аула тазалығын күн сайын қадағалап отырудың маңыздылығын айтуда. Себебі, тазалық — жанның саулығы, ішкі мәдениеттің бастауы.
Тазалық мәселесі аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында да әңгіме арқауына айналды. Аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысқан жиынның күн тәртібінде төрт мәселе қаралып, талқыланды.
Жиында алдымен 5 айдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай баяндаса, аудандағы денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ербол Төлепов айтып өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқылаудан өткен соң сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, осы бағытта атқарылатын жұмыстар бақылауда болатыны ескертілді.
Мұнан соң «Таза Қазақстан» акциясының орындалуы туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Саттар Нәлібай хабарлама жасап, тазалық шараларына қатысты істеліп жатқан жұмыстарды атап өтті.
Жалпы, Отырар ауданындағы тарихи-мәдени орындарға саяхаттап келушілер көп. Осыған байланысты аймаққа келген туристерге қолайлы жағдай жасай отырып, ауданның ішкі мәдениеті мен тұрғындар жайында дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін көше тазалығын сақтап, жол бойындағы қоршаулар мен тұрғын жайларды әктеп-сырлау жұмыстарын жүргізу керек. Осы мәселеге байланысты бірқатар ауыл округтеріндегі кемшіліктер айтылып, тапсырмалар берілді.
Жиын соңында аудан басшысы күн тәртібіндегі мәселелерге жеке-жеке тоқталып, айтылған сын-ескертпелер мен берілген тапсырмалардың орындалу барысы өз бақылауында болатынын жеткізді.
Бүгін аудан әкімі тұрғындармен бірге тазалық акциясына қатысты. Ауданға өзге өңірлерден келетін қонақтар мен шет елдік туристер жүріп өтетін негізгі күре жолдың бірі аудан орталығындағы «Жібек Жолы» даңғылы саналады. Сондықтан аталған жол бойындағы абаттандыру жұмыстары мен тазалықты сақтау шараларын үнемі қадағалап отырудың маңызы зор.
Осы мақсатта бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы аясында тазалық шаралары жалғасын тауып, ескерткіштер мен аяқжолдардың бойы қоқыс қалдықтарынан тазартылып, қоршаулар сырланды. Аталған жұмыстарға аудандық «Отырар-2050» мекемесінің қызметкерлері, қоғамдық жұмысқа қатысушы азаматтар мен ауыл тұрғындары қатысты.
«Қобыз бен домбыра» композициясынан бастау алған тазалық шарасына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы да атсалысып, тұрғындармен бірге сырлау жұмыстарын жүргізді.
Аудан басшысы ауланың таза болуы өзгелер үшін ғана емес жергілікті тұрғындар үшін де қажет екенін айтып, сенбілік жұмыстары тұрақты ұйымдастырып отыру керектігін атап өтті.
Жалпы Отырар ауданында тазалық жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерінде өтіп жатқан сенбілік барысында көшелер мен саябақтарды қоқыс қалдықтарынан тазарту, каналдар мен елді мекен ішіндегі арық-атыздарды тазалау жұмыстары атқарылуда.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде ұйымдастырылған экоакция аясындағы 62-ден аса тазалық жұмыстарына 15388 адам қатысып, 47 арнайы техника жұмылдырылған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.