Түркістан облысы: Отырар ауданындағы Шәмші ауылында «Әнім сен едің» гала концерті өтті

15 тамыз – Ш.Қалдаяқов туған күніне орай Шәмші туған ауылда «Әнім сен едің» атты гала концерті өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов және сазгердің қарындасы Райхан Қалдаяққызы қатысып, әсерлі кештен мол рухани нәр алған көпшілікке ізгі тілегін арнап, сазгердің әндерін насихаттап жүрген өнер жұлдыздарына алғысын айтты.

– Бүгінде кез келген ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мен даму деңгейі оның әлем мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесі және адамзатқа сыйлаған ардақты тұлғаларымен өлшенеді. Міне осы тұрғыдан алғанда қазақ даласын әнімен тербеткен ұлы тұлға Шәмші Қалдаяқов қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Әйгілі сазгердің бізге, өскелең ұрпаққа қалдырған өнер мұрасы – халқымыздың рухани байлығы. Оның патриоттық әндері әлі талай ұрпақтың патриоттық сезімін шыңдайтынына сеніміміз мол», – деді аудан басшысы.

Сахна шымылдығы Шәмші ағамыздың өмірінен алынған, театрландырылған көрініспен ашылып, ән-күймен жалғасын тапты. Ән әлемі падишасының кешінде сазгердің сыршыл да әсерлі, нәзік иірімдермен өрілген әндері әуелете шырқалды.

Әуезді кеште аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары мен елімізге белгілі әншілер ұлы сазгердің шығармаларын нақышына келтіре орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Сайрам ауданында Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған кеш ұйымдастырылды

Сонымен қатар тамыздың 15-інде Сайрам ауданының «Манкент» шипажайындағы демалыс орнында композитор, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Гимнінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай, «Шарықта Шәмші әндері!» атты келелі шара болып өтті.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов арнайы құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде шырқау көгімізде жарты ғасырдан астам уақыт бойы қалықтап келе жатқан Шәмші әуендерінің өміршеңдігін алға тартты.

Ұлы композитордың есімін ұлықтай отырып, әуелеген әндерін көпшілікке кеңінен насихаттауға бағытталған шарада аудандық Құрманбек Жандарбеков атындағы мәдениет үйі өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.

Сондай-ақ шара барысында Қазақ Халық театры, «Ақсу» Халықтық фольклорлы ансамблі, эстрада әншілері, және «Самұрық» би тобы, жалпы 50-ге жуық өнерпаз Шәмшінің әндерін шырқады. Сондай-ақ, көрермендер назарына театрландырылған сахналық қойылымдар ұсынылды.

Еліміздің түпкір-түпкірінен шипажайға келген 400-ден астам демалушылар концерттік бағдарламаны тамашалап, көңілді кешке оң бағасын берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin