
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасы бойынша Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Көксарай ауыл округінде қоғамдық қабылдау өтті.
Қоғамдық қабылдауға «Отырар аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәрсенбек Сартаев, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Есбол Қасымбеков, Көксарай ауыл округінің әкімі Әлімжан Қалмұратұлы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жауапты мамандары қатысып, тұрғындарға тұрғын үй, сәулет және қала құрылысы, жер, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік мәселелер бойынша келген тұрғындарға консультациялық кеңестер берілді. Қабылдауда тұрғындар өздерінің толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.
Сонымен қатар азаматтық қоғам өкілдерімен бірлескен бақылау жұмыстары барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай қалыптастыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну, заң талаптары аясында қызмет көрсету барысымен танысты.
Тұрғындардың аудан орталығындағы «Халыққа қызмет көрсету орталығына» немесе өкілді органдарға бармай-ақ «Өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышы арқылы онлайн түрінде қызмет алуға мүмкіндігі жоғары.
Бюрократиядан арылту және тұрғындардың онлайн қызмет алуына жағдай жасау мақсатында «Қазақтелеком» АҚ мен Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы «Е-Қолдау» қоғамдық қолжеткізу пункттері (терминал) орнатылған болатын. Терминал онлайн қызметтерді алуға көп мүмкіндіктер беріп келеді. Анықтамалар мен құжаттар үшін аудан орталығына сабылған тұрғындар енді әуре-сарсаңға салынбайтын болады.
Бақылау жұмыстары барысында жоғары бағасын берген Сәрсенбек Базарбекұлы тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру қабілеті төмен азаматтарға арнап мемлекеттік қызмет көрсетудің бекітілген қағидасына сәйкес келетін арнайы орындарды жасақтауды ұсынды.
Жергілікті әкімдік өкілдерінің сөзіне сенсек, мұндай ел игілігі жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Айта өтейік, Көксарай — Түркістан облысы Отырар ауданындағы ауыл, Көксарай ауылдық округінің орталығы. Құрамына Көксарай, Жанкел, Ызакөл, Шеңгелді ауылдары кіреді. Орталығы – Көксарай ауылы. Аудан орталығы – Шәуілдір ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 23 шақырым жерде орналасқан. 1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 4090 адам (2072 ер адам және 2018 әйел адам) болса, 2016 жылы 4464 адамды құрады. Іргесі 1940 жылы Шәуілдір қаракөл шаруашылығының орталығы ретінде қаланды. Оның негізінде 1997 жылдан шаруа қожалықтары ұйымдасқан. Ауылда орта мектеп, клуб, фельдшер-акушерлік пункт, т.б. мекемелер бар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.