Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілетін өнімдердің мөлшерін арттыруда диқан мен малшы қауымының агробіліктіліктерін арттырудың маңызы ерекше. Сондықтан Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы жанынан «Агро кеңес беру орталығы» құрылып, демонстрациялық алаңдар ашылған болатын. Казіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне агротехнологияны тиімді пайдалануға кеңес беру, зиянкестермен күрес шараларын үйрету, шаруаларға тұқым таңдауға ұсыныс беру арқылы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Химиялық тыңайтқыштардан бас тартып, толық органикалық тәсілмен өнім алуды, мал шаруашылығы саласында жоғалып бара жатқан ірі қара мал генефондын сақтап тұқымдық құрамын жақсартуды көздейтін кәсіпкерлер палатасының пилоттық жобасы шаруалар үшін тиімді. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрбол Рысбеков облыс аумағындағы «Марғұлан» шаруа қожалығы мен «Рамазан Агро» ЖШС-не барып, демонстрациялық алаңдарындағы ахуалмен танысты.
Отырар ауданының Талапты елді мекенінде орналасқан «Марғұлан» шаруа қожалығы базасындағы жүгері алқабында 20 гектар аумақта жүгері егілген. Шаруа қожалығының иесі Бекжан Ибашев әне-міне жиын-терім жұмыстары басталатындығын мәлімдеді.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған «Агро-кеңес беру орталығы» жетекшісі Нұрлыбек Боранбаевтың айтуынша, биыл шаруаның “Пионер” сортты жүгері собығынан мол өнім алуға мүмкіндігі жоғары. Себебі, демонстрациялық алаңшада дақылдарды органикалық негізде өсіруге маңыз беру арқылы өнім алынады.
Айта кетейік, кәсіпкерлер палатасының пилоттық жобасы химиялық тыңайтқыштардан бас тартып, толық органикалық тәсілмен өнім алу шаруалар үшін тиімді. Демонстрациялық алаңдарының мақсаты – агроқұрылымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Ал Ордабасы ауданының Төрткүл елді мекеніндегі «Рамазан Агро» ЖШС-нің меншігінде 723 гектар жер телімі бар. Оның ішінде 65 гектар аумақтағы демонстрациялық алаңға органикалық негізде мақта егілген. Шаруа қожалығының төрағасы Мейірхан Мырзабайұлының сөзінше, қазан айының ортасында мақта терімі басталады. Алқаптағы «Эдесса» мақта сортынан жоғары өнім алынады деп күтіліп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.