Түркістан облысы: Отырар ауданында «Бізді біріктіруші күш — мемлекеттік тіл» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті

Бүгін аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ -нің ұйымдастыруымен аудандық балалар кітапханасында «Бізді біріктіруші күш — мемлекеттік тіл » тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мақсаты: Қазақстан Республикасының мемлекет тілі қазақ тілі туралы, оның қоғамдық өмірдегі алатын орны, мәртебесі жайлы түсініктеме беру.

Қазақстанның ұлтжанды мемлекет екенін, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтей білетінін, тілсіз халықтың өмір сүруі мүмкін еместігін бойымызға сіңіру де жиынның мұратына айналды. Іс-шара барысында қоғам ауылдық кітапханасының меңгерушісі Гүлшахар Жалмырза өз сөзінде: «Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол — атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиіс» — деп атап өтті. Орталықтың қазақ тілі маманы Н.Серікбаеваның баяндамасы тыңдалды. Қатысушылар тақырыпқа орай өз ойларын ортаға салып, тілдің мәртебесі биік болсын деп ақ ниеттерін білдірді.

Орайы келгенде атап өтер жайт, «Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» — дейді халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы.  Жер бетіндегі кез келген халықтың мәңгілік болып қалуы ұлттық тілінің сақталып қалуы болып табылады.  Осыдан 33 жыл бұрын, яғни 22 қыркүйек 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып «Тіл туралы» заң қабылданды. Кейін егемендік алған соң 1995 жылғы Ата заңымыздың 7 бабына сай «Қазақ тілі — мемлекеттік тіл» болып айқындалды.  Әрі қарай — 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң қабылданып, республика аумағындағы тілдердің қолдануының құқықтық негіздері, барлық тілдерге бірдей құрметпен қарау қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қазақ тіліміздің мәртебесі белгеленген болатын.

 Дегенмен, осы күні егемендігімізге 31 жыл болсада, қазақ тілі Кеңес заманынан қалыптасып қалған орыс тілінің көлеңкесінде дамып келе жатқаны — «ащы» шындық. Жасыратыны жоқ, тіліміз өз елінде, өз жерінде «аса қажеттілікке» айналмай, атына заты сай болмай, мәртебесі мемлекеттік болғанымен, қоғамның барлық саласында толыққанды қолданылмай келе жатқан мемелекеттік тіл болып отырғаны ақиқат.

 Қазақ тілі дүниедегі ең шұрайлы, кестелі тілдің бірі деп жатамыз. Иә, қазақ тілі — өте бай тіл! Қазақ тілінде жазылған тамаша шығармалар қанша, жылытатын, жұбататын жырлар қаншама. Қазақ халқының бойына сіңген ата-бабаларымыздың тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі, біздің тұлға болып қалыптасуымызға себепкер болғаны, үлкен үлес қосқаны байқалатыны анық. Осындай гауһар тілімізді өз дәрежесінде пайдалана алмауымызға кезіндегі кеңес өкіметінің солақай саясаты әсер етсе, ал дәл қазіргі күні қоғамның барлық саласында қазақ тілінің мәртебесі жоғары болуы қажет деп санаймын.

 Сонымен қатар, демографиялық тұрғыдан қазақ ұлты ең жоғарғы пайызды құрайтындықтан, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі нақты келді.

 Жалпы кез келген елде тілдік ахуал өзгерген жағдайда тіл саясаты да жаңа талаптармен толығып отыратыны ақиқат. Және барлық елдерде мемлекеттік тілді білу заң арқылы міндеттелген. Ал, біздің жоғарыда аталған «Тіл туралы» заңымызда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп көрсетілген. Яғни, мемлекеттік тілді меңгеру — тек «парыз» ғана. Кез келген қазақ, қазақстандық бір-бірімен тек мемлекеттік тілде сөйлесетін уақыты келді. Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, санымыз өсті, санамыз өркендеді, рухымыз жанданды. Рухымызбен бірге тіліміздің тұғыры да биіктеуі шарт.

 Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», — деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай, қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен.

Халқымыздың «Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың. Қай тілде ойласаң, сол тілдің жанашырысың», «Өсер ел, алдымен, тілін қадірлейді» деген сөздері есімізден шықпағаны жөн.

Тіл- ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырағысыз белгісі. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынасында сауаттылығы соның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді. Еліміз егемендік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес, себебі ол тіл сол мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни ол өнер, әдебиет, мәдениетте, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар т.б. салаларға дейін қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет.

Мемлекеттік тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, ол азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Түптеп келгенде, ол өңірдің, елдің ұлттық қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылығы мен интеллектуалды даму мәселесі де. Сонымен бірге, мемлекеттік тіл — мемлекеттің бет-бейнесі, туы, Елтаңбасы, Әнұраны сияқты рәмізі болып табылады. Ол – азаматтық патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі бола отырып, ел азаматтарын біріктіретін күш. Тіл – елдің мәдениетін қалыптастыратын ұйтқы, ұлттық бірліктің негізі, адамның рухани және имандылық қасиеттерінің басты факторы. Тіл білу халықты, оның тарихын, тұрмысы мен әдеп-ғұрпын және салт- дәстүрлерін терең тануға жол ашады. Басқаларға ұлттық мемлекет ретіндетанылғымыз келсе, біз ең алдымен қасиетті ана тілімізді сақтауымыз керек. Тілі жоғалған күні ұлттың өзі де жоғалатыны белгілі. Тілін жоғалтып, артынан өздері ұлт ретінде құрып кеткен халықтар қаншама. Тек бұрынғы Кеңестер Одағының шеңберінде ондай халықтар ондап саналады. Біздің тіліміз — ең ескі, тамыры тіптен тереңде жатқан тілдердің бірі. Мемлекеттік тіл — сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. Тарихтан да белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші мемлекеттік тілінің мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында күшті ұлттар ғана өз мүддесі үшін күресе алады. Күшті ұлт болу үшін күшті мәдениет жасау керек, сонда ғана әлемдік өркениет кеңістігінен өзіне тиесілі орынды ала алады.

Мемлекеттік тіл – бүкіл қазақстандықтардың тілі. Сондықтан да «Мемлекеттік тілдің проблемасы – тек қазақ халқының ғана проблемасы» — деп қарауға болмайды. Әлемдегі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет істейтіндердің бәрі бұл тілді білуге міндетті. Онсыз ол мемлекеттік тіл болып есептелмейді. Конституциялық талап осы. Оған қоса мәдениеті жоғары адам басқа тілдерді білуге өзі де ұмтылуға тиісті. Басқа шет елдерде халқының тілін білмесең, лауазымды қызметке орналасуды былай қойғанда, тіпті күніңді де көре алмайсың. Республикамызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Ал бұл істің шешуі шыдамдылық пен табандылықты талап етеді және тілді үйрету зорлықпен емес, шынайы ынтамен ыңғайланатын шаруа. Қазақ тілін білуге міндеттеу ешкімнің құқығына қол салғандық болмайды. Мемлекеттік тілді білу – кәсіби талап. Қазақ тілі республика азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары кәміл. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, білуге бейім болғаны абзал. Өйткені, қазақ тілі — еліміздегі халықтардың басым бөлігінің тілі. Болашақта мемлекеттік тіл ретінде оның мәртебесі біздің елімізде қоғам биігінен көрінуге тиіс.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар барлық салада толық қамтамасыз етілді деуге әлі ертерек. Қай тұлғаның болса да жұмысқа қабылданар алдында мемлекеттік тілді білуі және іс қағаздарымен жұмыс атқара алуы туралы мәселелер ескерілер болса, біршама атқарылар шаралар өзінің оң шешімін табатыны сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.