Бүгін Темір ауылдық мәдениет сарайында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және Темір мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «25 қазан — Республика күні» мерекесіне орай «Жайдарман 1/4» сайысының финалдық ойыны өтті.
Көңілді тапқырлар сайысына А.Дәрібаев атындағы жалпы орта мектебінен «Болашақ jastars», Көкмардан жалпы орта мектебінен «Көкмардан құрамасы», Темір жалпы орта мектебінен «Ханшайым», «Ню-Жастары», С.Әшіров атындағы жалпы орта мектебінен «Бөлекпіз», Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының «Шәмші құрамасы», Т.Ибрагимов атындағы жалпы орта мектебінен «Тамаша шоу», Д.Құрманбек атындағы №20 колледждің «Триллион» және Жамбыл атындағы мектеп лицейінен «Отырар ұландары» командалары өзара жарысқа түсті.
Жиынға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай көрермендерді қасиетті мерекемен құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, көңілді кеште елімізге белгілі айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов, Жастар ресурстық орталығының әдіскері, мәслихат депутаты Мереке Тәңірбергенова, аудандық мәдениет сарайының актёрі Мұхамеджан Нәлмішов және «Отырар алқабы» газетінің директоры Азат Әмірбектер қазылық етіп, сайыс соңында пікірлерін білдіріп, келесі кезеңге өткен командаларға сертификат тапсырды.
Жарыста ойыншылар қоғамда болып жатқан жағымды жаңалықтар мен ерсі қылықтары арқылы өздерінің әзіл-шыны аралас көріністерімен айшықтап, көрермендер көңілінен шығуға тырысты. Қастерлі мереке күніне орай ұйымдастырылған жайдарман сайысының қорытындысы бойынша С.Әшіров атындағы жалпы орта мектебінен «Бөлекпіз» және Д.Құрманбек атындағы №20 колледждің «Триллион» командалары 1/2 финалдық кезеңіне өте алмады. Қалған 7 команда келесі кезеңге өтті. Бұдан бөлек, ойыншылар арасынан ерекше өнерімен көзге түскен Оңалбек Олжас «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.
Көңілді кеш соңында жайдарманшылар естелік үшін суретке түсті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.