«Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Отырар ауданы Көксарай ауылдық округі әкімдігімен бірлескен инспекторлар, ауыл тұрғындары және аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жаппай сенбілікке шыққан болатын.
Бірлігі бекем қызметкерлер мен жергілікті тұрғындар құрал-жабдықтарымен келіп, тазалық жұмыстарына жұмыла кірісті. Сенбілік барысында «Шәуілдір-Көксарай» көпірінің маңындағы демалыс орны мен Сырдария өзенінің бойы шөп-шаламдардан, күл-қоқыстан тазарды. Сондай-ақ ағаш түптері әктеліп, сырланды. Бұдан бөлек 300-ге жуық көшет егілді. Егілген көшеттердің арасында жай арша, қарағаш, өрік, долана, алма, шаған сынды ағаштар бар. Сенбілікте аталған аумақтар мен туристік орындар бойынша көше бойларында санитарлық тазалау жұмыстары жанданды.
Тазалық науқаны аясында 100-ге жуық адам табиғи парк пен аудан ажарының ашылуына белсене атсалысты. Арнайы 10 техника жұмылдырылды.
Ел бойынша бір мезетте басталған ағаш отырғызу науқаны бес аптаға созылады. Ерекшелігі – әр апта белгілі бір тақырып аясында өтпек.
Айта кетейік, Отырар ауданы Көксарай елді мекенінде «Парктер шеруі» акциясының ашылуы өткен болатын. Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде табиғатты қорғау мақсатында өткізілетін акция. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілікте «Сырдың көркі – тораңғыл» атты қоқыс тазалау шарасы да назардан тыс қалмады.
Су ресурстарының тазалығы демекші, орайы келгенде атап өтерлігі, Түркістан облысында ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын 3 мыңнан аса канал бар. Оның 75 пайызы ескіріп, жөндеуді қажет етеді. Бұл су арналары «ҚазСуШар» кәсіпорнына, коммуналдық және жеке меншікке тиесілі. «Биыл өңірде қанша канал бетондалады? Қанша шақырым арық-атыз механикалық тазалаудан өтеді?» деген сауалдарға жауап бере кетейік.
Сайрам ауданында ұзындығы 432 шақырым болатын 47 канал бар. Алайда су арналарының 90%-ы әбден ескірген. Мамандар: «Биыл ұзындығы 78 шақырым болатын бірнеше канал механикалық тазалаудан өтеді» — деп жоспарлап отыр. Бүгінге дейін соның 8 шақырымы тазаланыпты. Бұған дейін ұзындығы 50 шақырым болатын 7 канал ғана бетондалса, биыл тағы 5 шақырым канал күрделі жөндеуден өтпек. Тазалау жұмыстары жүріп жатқан Ақбай-Қарасу каналынан 124 шаруа қожалығы су тұтынады. 620 гектар жер суғарылады. Алайда әбден ескіріп, су өткізу қабілеті төмендеп кеткен. Мамандар биыл су арнасының 5 шақырымы бетондалып, қалғаны механикалық тазалаудан өтетінін айтады. Нәтижесінде қосымша 800 гектар жер қолданысқа енгізіледі. Сайрам ауданының тұрғындары негізінен ағын суды Ақсу өзенінен алады. Бірақ соңғы уақытта қар мен жаңбырдың аздығынан өзен суы төмендеп кеткен.
«2016 жылы осы Ақсу өзенінде 122 миллион текше метр су алған екенбіз. Ал 2021 жылы 78 миллион текше метрге дейін азайып кеткен. Сонда 35 миллион текше метр су, таудан келетін судың өзі азайып кеткен. Негізі бізге ауданды толық қамтамасыз етуге 131 миллион текше метр су қажет. Ал енді көктемде келетін суға қарап жұмыс істейміз. Тапшылық болады. Бірақ сол тапшылық болған кезде біз аудан арасында 3-4 күн бір каналға, 5-6 күн бір каналға кезек жасап, солай су береміз», — дейді Сайрам аудандық «Ақсу» МКК директоры Әмзе Қалмұратов.
Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, Түркістан облысындағы суару жүйелерін қалпына келтірудің 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Жаңадан 3 су қоймасы салынып, 8 гидротехникалық нысан қалпына келтірілмек. Одан бөлек, ауылдық жердегі 40 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы, облыста соңғы 5 жылда 245 шақырым канал бетондалып, 1100 шақырым қашыртқы тазаланды. 61 мың гектар жерге су жеткізілді.
«Биыл да ауқымды жұмыстар жоспарланған. Оның ішінде 65 шақырым канал жүйесін бетондау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар мыңнан астам қашыртқыны механикалық тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Нәтижесінде 20 мың гектардан астам жердің мелиоративтік жағдайын ұлғайтамыз. Сондай-ақ 8 мың гектар суармалы алқаптың су жеткізу қабілетін жоғарылататын боламыз. Бұл біздің биылғы жылға жоспарлаған жобаларымыз»,- дейді облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.
Жалпы, облыс аумағында жарты миллионнан астам гектар суармалы жер бар. Алайда ағын судың тапшылығы, жердің тұздануы және жерасты су деңгейінің көтерілуінен 63 мың гектары игерілмей отыр. Мамандар бүгінгі күні каналдарды жөндеудің нәтижесінде 30-35% ағын суды үнемдеуге қол жеткізгенін айтады.
Бұдан бөлек Түркістан облысы Шардара ауданында да ағын су жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына іссапарында Көксу ауылдық округінің шаруаларымен кездескен-ді. Әкім 10-ға жуық ауыл орналасқан бұл аумақтағы коммуналдық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау жұмыстарын қадағалады. Бұл каналда 30 жылдан астам уақыттан бері алғаш реш тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде ауданда қашыртыларды механикалық тазалаудан бөлек каналдарды күрделі жөндеуден өткізу, тік дренаждарды қайта құрылымдау жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Оған облыстық бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Шардара ауданындағы аталған ауылда 235 шақырым қашыртқыны тазалау жоспарланған. 2024 жылға ұзындығы 63 шақырым болатын 11 канал күрделі жөндеуден өтеді. Ұзындығы 488 шақырым су арналары механикалық тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Шардара ауданында 959 шақырым су арналарын механикалық тазалау жоспарланған.
Бір сөзбен айтқанда, Түркістан облысында су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасады. «Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 миллион текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, жылына 31,0 миллион текше метр ағын су қосымша жеткізілуде. Ал «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды.
Нәтижесінде бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 миллион текше метр ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалар мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ескерткен болатын.
– Біз шаруаларды ағын сумен қамтитын жобаларға қолдау көрсетеміз. Бірақ әрбір нысанды құрылыс басқармасымен бірге ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан, қала әкімдері зерделеп барып салуы тиіс. Жобалардың нақты қанша гектар жердің жағдайын жақсартатынын алдын ала зерттеп, елге нақты пайдасы тиетіндей жүзеге асыру керек. Су үнемдеу технологиясын енгізу – заман талабы. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Каналдарды жөндеу мәселесі де бақылауда болады, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырмалар берген.
Қазіргі таңда өңірде 3 су нысанының құрылысы жүргізілуде. Олар: «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы, «Қараспан» магистральдық каналын күрделі жөндеу» жобасы және «Қараспан» су торабын күрделі жөндеу» жобасы.
Өңір басшысының қолдауымен облыстық бюджет есебінен су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғаюда. 2023 жылы 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 7,8 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. 2023 жылы «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен аудан-қала аумағындағы жалпы ұзындығы 689,7 шақырымды құрайтын 187 дана су нысанына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 48,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі, 1,6 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.
Сөз соңында Отырар ауданы бойынша су шаруашылығы нысандарының техникалық жай-күйін жақсарту арқылы су тұтынушыларға тұрақты ағын су жеткізу мақсатында 2024 жылға жоспарланған жөндеу жұмыстары хақында тілге тиек етсек. Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық келтірген деректерге сүйенсек,
— Д.Алтынбеков каналын механикалық тазалау – 9,0 шақырым, орындалып қойды;
— Ақкөл каналына бас тоспа орнату – 1 дана;
— Көкмардан каналын механикалық тазалау – 13,8 шақырым, орындалып қойды;
— Қызылту насос станциясын ағымдағы жөндеу – 50 текшеметр тонна/бетон, жұмыс жүріп жатыр;
— Су сорғы құрылғыларын жөндеу – 15 комплект, қажетті қосалқы бөлшектер алынып, өз күшімізбен жөнделеді;
— Сулы каналын механикалық тазалау – 4 шақырым;
— Беларық каналын механикалық тазалау – 3 шақырым, орындалып қойды;
— Сумағар каналын механикалық тазалау – 6 шақырым, орындалып қойды;
— Қонай каналын механикалық тазалау – 2 шақырым.
Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы іске асырылып жатқан жобалар жайлы да мәлімет бере кетейік.
Әуелі «Шәуілдір үстеме каналының» 2-кезең жобасы туралы.
2024 жылғы 10 қаңтардан бастап ЕҚҚжДБ ЕСЕРР порталында мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жарияланған екен. Мердігер мекемені анықтау рәсімделген уақытқа сәйкес анықталады. Қазіргі таңда құжаттарының техникалық ерекшеліктерге сәйкестігін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Екіншісі, Шәуілдір суармалы алқабының мелиоративті жағдайын жақсарту жайы.
Тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК бұйрығына сәйкес орындалған және қалдық жұмыстарға кешенді тексеру жүргізіліп, нысанның құрылысы аяқталмаған ретінде қабылдауға тексеру актісі әзірленіпті. «Қазсушар» РМК тарапынан құрылыс жұмыстарын қайта бастау 2024 жылдың 3-тоқсанына жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.