Түркістан облысы: Отырар ауданында ағымдағы жылы 1854 гектар жерге су үнемдеу технологиясын қолдана отырып егіс егу жоспарланды

Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздықтың сөзіне сенсек, ағымдағы жылы аудан көлемінде 1854 гектар жерге су үнемдеу технологиясын қолдана отырып егіс егу жоспарлануда.

«Осы аталған көрсеткішті орындау мақсатында ағымдағы жылдың 21 ақпанында аудан шаруаларымен «BNK Group LTD» ЖШС — су үнемдеу технологиясының қондырғыларын шығаратын компаниясының өкілдерімен кездесу өтіп, шаруаларға қондырғы орнатуға кететін шығындармен берілетін жеңілдіктер туралы кеңінен түсіндірілді» — дейді ол.

Бүгінгі таңда жоспар массивтер кесіндісінде бөлініп, Отырар ауданы бойынша 37 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші (АШТӨ) 1875 гектар жерге аталған құрылғыларды орната отырып егіс егуді жоспарлап отыр. 

Қазіргі күнге 960 гектарды құрайтын 5 ірі жобаның жұмыстары басталған. Атап айтсақ:

Ақтөбе ауыл округінен «Оңтүстік Алтайыр» ЖШС 300 гектар жерге дәнді жүгері егу үшін «Valley» компаниясымен коммерциялық ұсыныс жасасып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алды, су жинайтын бассейннің құрылысы аяқталған. Қарақоңыр ауыл округінен «Греен Фарм» ЖШС Түркия еліне барып 50 гектар жерге қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып келсе, Қарғалы ауыл округіне қарасты «Таймас-2024» ЖШС қытайлық инвесторлармен бірлесе отырып, 500 гектар жерге мақта дақылын себуге дайындауда, бүгінгі таңда қажетті құрал-жабдықтары мен мақта тұқымы сатып алынған. Көксарай ауыл округінен «Азамат» өндірістік кооперативінде 100 гектар жерге мал азығын егу үшін жаңбырлатып суғару технологиясының монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Расын айту керек, агроөнеркәсіптік кешеннің алдына қойылған міндеттерді орындау ағын суды тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Су тапшылығы бүкіл әлемде өсіп келе жатқаны алаңдаушылық тудырады. Жаһандық жылыну процесі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, ысырапшылдық сияқты факторлар алдағы уақытта мәселені еселеп арттыруы ғажап емес. Осыған орай, ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қабылданып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес, елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 миллион гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 16 %-ды немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Қазіргі таңда Түркістан облысында ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған.

Су үнемдеу технологияларын ендіріп, өнімділікті арттыруда Мақтаарал ауданында «Хамро-Ата» шаруа қожалығы өз үлесін қосуда. Қытайлық «Peng Seng» компаниясымен бірлесіп, осы елдің тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, 310 гектар егістік алқапқа мақта дақылын егуде. Жобаның жалпы инвестициялық құны 500 миллион теңгені құрайды, қаражат Абдужалил Боев басшылық жасайтын шаруа қожалығына тиесілі. Тартылған инвестициялық көлемі — 500 миллион теңге. Жобаның ерекшелігі — дәстүрлі әдіспен салыстырғанда ағын суды 50% үнемдей отырып, өнімділікті 60-70 центнерге арттырады.

Қазіргі таңда жалпы Мақтаарал ауданы бойынша ағымдағы жылы 2000 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып отыр. Оның ішінде 500 гектар мақта, 346 гектар қырыққабат, 793 гектар бақша және жаңбырлатып суғару технологиясымен 30 гектар жоңышқа егіледі. Бүгінгі таңға орындалғаны 1281 гектарды құрап отыр.

Қазақстандық талшық сапасының төмендігінен әлемдік нарықта сұраныс болмай тұрғаны мәлім. Жоғарыда аталған технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Су үнемдеу технологияларының тиімділігі — өсімдіктерге қажетті суды тікелей беріп, суды, суда еритін тыңайтқыштарды айтарлықтай үнемдеуді қамтамасыз етеді, персоналдың жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады.

Тамшылатып суару жүйесінің тағы бір артықшылығы — тегіс жерлер үшін де, биіктік айырымдары бар аумақтар үшін де жарамды, жерді тегістеу бойынша артық жұмыстарды атқарудың қажеті жоқ.

Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындар ашылу үстінде. «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 миллиард теңге құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды.

Алдағы уақытта «BNK Group LTD» ЖШС-і құны 2 миллиард теңге, 50 мың гектарға тамшылатып суғару, ал «Тұран су» ШЖҚ МКК-ны құны 480 миллион теңгені құрайтын жылына 9 мың гектар тамшылатып суғару жүйесін шығару кәсіпорны алғашқы жартыжылдықта іске қосылады.

Естеріңізде болса, түнеугүні облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдерінің басын қосып, осы саладағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында мәжіліс өткізген болатын. Су үнемдеу технологиясын енгізуді кешеуілдетіп жатқан аудан, қала басшыларына ескерту жасап, ширақтық танытуды жүктеді.

«Мемлекет басшысы агросаланы су үнемдеу технологиясын енгізе отырып дамытуды тапсырды. Өңірімізде су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт іске қосылды. Оның өнімін тұтыну бойынша облысымыз көш бастауы керек еді. Бірақ әлі де жүйелі жұмыс көрмей тұрмын. Жауапты басқарма аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, шаруаларға су үнемдеу технологиясын енгізу жолдарын түсіндірсін. Оларға көмектесіңіздер. Сонда ғана қозғалыс болады. Аудан, қала әкімдеріне су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Индикаторға енгізіліп, рейтинг жасалады. Жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған басшылардың жауапкершілігі қаралады. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару алқаптарын еселеп арттыру – уақыт талабы», – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов су үнемдеу технологияларын енгізу және осы бағытта өндірістік кәсіпорындар ашу мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Биыл облыста 22442 гектар жерге су үнемдеу технологияларын ендіру көзделген. Бүгінде 4 мың гектарға жуығына ендірілген. Қалғанында жұмыс жүріп жатыр.

Мәжілісте «Тұран су» мекемесі жанынан су үнемдеу технологияларын шығаратын өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар да сарапталды. Екі ай көлемінде Саурандағы өнеркәсіптік аймағында тамшылатып суғару құбырын, шланг және өзге де құрылғылар шығару бойынша бірнеше жоба жүзеге асып, кәсіпорындар іске қосылады. Инвесторлармен келісім жасалған. Жиын соңында аудан, қала әкімдеріне жұмысты жандандыру, жауапты басқармаға тамшылатып суғару технологиясын ендіруші шаруа қожалықтары мен мердігерлерге тиісті қолдау көрсету тетігін жетілдіру жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге су үнемдеу технологиясына бет бұрған кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарын сүйемелдеу, қолдау көрсету жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Сонымен қатар Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те шаруаларды суды үнемдеп пайдалануға шақырудан жалыққан емес. Себебі елімізде су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру маңызды.

«Қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану «ресурстарды басқарудан» «сұранысты басқаруға» көшуге мүмкіндік береді. Оның негізгі қағидаты – су қабылдау көлемін ұлғайтпай экономика салаларының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін пайдалану. Трансшекаралық өзендер арқылы су ағынының азаю қаупін, сондай-ақ суару каналдарында үлкен шығындардың болуын ескеріп, фермерлердің су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірлескен және кешенді жұмыстар жүргізу қажет», — дейді министр.

Министрдің айтуынша, бүгінде 1,9 миллион гектар суармалы жерлердің тек 16 пайызында (312,2 мың гектар) су үнемдеу технологиясын қолданылады. Қазіргі жағдайда бұл өте тиімсіз.

«Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидиялау үлесін 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайту бойынша жұмыстар басталды. Мұнда су үнемдеу технологиясын қолдану 2030 жылға қарай суармалы жерлердің алаңын 1,3 миллион гектарға дейін жеткізуге ықпал етеді», — дейді Нұржан Нұржігітов.

Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімі өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ тұрақты суаруда климаттың өзгеруіне байланысты суды тұтынудың үлестік нормаларының ұлғаюының теріс үрдісі байқалады. Бұл дақылдардың су тұтыну нормативтерінің ұлғаюына әсер етеді.

Тұжырымдама жобасында қолда бар су ресурстарының көлемін экологиялық және экономикалық оңтайлы деңгейде ұстап тұру үшін су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік технологиялардың тізбесін, су пайдалану лимиттерін белгілеудің жаңа тетіктерін, айналымды және қайта сумен жабдықтауға көшу жоспарларын әзірлеу және қабылдау бойынша шаралар көзделеді», — дейді ведомство басшысы.

Бұл ретте ауыз толтырып айтарлығы, Батырбек Асқарбекұлының сөзіне қарағанда, Отырар ауданында су шаруашылығы нысандарының техникалық жай-күйін жақсарту арқылы су тұтынушыларға тұрақты ағын су жеткізу мақсатында 2024 жылға бірқатар каналдар бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланып, жүзеге асырылып жатыр екен. Атын атап, түсін түстеп айтсақ.

  • Д.Алтынбеков каналын механикалық тазалау – 9,0 шақырым, орындалып қойды;
  • Ақкөл каналына бас тоспа орнату – 1 дана;
  • Көкмардан каналын механикалық тазалау – 13,8 шақырым, орындалып қойды;
  • Қызылту насос станциясын ағымдағы жөндеу – 50 текшеметр тонна/бетон, жұмыс жүріп жатыр;
  • Су сорғы құрылғыларын жөндеу – 15 комплект, қажетті қосалқы бөлшектер алынып, өз күшімізбен жөнделеді;
  • Сулы каналын механикалық тазалау – 4 шақырым;
  • Беларық каналын механикалық тазалау – 3 шақырым, орындалып қойды;
  • Сумағар каналын механикалық тазалау – 6 шақырым, орындалып қойды;
  • Қонай каналын механикалық тазалау – 2 шақырым.

Осы ретте Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы іске асырылып жатқан жобалар хақында да мәлімет бере кетсек. Алғашқысы — «Шәуілдір үстеме каналының» 2-кезең жобасы. 2024 жылғы 10 қаңтардан бастап Еуропалық қайта құру және даму банкі ЕСЕРР порталында мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жарияланды. Мердігер мекемені анықтау рәсімделген уақытқа сәйкес анықталады. Қазіргі таңда құжаттарының техникалық ерекшеліктерге сәйкестігін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілу үстінде. Екіншісі,  Шәуілдір суармалы алқабының мелиоративті жағдайын жақсарту бойынша атқарылып жатқан шаруалар. Тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК бұйрығына сәйкес, орындалған және қалдық жұмыстарға кешенді тексеру жүргізіліп, нысанның құрылысы аяқталмаған ретінде қабылдауға тексеру актісі әзірленді. «Қазсушар» РМК тарапынан құрылыс жұмыстарын қайта бастау 2024 жылдың 3-тоқсанына жоспарланып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin