Түркістан облысы: Отырар ауданында биыл 33470 гектар егіс алқабына егін егу жоспарланған

Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжановтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынның күн тәртібінде көктемгі дала жұмыстарының барысы, ҚР еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бағдарламасының орындалуы, әскери тіркелу мен әскери қызметке шақыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуы туралы және елді мекендердің санитарлық тазалық жұмыстары мен «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептің құрылысы туралы мәселелер қаралды.

Жиында алдымен аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Сыздық баяндама жасап, көктемгі дала жұмыстарының барысын хабарлады. Бөлім басшысының айтуынша, ағымдағы жылы 33470 гектар егіс алқабына егін егу жоспарланған. Қазіргі таңда аталған жоспардың 32905 гектары, яғни 98 пайызы орындалып, дәндік жүгері 90 пайызға себілген. Егіс егудің оңтайлы мерзіміне сәйкес жоспарлы жұмыстар маусым айының 20-на дейін толық орындалады деп күтілуде.

Жансұлтан Әділжанұлы егістікті суару және дақылдарды мерзімінде егуді ұйымдастыруға ауыл әкімдерімен бірге бөлім басшысының да жауапты екенін ескертті.

Жалпы, аудан көлемінде ҚР еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына қатысушылардың жоспары 4520 адамды құраған. Оның ішінде уақытша жұмыс орындарына — 2189, «10 мың тұрғынға 100 орын» бағыты бойынша — 750, субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылар — 1214, ұлттық жобалардағы жұмыс орындарына — 123, жеке инвестиция негізіндегі жұмыс орындары мен грант және шағын несие беру жұмыстарына — 42 және 217 азаматты қамту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің Отырар аудандық Мансап орталығы филиалының директоры Е.Әбиев баяндады.

Сондай-ақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Нәлібай аудандағы көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына тоқталып, биыл көктем мезгілінде 27500 көшет егу жоспарланса, жоспар толығымен орындалып 29 мыңнан аса көшет отырғызылғанын жеткізді. Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов көгалдандыру мәселесі тек қана ағаштарды егуден тұрмайтынын, егілген әрбір ағаштың көктеп, көгеруіне мән беріп, қоршау, суландыру мәселесіне назар аударуды, сонымен қатар елді мекендердің санитарлық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.

Күн тәртібіндегі өзге де мәселелер бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ш.Бейсенбиев пен Шәуілдір ауыл округінің әкімі Ғ.Қыдыр баяндап, әскери тіркелу мен әскери қызметке шақыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуы мен Шәуілдір ауылында салынып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы мектеп құрылысының барысы туралы айтты.

Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған 600 орындық мектеп ғимаратының құрылысы мердігер «Integra Construction KZ» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Өндірістік кестеге сәйкес, бүгінгі таңда жұмыстар қарқын алып, үшінші қабатта құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған.

Өңір басшысының тікелей бақылауындағы жобаның маңыздылығына айрықша тоқталған Жансұлтан Әділжанұлы мектептің құрылыс жұмыстарын тиісті мерзімде аяқтауды, өндірістік кестеге сәйкес жұмыстардың сапалы жүргізілу керектігін атап өтіп, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin