Түркістан облысы: Отырар ауданында ведомствоаралық комиссия отырысында мал бағымын ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары туралы мәселелер қаралды

Бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия отырысында бөтеннің мүлкін ұрлаудың, соның ішінде мал ұрлығының алдын алу шаралары туралы, мал бағымын ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары туралы және отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың себептері мен алғышарттарының алдын алу, сондай-ақ, есірткілік масаң күйде қылмыс жасау, нашақорлық және есірткі бизнесі туралы мәселелер қаралды .

Аталған мәселелер бойынша аудандық полияция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ермек Усербаев баяндама жасап, жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Бөлім басшысының айтуынша, сегіз айдың қорытындысына сәйкес Отырар ауданында тіркелген қылмыстар өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 18,6 пайызға төмендеген. Ал, бүгінге дейін 8 мал ұрлығы орын алып, оның 5-еуі ашылса, қалған 3 қылмыс бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. «Орын алған барлық мал ұрлығы жайылымда іске асып, яғни жәбірленушілердің өз малдарына қараусыз, бақташысыз қалдыру салдарынан болып отыр» — дейді Ермек Усербаев.

Мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мақсатында аудан көлемінен шығатын жолдарға әр аптаның сенбі күндері аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінен бекеттер қойылып, бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған жұмыстардың нәтижесінде 329 автокөлік тоқтатылып, оның ішінде заңсыз (ветеринариялық ілеспе құжаттарынсыз), ветеринариялық анықтамасыз мал тасымалдаған 32 автокөлік анықталып, аудандық аумақтық инспекция бөліміне жолданған. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу бойынша 158 дерек анықталып, мал иелеріне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған.

Кездесуде аудан басшысы ауыл округтерінің әкімдеріне қараусыз қалған мал иелеріне ескертіп, бақташы қойып, мал жайылымын тиімді ұйымдастыру қажет екенін тапсырды. Аталған мәселенің өзекті екенін ескертіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті.

Жайылым дегеннен шығады, Отырар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Бабашовтың айтуынша, бүгінгі таңда 79 055  гектар (оның ішінде: 4142,0 гектар — суармалы, 74708,0 гектар — жайылым, шабындық — 204 гектар) жерлердің қаулылары жойылып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылған. Әйтпесе 2022 жылға жоспар ретінде 67,5 мың гектар межеленген екен.

Сондай-ақ, агроқұрылымдардың мақсатына сай игермеген 162 703,81 гектар (оның ішінде: суармалы — 8191,7 гектар, жайылым — 154 512,11 гектар) жерлері анықталып, тізімі 2022 жылы Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне шара көру үшін жолданыпты. Бұдан бөлек биыл ірі агроқұрылымдармен екі жақты меморандум жасау арқылы елді мекенге жақын орналасқан 94 200 гектар жайылымдық жерлерді ортақ жайылым ретінде пайдалану үшін келісім жасалыпты. Ал 2022 жылға жоспар 90,7 мың гектар болған екен.

Жер қатынастары бөлімі басшысының сөзінен түйгеніміз, қазіргі уақытта ауыл округтері бойынша 50,6 мың гектар ортақ мал жайылым жерлері бар.

2022 жылы мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 30,0 мың гектар жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылым жеріне беру жоспарланыпты.

Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі үшін жапуапкершілік заң жүзінде күшейтілген. Яғни, жаңа түзетулер жәбірленушілерлің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Құқықбұзушылықтың осы бағыты бойынша ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 78 тұлғаның арыз-шағымы тіркеліп, аудандық сотқа жолданған. Мұнан бөлек нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы шаралар ұйымдастырылып, білім бөлімі мен емхана қызметкерлерімен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағында өткен «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында ҚР ҚК-нің 296 және 300-ші баптары бойынша 4 қылмыстық дерек тіркеліп, қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Жиын барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қалдира Киізбай мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркебұлан Жаймурзаев хабарлама жасап, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласы мен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Баяндамашылардан кейін сөз алған аудан басшысы мал ұрлығының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандыруды, ауылдық жерлерде қараусыз қалған мал иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бақташы ұйымдастыруды жауапты бөлім басшылары мен ауыл округі әкімдеріне жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin