Түркістан облысы: Отырар ауданында дезинсекциялық жұмыстар жалғасын тауып жатыр

Отырар ауданы аумағындағы масалар мен шіркейлердің жаппай көбеюін болдырмау мақсатында дезинсекциялық жұмыстар жалғасып жатыр. Дизинфекциялау жұмыстарына «SATTI TULIK» ЖШС-ның 12 арнайы маманы мен 5 техникалық көлігі, сонымен қатар 18 арнайы маман, 7 техникалық көлік, 2 су қайығы жұмылдырылған.

Аудан тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалуы үшін адам көп жиналатын орындарға – саябақтарға, жағалауларға, гүлзарларға және т. б. ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде су қорғау аймақтарын, яғни жағалаудағы ағаштардың бұталары мен елдімекен, демалыс аумақтарда химиялық инсектицидтер өңдеу әдісін қолдану арқылы тиісті дәрілеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұдан бөлек, Сырдария өзенін жағалай орналасқан Балтакөл, Маяқұм, Көксарай, Аққұм ауыл округтеріне қарасты елдімекендер мен Шәуілдір ауыл округіндегі Арыс өзенінің жағалауларында залалсыздандыру жұмыстары атқарылды.

Бұл дезинсекциялық іс-шаралар жәндіктердің санын азайтуға бағытталған. Мамандардың айтуынша, аталған шаралар олардың санын 90 пайызға дейін жоюға және азайтуға мүмкіндік береді. Бұл орайда, дезинсекциялық іс-шараларды жүргізу кезінде сақтық шараларын ұстану аса маңызды.

Расында да, соңғы күндері Түркістан облысында бірнеше аудан шіркейдің шырмауында қалып, тұрғындарды әбігерге түсірді. Дегенмен Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков өңірде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтып отыр.

Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, Түркістан облысындағы төрт аудан мен екі қалада шіркеймен күреске бюджеттен 643 миллион теңге бөлінді. Оның 40 миллион теңгесі зерттеу жұмыстарына жұмсалмақ. Ал, қалған бөлігі аумақты залалсыздандыруға қажетті дәрі-дәрмек алуға, жұмысшылардың еңбек ақысына беруге бағытталған.

– Өңірде көктем-жаз мезгілінде шыбын-шіркей және сол сияқты қос қанатты қансорғыш жәндіктердің көбеюі байқалады. Бұл жағдай елдімекен тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріне зиянын тигізіп, алаңдатып отырғанын білеміз. Осы ретте, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сырдария өзені бойында орналасқан елдімекен аумақтарында және Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар, Сауран аудандарында дезинсекциялық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Дезинсекциялық барьерлік өңдеу алаңы 6492 га құрайды. Сондай-ақ, судың көлеміне байланысты Сырдария өзені биологиялық әдіспен де өңделуде. Бұл жұмыстарды сапалы орындау мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, жұмысшы топ құрылды, – дейді Б. Полатбеков.

Зиянкестермен күресуге бірден-бір жауапты мекеме – «Satti Tulik» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Ерменұлының сөзінше, шыбын-шіркей, масаға қатысты зерттеу жұмыстары күнделікті жүргізіліп отыр.

– Өңір бойынша 7 нүкте анықталды. Бұл жерде биологиялық препараттар талапқа сай 2 рет қолданылды. Онда біз екі реттен биологиялық жұмыстар жүргіздік. Әр шіркей 100-ден 200-ге дейін ұяшық тастайды. Бірінші реттік жұмыстардың барысында 80-85 пайыз ұяны жойдық. Ал, 10-15 пайыз шіркей ауаға ұшып шығып кетті. Былтырғы жылға қарағанда саны 4-5 есе көп. Егер біз дер кезінде жұмыс жүргізбегенде шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалар еді. Бұл жұмыстарға 70-тен астам техника, 90-нан астам жұмысшы жұмылдырылып отыр. Жалпы, шіркейлерді түгелдей жою мүмкін емес. Тек санын азайту бағытында жыл сайын жұмыс істейміз. Жұмыстар жалғасады. Бұл жағдай жіті бақылауда, – деді Қайрат Ерменұлы.

Айта кетейік, мердігер «Satti Tulik» ЖШС-і тарапынан ғылыми топ құрылып, шіркейлердің көбею ошақтарын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Топ құрамында, эпизоотология және аса қауыпты инфекциялар лабораториясының меңгерушісі М.Кулемин, Алматы қаласының Зоология институтының аға ғылыми маманы Қ.Кошкимбаев және басқа да білікті мамандар бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.