Түркістан облысы: Отырар ауданында жүгерінің жаңа сорттары өседі

Бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан тұрғындарымен кездесуі Ақтөбе ауыл округінде өтті. Аудан басшысы алдымен ауылдағы биыл пайдалануға берілген балалар ойын алаңшасының құырылыс сапасын бақылап, ауыл қарияларымен жүздесті.

Ақтөбе ауылында атқарылған істер аз емес. Мәселен, ағымдағы жылы Батырша Сейілбеков көшесіне асфальт төселіп, М.Әлімбеков көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін жергілікті төртінші бюджет қаражаты есебінен 3 көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізу күтілуде. Сонымен қатар тамыз айында 150 орындық мәдениет үйінің қазығы қағылып, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өндірістік кестеге сәйкес 2024 жылдың маусым айында құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған.

Отырар ауданында жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Сапар барысында аудан басшысы ақтөбелік жеке кәсіпкер Нұрғали Мұрат жетекшілік ететін «Оңтүстік Алтайыр» ЖШС-нің егістік алқабында болды. Бүгінгі таңда 320 гектар егістігінің 220 гектарындағы тың (ауыспалы егіс) алқапқа түрен салып, жүгерінің жаңа «Lexus FAO-700», «Sygenta Gladuis» сорттарын еккен. Жаңа сорттың өнімділігі де өзге жүгері сортына қарағанда мол болып, әр гектарына өнімділік 150 центнерге жетіп отыр. Жүйек аралығына 70 сантиметр қашықтықты сақтай отырып, ғылымға негізделіп егілген жүгерінің жаңа сортынан 2500 тонна өнім алуды жоспарлап отырған шаруа Нұрғали Бекбосынұлы жиналған өнімді жауын-шашынға қалдырмау үшін мобильді кептіру кешенін алып жатқанын тілге тиек етті. Кәсіпкер болашақта жүгері кептіру және құрама жем шығаруды қолға алмақ.

Түркияның 5 қаласында болып, шаруалармен тәжірибе алмасқан кәсіпкер су тапшылығының алдын алу, жаңа технологиялармен жүгері егудің әдістерін үйренгенін, келер жылы жүзеге асыратынын жеткізді. Сондай-ақ отырарлық диқандарға да пайдасы тисін деген ниетпен түрік ғалымдарын тәжірибесімен бөлісу үшін Отырар ауданына шақырып отырғанын да жасырмады.

Мұнан бөлек кәсіпкердің қолға алған бастамаларының бірі – құрама жем шығару кешені. Мал бордақылауға таптырмайтын жемнің құнары да ерекше болмақ. Себебі, жемнің құрамында қараот, жусан, жүгері, бидай болады. Шикізат көздерінен тапшылық болмайтынын және өндірілген өнімді елімізге және Орта Азия елдеріне экспортқа шығару мүмкіндігі жоғары екенін жеткізді. Осылайша, жаңа өніммен Отырарда шығарылған жаңа бренд қалыптасып, үлкен нарыққа жол тартпақ.

Аралау барысында диқанның ширақ жұмысына оң бағасын берген аудан әкімі алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Мұнан соң Шілік, Қарақоңыр ауыл округтерінде болып, ауыл азаматтарымен кездесті. Кездесулерде қос ауыл округінде атқарылған жұмыстардың барысына тоқталып, алда атқарылатын жоспарларымен бөлісті.

Ағымдағы жылы Ескі Шілік, Шәмші ауылдарында балалар арналған ойын алаңдары салынған болатын. Мұнан бөлек ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес аяқжол салу, ішкі көшелерге асфальт, тас төсеу жоспарлануда. Шәмші ауылына кірер жолдың бойына абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, демеушілер есебінен «Қара-Қоңыр» мешітінің ғимараты қайта тұрғызылды.

Елді мекендерді аралау барысында аудан әкімі орындалған және жоспарланған жұмыстарды пысықтап, тиісті сала басшыларына тұрғындардың сұранысы және экономикалық жағынан тиімділігі жоғары жобалар бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin