Түркістан облысы: Отырар ауданында кәсіпкерлердің демеушілігімен жаңа спорт алаңы мен күрес залы ашылды

Ауданда бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы спорттық шаралар назардан тыс қалған емес. Бүгінде аудан көлемінде спорттық сауықтыру кешендерінен бөлек аудан азаматтарының қолдауымен ашық спорт алаңшалары ашылып, жастардың дене шынықтырумен айналысып, спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда.

Осы мақсатта бүгін Шәуілдір ауылындағы Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде ауыл азаматтарының демеушілігімен жаңа спорт алаңы ашылып, пайдалануға берілді. Спорт алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов арнайы қатысып, ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген жандарға шынайы алғыстарын жеткізді.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Ауылына қарап азаматын таны» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Киелі Отырар ауданының өсіп-өркендеуі, гүлденуі осы ауылдан шыққан ел ағаларының туған жеріне деген ыстық ілтипаты мен адал еңбегінің арқасында деп білемін. Бүгінгі спорттық нысан ауыл жастарының дені сау болып өсуіне, спортпен шұғылдануына, осы ауылдан талай чемпиондардың шығуына себепкер болады деген сенімдемін», — деді.

Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы туған елдің дамуына қызмет ету әрбір азаматтың парызы екенін айтса, Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслімова мен жақында ғана ел чемпионы атанған «Ордабасы» клубының команда капитаны Бауыржан Исламхан халық денсаулығын жақсартуда спортпен шұғылданудың маңыздылығын атап өтті. Ардагер, Социалистік Еңбек Ері Оңалбек Бегалиев демеушілік жасаған ел жастарына ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ, бокстан жастар арасында Әлем және Азия чемпионы Абылайхан Жүсіп ауыл жастарының арасынан ел чемпиондары шығатынына сенім білдірсе, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Төлепов пен батагөй абыз ақсақал Бекбатыр Айменов ізгі тілегін айтып, ақ батасын берді.

Жиында ауданның жас ақыны, республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпазы Дәурен Ақсақалов елдің қуанышы мен алғысын өлеңіне арқау етіп, ел азаматтарына деген арнауын әсерлі жеткізді.

Мұнан соң жаңа нысанның лентасы қиылып, шараға келген қонақтар жаңа спорт алаңын аралап көрді. Алаңда Қазақстан ұлттық құрама командасының ойыншылары Бауыржан Исламхан, Абылайхан Жұмабек және Мұхаммеджан Сейсендер ала доп ойынынан «Мастер класс» өткізіп, футбол жанкүйерлеріне ойынның негізгі әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Одан әрі 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында жолдастық кездесу өтіп, сайыс соңында жеңімпаздар марапатталды.

Сонымен қатар Қоғам ауылында да заманауи күрес залы ашылып, ел игілігіне берілді. Аталған нысан спорт жанашыры, белгілі бапкер Оңалбек Әуелбеков пен ауыл азаматтарының қолдауының арқасында толық аяқталып, қоғамдық балуандарға есігін айқара ашып отыр.

Жаңа күрес залының ашылуына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ержан Оралбай арнайы қатысып, жаңа нысанды тұрғызуға атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.

Ол өз сөзінде: «Міне, біз бүгін балуандардың ұстаханасына айналған ауылда жаңа Күрес залының ашылуына куә болып отырмыз. Осы орайда бүгінгі ел азаматтарының өнегелі ісі кейінгі жастарға үлгі ете отырып, жастарды патриоттыққа, елге адал қызмет етуге тәрбиелеудің маңызы зор деп санаймын. Осы сәтті пайдалана отырып мемлекет саясатын іске асыруда өзінің азаматтық борышына адалдық танытып, туған елінің, туған жерінің дамуына атсалысып келе жатқан азаматтарға алғысымды айтамын», — деп, спорттық нысан ауыл жастарының дені сау болып өсуіне, спортпен шұғылдануына, осы ауылдан талай чемпиондардың шығуына себепкер болатынына сенім білдірді.

Отырар ауданында қазақ күресінің қарыштап дамуына, осы ауданның балуандары облыстық деңгейдегі сайыстарда оза шабуына, республикалық турнирлерде жеңіс тұғырына көтерілуіне бірден-бір еңбек сіңірген бапкер – Оңалбек Әуелбеков. Білікті бапкер 1977 жылы Қоғам ауылында қазақ күресінің үйірмесін ашып, елдің намысы таразыға тартылған сайыстарда абыройды аласартпайтын балуандарды баулыды.

Шара барысында Ержан Асанұлы туған жердің, туған елдің спортын дамытуға атсалысқан ардагер бапкерге ризашылығын білдіріп, иығына зерлі шапан жапты.

Мұнан соң жаңа күрес залының лентасы қиылып, көпшілік заманауи спорттық нысанды аралап көрді.

Салтанатты шара одан әрі Қазақстанның халық ағарту ісінің озық қызметкері, Отырар ауданының құрметті азаматы, спорт ардагері Оңалбек Өтебайұлының жүлдесіне арналған Қазақ күресінен 2009-2010 жылдары туылған кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирімен жалғасын тапты. Спорттық бәсекеге еліміздің Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы және Түркістан облысының 11 ауданынан келген, жалпы саны 220 балуан қатысып бақтарын сынады.

Ал Қарақоңыр ауылында заманауи мешіт пайдалануға берілді. Құлшылық ордасының ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жаңа мешітті тұрғызуға атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.

Бас мүфти өз сөзінде: Аллаға шүкір, елімізде мешіттеріміздің қатары көбейіп келеді. Мешіт – мейірімділік мекені, руханияттың ортасы. Қоғамды ізгілікке шақырып, ибалы болуға үйрететін мектеп. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім жер бетінде мешіт бастаса, Алла Тағала ол пендесіне жәннаттан сарай тұрғызады» — деген. Осы мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, ұйытқы болған арда азаматтарға Алла разы болсын! Кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық тілеймін» — дей келе, мешітке қасиетті Құран кітабын тарту етті.

Қарақоңыр ауыл округінде жалпы 3129 халық тұрады. Аймақтағы діни ахуал тұрақты сипатқа ие. Ауыл округіне қарасты Ш.Қалдаяқов елді мекеніндегі «Қарақоңыр» мешіті ауыл тұрғындарының өтінішіне орай ауылдың тумасы, елімізге белгілі кәсіпкер, меценат Әбдімәжит Сыздықбековтың бастамасымен қайта тұрғызылған болатын.

Жаңа мешіттің ашылуында сөз алған кәсіпкер Әбдімәжит Сыздықбеков көпшіліктің қолдауымен бой көтергенін айта келе, заманауи мешіт жастарды имандылыққа, халықты ауызбіршілікке тәрбиелейтін қасиетті орын болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ғимаратты тұрғызуға атсалысқан азаматтарға құрмет көрсетіп, иықтарына зерлі шапан жапты.

Жиынға келген ауданның зиялы қауым өкілдері мен ауыл ақсақалдары ізгі тілектерін айтып, ақ баталарын берді. Жиыннан соң ауыл тұрғындары мен қонақтарға арналған ақ дастархан жайылып, өмірден өткендердің рухына арналып Құран оқылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin