Әдетте көктемгі егіс науқаны кезінде ағын суды ретсіз пайдалану, электр қуатының берешегі, каналдарды тазалау, ағын су тапшылығы секілді мәселелер пайда болып жатады. Ал, көктемгі дала жұмыстары қыза түскен шақта туындайтын мұндай мәселелердің дер кезінде алдын алмаса, егістік алқаптарындағы қиындықтар күрделене беретіні ақиқат.
Осы мақсатта Қоғам ауылдық мәдениет үйінде аудан басшылығы мен аудан прокуроры Б.Булеулиевтың қатысуымен мекемеаралық мәжіліс өтті.
Жиынға “ҚАЗСУШАР” ШЖҚ РМК Түркістан филиалының Отырар өндірістік бөлімшесінің, “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС-нің Отырар аудандық АЭЖ-нің, “Атамекен” ҰКП-ның Отырар ауданы бойынша филиалы өкілдері мен шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты.
Жиында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық баяндама жасап, жер жырту, жеңілдетілген жанар-жағар маймен қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді қолдау шаралары туралы айтып өтсе, “ҚАЗСУШАР” ШЖҚ РМК Түркістан филиалының Отырар өндірістік бөлімшесінің өкілі каналдарды тазалау және ағын жеткізу үшін су сорғыш насостардың жай-күйі жөнінде кеңірек тоқталып өтті.
Айта кету керек, бүгінгі таңда аудан көлемінде егілетін егіс алқабына жыртылуға тиісті жер көлемі 26 606 гектар болса, оның 17 713 гектарына соқа түскен, яғни жұмыс көлемінің 66,6 пайызы орындалған. 2024 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дизель отынын қалыптастыру мақсатында «gosagro.kz» ақпараттық жүйесі арқылы 2023 жылдың 1-20 желтоқсан аралығында өтінім қабылдау жүргізілген. Аудан көлемінде 2024 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін АШТӨ-нің тарапынан 301 өтінім тапсырылып, 28 331,9 гектар жерді игеруге 665,63 тонна жанар-жағармайды алуға өтінім қабылданған. Жеткізуші оператор болып «Ұлы Орда-01» ЖШС тағайындалған. Сатылу бағасы литріне 249 теңгені құрап отыр.
Сондай-ақ, Отырар ауданының су пайдаланушыларының ағымдағы жылға Отырар өндірістік бөлімшесі қызмет ету аумағындағы каналдар бойынша жоспарлап отырған жалпы егістік жер көлемі 26565,5 гектар болып отыр. Осы шаруашылықтарға су жеткізіп, реттеп беру үшін Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы мекемесінен Арыс өзені бойынша – 193300,0 мың текше метр су көлеміне, Сырдария өзені бойынша 70000,0 мың текше метр су көлеміне су пайдалану шектеуіне сұраныс берілген.
Атап өтер жайт, Түркістан өңірінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы салаларын арнайы техникамен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арналған Жолдауында су тапшылығы мәселесіне ерекше тоқталды. Осы орайда, облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен «Тұран су» мекемесіне қолдау көрсетілуде. Су нысандарын қалпына келтіру, шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету, су басу жағдайларының алдын алу мақсатында аталған мекеме техникалық жарақтандырылды. Нәтижесінде жұмыстарды мерзімінде атқаруға қол жеткіздік. Тәжірибе көрсеткендей, бұл мемлекеттік кәсіпорын жұмысының экономикалық тиімділігі басқа жеке ұйымдарға қарағанда 1,5 — 2 есе жоғары болып отыр. Үнемделген қаржы есебінен былтыр 17 арнайы техника сатып алынып, коммуналдық меншіктегі 680 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Міне, бүгін «Тұран су» мекемесіне – 15, аудан, қалаларға 14 арнайы техника тапсырылып жатыр. Бұл ретте қолайлы келісім жасаған «Eurasian Machinery» компаниясы басқарма басшылығына алғысымды айтамын. Енді аудан, қалалардағы су саласына жауапты мекемелер осы техникаларды тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосады деп сенемін, – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.
«Тұран су» мекемесіне 1,3 млрд. теңгеге 15 дана «HITACHI» экскаваторы тапсырылса, аудан, қала әкімдіктеріне құны 756,4 млн. теңге құрайтын 14 дана арнайы техника табысталды. Атап айтқанда, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Сауран, Сайрам, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Арыс қаласына техникалар берілді.
Өңірде 2024 — 2025 жылдары 938 шақырым каналға механикалық тазалау жұмыстары атқарылады деп жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласында судың 40 пайызы босқа ысырап болып жатқандығын атып өтіп, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейтуді тапсырды. Осы ретте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне су үнемдеу технологияларына инвестициялық субсидия көлемін 50%-дан 80%-ға ұлғайту жөнінде ұсыныс берілген. Жалпы су үнемдеу технологияларын 2028 жылға қарай 100 мың гектар алқапқа енгізу межеленген. Өңірде суармалы алқаптарды ағын сумен қамту, каналдар мен қашыртқыларды тазалау жұмыстары жалғасады.
Бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы тарапынан Д.Алтынбеков каналының 9 шақырым бөлігіне, «Көкмардан» каналының — 13,7 шақырым бөлігіне, «Кенжеалиев» каналының 1 шақырым бөлігіне механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар Көксарай ауыл округінен «Көларық» каналының — 6 шақырым, «Сулы» каналының — 3 шақырым, Балтакөл ауыл округінен «Сумағар» каналының — 6 шақырым, «Бақтыбай» каналының — 2 шақырым, «Қонай» каналының — 3 шақырым, «Жайықбек» каналының — 2 шақырым, «Қонай» канылының 4 шақырым бөлігін механикалық тазалаудан өткізу жоспарланып отыр. «Қызылту» насос станциясына «Қазсушар» РМК тарапынын — 2 дана, «Көксарай» су реттегіші мекемесі тарапынан 2 дана су жаңа «СНП-500» су тартқыш моторы алынып, 4 моторды күрделі жөндеуден өткізу жоспаланып отыр.
Жалпы, егістікке қажетті ағын су мәселесін шешу мақсатында Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысына республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге бөлу көзделген. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеген-ді. «Түркістан облысының Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы» жобасын іске асыруға 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге көзделген», – дейді министрлік жауаптылары.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге Түркістан облысының әкімдігі мен «МК Технострой сервис» ЖШС арасында келісімшарт жасалған.
2024-2030 жылдарға арналған «Су ресурстарын басқару» тұжырымдамасына сәйкес, 2,4 текше шақырым су көлемін қамтамасыз ету үшін Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жетісу, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында 20 су қоймасын салу көзделген. Оның ішінде 2024 жылы Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 5 су қоймасының жобасы әзірленуі тиіс. Әзірге жоғары да аталған «Бәйдібек ата» су қоймасының ғана жобасы әзір болып, құрылысы басталған. Өзге су қоймаларына қанша қаржы жұмсалатыны олардың жобасы дайын болған кезде ғана белгілі болады. 2025 жылы Ақмола, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында 4 су қоймасын, 2026 жылы Абай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында 10 су қоймасын салу жоспарланған.
Айта кетейік, министрлік бұл қоймалардың барлығы мемлекеттік меншікте болатынын жазған. Яғни оларды жеке компаниялар жалға немесе сенімгерлік басқаруға да ала алмайды.
Ал қазіргі таңда жекеменшік басқаруда тұрған су қоймаларын жөндеу мен құрылыстарының тиісті техникалық жай-күйін, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жеке компаниялардың міндетіне жатады.
Қазақстандағы барлық су қоймасын жөндеу мен қайта жаңғыртуға шамамен 2-3 триллион теңге қажет. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтқаны – есімізде.
«Министрлік су шаруашылығы объектілері мен су қоймаларына инвентаризация жүргізді. Республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Тұжырымдаманы іске асыру үшін енді жергілікті атқарушы органдармен кешенді жоспар құру керек. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен бекітілген кешенді жоспар бар. Соған сәйкес тек су қоймалары ғана емес ирригациялық жүйе, цифрландыру жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 2-3 триллион теңге қажет», – деген-ді министр.
«Жалпы, ағымдағы жылы 1854 гектар жерге су үнемдеу технологиясын қолдана отырып егіс егу жоспарланып отыр. Осы аталған көрсеткішті орындау мақсатында ағымдағы жылдың 21 ақпанында аудан шаруаларымен «bnkgroup» су үнемдеу технологиясының қондырғыларын шығаратын компаниясының өкілдерімен кездесу өтіп, шаруаларға қондырғы орнатуға кететін шығындармен берілетін жеңілдіктер туралы кеңінен түсіндірілді. Бүгінгі таңда жоспар массивтер кесіндісінде бөлініп, 37 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші (АШТӨ) 1875 гектар жерге аталған құрылғыларды орната отырып егіс егуді жоспарлап отыр.
Бүгінгі таңда 960 гектарды құрайтын 5 ірі жобаның жұмыстары басталған. Атап айтсақ: Ақтөбе ауыл округінен «Оңтүстік Алтайыр» ЖШС 300 гектар жерге дәнді жүгері егу үшін «Valley» компаниясымен коммерциялық ұсыныс жасасып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алды, су жинайтын бассейннің құрылысы аяқталған. Қарақоңыр ауыл округінен «Греен Фарм» ЖШС Түркия еліне барып 50 гектар жерге қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып келсе, Қарғалы ауыл округіне қарасты «Таймас-2024» ЖШС қытайлық инвесторлармен бірлесе отырып, 500 гектар жерге мақта дақылын себуге дайындауда, бүгінгі таңда қажетті құрал-жабдықтары мен мақта тұқымы сатып алынған. Көксарай ауыл округінен «Азамат» өндірістің кооперативінде 100 гектар жерге мал азығын егу үшін жаңбырлатып суғару технологиясының монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Көктемгі егіс жұмыстарына «Ырыс» МҚҰ арқылы аудан көлемінде 131 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші 962,9 миллион теңгеге (2023 жылы — 121 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші 698,9 миллион теңге алған) қаржы алуға ұсыныс берілген. Оның ішінде:
49 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші 332,2 миллион теңге несие алған.
84 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші тарапынан ұсынылған 630,7 миллион теңгенің құжаттары облыста қаралуда.
Су шаруашылығы нысандарының техникалық жай-күйін жақсарту арқылы су тұтынушыларға тұрақты ағын су жеткізу мақсатында 2024 жылға жоспарланған жөндеу жұмыстары:
— Д.Алтынбеков каналын механикалық тазалау – 9,0 шақырым, орындалып қойды;
— Ақкөл каналына бас тоспа орнату – 1 дана;
— Көкмардан каналын механикалық тазалау – 13,8 шақырым, орындалып қойды;
— Қызылту насос станциясын ағымдағы жөндеу – 50 текшеметр тонна/бетон, жұмыс жүріп жатыр;
— Су сорғы құрылғыларын жөндеу – 15 комплект, қажетті қосалқы бөлшектер алынып, өз күшімізбен жөнделеді;
— Сулы каналын механикалық тазалау – 4 шақырым;
— Беларық каналын механикалық тазалау – 3 шақырым, орындалып қойды;
— Сумағар каналын механикалық тазалау – 6 шақырым, орындалып қойды;
— Қонай каналын механикалық тазалау – 2 шақырым.
Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы іске асырылып жатқан жобалар жайлы да мәлімет бере кетейін:
— «Шәуілдір үстеме каналының» 2-кезең жобасы.
2024 жылғы 10 қаңтардан бастап ЕҚҚжДБ ЕСЕРР порталында мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жарияланды. Мердігер мекемені анықтау рәсімделген уақытқа сәйкес анықталады. Қазіргі таңда құжаттарының техникалық ерекшеліктерге сәйкестігін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
— Шәуілдір суармалы алқабының мелиоративті жағдайын жақсарту бойынша тоқталсам:
Тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК бұйрығына сәйкес орындалған және қалдық жұмыстарға кешенді тексеру жүргізіліп, нысанның құрылысы аяқталмаған ретінде қабылдауға тексеру актісі әзірленді. «Қазсушар» РМК тарапынан құрылыс жұмыстарын қайта бастау 2024 жылдың 3-тоқсанына жоспарлануда» — дейді Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық.
Канал демекші, Түркістан облысында суару маусымында шаруаларды сумен қамтамасыз ету үшін 600 шақырымнан астам канал тазаланды. Бұл жөнінде Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
«Қазсушар» мекемесінің Түркістан облыстық филиалы суару маусымына дайындық аясында өз қарамағындағы каналдардың 600 шақырымнан астам жерін механикалық әдіспен тазалады. Бұл жұмыс егіс алқаптарына су жеткізу сапасын жақсарту және каналдардың су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін жасалады.
Бұдан бөлек, мемлекетаралық «Ханым» каналының 18 шақырымға жуық бөлігіне механикалық тазалау жұмысы жүргізіліп, 20 мың текше метр лай тұнбасы шығарылды.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, филиал қызметкерлері «Найман» каналының 7,5 шақырым бөлігін бетонмен қаптады. Ал Түлкібас ауданында 77 шақырымнан астам канал бетондалады. Бүгінде 13 бірдей каналда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, егіс алқаптарына қосымша ағын су қажет болған жағдайда «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы арқылы Шардара су қоймасынан су алынады. Ағын суды машиналық әдіспен көтеру үшін мұнда 10 насос іске қосылуға дайын. Жалпы ұзындығы 29 шақырым болатын канал 86 700 гектар жерге су жеткізе алады.
Орайы келгенде еске салайық, Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 3,4 мың гектарға артпақ. Бұл жайында жуырда ғана Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов брифингте мәлімдеген болатын.
Әртараптандыруға сәйкес, масақты дақылдардың егіс көлемі 7,8 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 4,2 мың гектарға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 2,6 мың гектарға артса, сәйкесінше мақта дақылы 6,4 мың гектарға қысқартылып, 105 мың гектар, майлы дақылдар 6,4 мың гектарға қысқартылып, 75,5 мың гектар егіледі.
Күздік егіс 201,7 мың гектарға орналастырылған, егістің жағдайы жақсы, үстеп қоректендіру жұмыстары жүргізілуде. Жаздық дақылдар 29 мың гектарға егілді. Оның ішінде қырыққабат 6 мың гектарға, жоңышқа 12 мың гектарға, бақша 7 мың гектарға, масақты дақылдар 4 мың гектарға орналастырылды.
Жер айдау жұмыстары — 95, сор шаю жұмыстары 92 пайызға орындалды.
Биыл облыс аумағындағы ірі су қоймаларда су көлемі толық жиналып, көктемгі ылғал суларына сұранысқа сәйкес су босатылуда. Атап айтқанда, «Бөген» су қоймасында 363,3 миллион текше метр су бар немесе 98,2%. Босатылып жатқан су көлемі – 50 м3/сек. «Қосқорған» су қоймасында 36,3 миллион текше метр су бар немесе 97,4%. Босатылып жатқан су көлемі – 22 м3/сек. Сонымен қатар «Шардара» су қоймасында 4,8 миллиард текше метр су бар немесе 92%. Босатылып жатқан су көлемі – 630 м3/сек. Сондай-ақ «Достық» магистральды каналы арқылы 50 м3/сек ағын су келіп, Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы шаруаларға босатылуда.
«Қазгидромет» мекемесінің болжамына сәйкес, биыл суармалы маусымда ағын су нормадан аз келеді. Осыған орай, биыл ағын су жылдағыдан ерте босатылды. Қазіргі толассыз жауған жаңбыр суларын ұстап қалып, көктемгі ылғалдандыру жұмыстарына мейілінше тиімді пайдалану қажет. Ол үшін қазіргі босатылып жатқан суларды жаппай шаруалар алуы қажет. Әрі қарай еріген қар сулары арқылы су қойманы қайта толықтырып, суару маусымын оңтайлы өткізу керек.
Тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген.
Егіске қажетті 10,4 мың тонна масақты дақыл, 1,5 мың тонна мақсары, 5,2 мың тонна мақта шиті және 0,9 мың тонна жоңышқа тұқымдары бар. 0,9 мың тонна жүгері, 32,0 мың тонна картоп тұқымдары коммерциялық ұйымдардан алынуда.
1,9 мың тонна мақта шитін алу жөнінде трейдерлік компаниялар мен мақта зауыттары Өзбекстан мемлекетімен келісімге келді.
Тауар өндірушілерді минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін, облыстық бюджеттен 7,0 миллиард теңге қаржы қаралды.
82,3 мың тонна тыңайтқыштардың құны төленеді. Сонымен қатар биыл алғаш рет аванстық төлем жүйесі ендірілді. Яғни отандық тыңайтқыш өндірушілерден сатып алынған тыңайтыштар құнының 60% субсидияланады. Бұл отандық тыңайтқыш өндірушілерді қолдаумен қатар, облыс агроқұрылымдарына минералды тыңайтқыштарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум рәсімделді. Меморандум негізінде облысқа жалпы көлемі 72,0 мың тонна аммиак селитрасын жеткізу келісілуде. Бүгінгі күнге қоймада 25,0 мың тонна минералды тыңайтқыш сақтаулы («ҚазАзот» АҚ Сарыағаш ауданы базасында).
Жеңілдетілген жанар-жағар маймен қамтамасыз ету туралы да айта өтейік.
Энергетика министрлігі тарапынан бекітілген кестеге сәйкес, ақпанға – 9,0 мың тонна, наурызға – 5,3 мың тонна, сәуірге – 1,6 мың тонна, мамырға 6 мың тонна бөлінді. Агроқұрылымдарға литріне 247-249 теңгеден немесе нарықтық бағадан 15 % төмен босатылуда (Бүгінгі күнге таратушы операторлар тарапынан 10,4 мың тонна жанар-жағармай құны төленген, тауар өндірушілерге 1,5 мың тонна босатылды).
Жалпы дала жұмыстарына қолда бар техникалардың 95 % дайын. Оның ішінде, 11,5 мың дана трактор, 1,3 мың дана дән сепкіш, 554 дана соқа, 1,2 мың дана қопсытқыш бар. Жыл сайын техникаларды жаңалау үлесі 5-6 % құрайды. Ағымдағы жылы 1449 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күнге 161 трактор, 6 комбайн, 13 құрал-жабдық сатып алынды.
Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, шаруалардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған аудан басшылығы ағын су тапшылығының алдын алу үшін су сорғыш насостарды жаңарту, каналдарды тазалау жұмыстарын күшейту, электр жарығы берешектерін өндіру жұмыстары мен жер жырту жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру керектігін айтып, ауыл округтері әкімдері мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, шаруаларға ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатсыз пайдалануға болмайтынын айтып, заңсыздыққа жол берген азаматтарға заң аясында тиісті шаралар қолданылатынын ескертті.
Иә, Қазақстан – аграрлы ел. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өзегі. Мұнай саласын айтпағанда. Көктем шығып, жер көгере, диқан кәсібіне кіріседі. Биылғы егіс науқанына дайындығымыз қалай? Жыл сайын жер емген дихандарды қинайтын нәрсе – тыңайтқыштар мен техниканың қымбаттауы. Мұның алдын алу үшін қандай нақты шаралар жасалып жатыр?
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл сауалға жауап беруден жалтармады. Айтуынша, науқанға тас түйін дайын. Қаражат та жеткілікті.
«Былтыр көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру аясында Аграрлық несие корпорациясы арқылы 140 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ерте қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін қаңтар айынан бастап бюджет қаражатын бөлу қамтамасыз етілді», – дейді министрлік.
Министрліктің есебінше, шаруа биыл қаржыдан қысылмайды. Өйткені, биыл оларға 140 млрд теңге бюджеттен несие қарастырылып отыр. Осы уақытқа дейін 3200 адам қарыз алып үлгеріпті. Бұл ақша шамамен 2 миллион гектар алқапта егіс пен егін жинауға жетіп артылады.
Әдетте, әр науқан сайын фермерлер жоқ дегенде 1,5 триллион теңгеге зәру болып шығады. Жыл сайынғы сұраныс осыны көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Үкіметтің 2024 жылғы 7 ақпандағы кеңейтілген отырысында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге осы көлемде ауқымды қаражат бөлу қажет екені айтылды.
Бұған қоса, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Жобада жыл сайын кемінде 1,5 триллион теңге көлемінде тұқымдар, тыңайтқыштар, пестицидтер, жанар-жағар май сатып алуға қаржы қарастырылған.
Бұл тұжырымдама жобасы жақында қолға алынбақ. Жаңа редакциясы мемлекеттік органдармен келісілген. Қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің аппаратында қарастырылу үстінде.
Әрине, жаңа науқан кезінде өткен науқандардың тәжірибесін басшылыққа алады. Былтыр 2023 жылдың шілдесінде бюджет қаражаты толық игеріліпті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысып жатқан 3796 шаруашылық қаржыдан ешбір қыспақ көрмеген.
2023 жылғы табиғи-климаттық ахуал қолайлы болды деп айта алмаймыз. Осындай төтенше жайттарды ескерген жөн. Қаншама фермерлердің жоспары орындалмады. Шығынға ұшырағандар да бар. Несие алып, өтей алмағандарға мемлекет жеңілдік жасап отыр.
Сондықтан кредитті ұзарту іс-шаралары жүргізілді. 20 миллиард теңге көлеміндегі негізгі борышты төлеу мерзімі 2024 жылдың 30 қарашасына ауыстырылды. Бұл — зардап шеккен қарыз алушылар үшін үлкен көмек. «Кең дала» бағдарламасы бойынша төлем мерзімін ұзартуға мүмкіндік беріп отыр.
Ауыл шаруашылығы техникаларының жаңарту мәселесі өте өзекті. Бұл мәселе қалай шешімін табады? Билік қандай шара қолдануды ұйғарып отыр? Енді осы мәселеге аз-кем тоқталып өтейік.
«Ауыл шаруашылығы техникасының техникалық паркі соншалықты тез жаңартылмайды. Машина паркінің тозуы – 76%. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарын жалпы жинаудан, жөндеу мен жанар-жағармайдан бөлек қосымша шығындарға әкеп соғады», – дейді министрлік.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдайтын мемлекеттік қолдау шаралары өзінің тиімділігін көрсетіп отыр деп біледі. Сол шаралардың ішінде, инвестициялық шығындарды субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бар. Бұл машина-трактор паркін жаңартуға мұрындық болып отыр.
«2017 жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі бар болғаны 1,9% болды. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 4,5% -ға дейін ұлғайды», – дейді аталған министрліктің баспасөз қызметі.
Десе де, Қазақстан секілді аграрлық елге бұл көрсеткіштің жеткіліксіз екені анық байқалады. Бұл мәселе биік мінберлерден де сан мәрте көтерілді. Айталық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 8-10% -ға дейін көтеруге тапсыруы осыны көрсетсе керек.
Фермерлер тарапынан ауыл шаруашылығы техникасына деген сұраныс аз емес. Инвестициялық шығындарды субсидиялау және кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламаларының бюджеттері 72 миллиард теңгеден 124,4 миллиард теңгеге дейін (72% -ға) және тиісінше 43,2 миллиард теңгеден 85,2 миллиард теңгеге дейін (97% -ға) ұлғайды.
«Ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыру көлемін арттыру мәселесі пысықталатын болады. Осылайша, 2023 жылы 20,0 миллиард теңге сомасына «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жем-шөп жинау техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыру бағдарламасы іске асырылды», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, «Жасыл даму» АҚ қорынан 20,0 миллиард теңге бөлінді. Аталған бағдарламалар бойынша ауыл шаруашылығы техникасы 7-10 жыл мерзімге жылдық 6% -бен лизингке сатылады.
Десе де, мұның да жағымсыз жағы бар көрінеді. Әйтеуір, ауыл шарушылығы мамандарының осыған саяды.
«Отыз жыл бойы ауыл шаруашылығымен айналысып келеміз. Техникамыздың бәрі жаңа. Комбайн, тракторларымыз, тіркемелер мен пресстерді де жаңалап алдық. Біразын лизинг бойынша, біразын өз қалтамыздан сатып алдық. Беларусь техникалары. Жақсы жұмыс істеп тұр. Бірақ қазір сатылып жатқан техника Қытайдан және басқа да елдерден әкелініп жатыр. Көңілім толмайтыны, біздің мүмкіндіктерімізді де ескерген жөн. Бізде қазір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін бірде-бір станса жоқ», – дейді бірқатар шаруа қожалықтарының төрағалары.
Қазір шаруалар қолындағы техникасын қолынан келгенше өздері жөндеп алып жүр. Шетелден келіп жатқан техниканы жөндеу оңай емес. Өте күрделі.
«Егіс алқабында бұзылып қалса, тракторшымыз екі сағаттың ішінде жөндеп алатындай техника керек. Олар бізге сервис ұсынып отыр. «Барамыз, жөндеп береміз» дегендей. Көктемнің әр күні емес, әр сағаты бағалады. «Көктемнің әр күні жылға азық». Оларды келгенін күтіп, кезекке тұру – уақыт жоғалту», – дейді шаруалар.
Ауыл шаруашылығы мамандарын баға саясаты мен үйлестіру мәселелері де қанағаттандырмай отыр. «Техника сатудың артында бір мүдделі топ тұр ма?» деген күдігін де жасырмайды.
«Өйткені, кім көрінген техника әкеп, сата алмайды. Кез келген техникаға субсидия жасалады. 30 пайызға дейін. Соның кесірінен баға қымбат. Шарықтап кеткен. Қытайдағы, Қырғызстандағы баға әлдеқайда төмен. Оларға керегі тек өткізу, жөндегенін көрген емеспін. Өзім сынақтан өткен техникаға ұмтыламын. Қытайдан келген техникалардың бөлшектері жоқ. Сондықтан техниканы орталықтандырылған мемлекеттік мекеме үйлесімді, стандартты техниканы әкелуі қажет. Әйтпесе, бір бөлшегін іздеп, Алматыға сабылып жүргенде көктем өтіп кетеді немесе күзде орақ мерзімі өтіп кетеді», – дейді диқандар. Ойланып, нақты шешім қабылдайтын мәселелер көп-ақ…
«ANYQ.KZ»-ақпарат.