Түркістан облысы: Отырар ауданында шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында шіркейге қарсы күрес шаралары белсенді және ауқымды түрде жүріп жатыр. Бұған дейін 30 мың килограмға жуық биологиялық препарат суға жіберілген. Ал қазіргі таңда соның негізгі ошағына айналып отырған Отырар ауданында химиялық дәрілеу жұмыстары басталды. Таяуда ғана бір топ БАҚ өкілдері жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысып қайтты.

Бүгінде тұрғындарды алаңдатқан мәселені шешуге ғалымдар да атсалысып отыр. Ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын жүргізген Зоология институтының аға ғылыми қызметкері Қаршыға Көшкімбаев пен «Защита-растений-К» ЖШС-нің энтомолог-мамандары Отырар ауданы мен Арыс қаласының шекаралық аумағында орналасқан «Көксарай» су реттегіші шіркейдің таралу, яғни дернәсілдерінің жетілу ошағы болып отырғанын жеткізді. Ғалымдармен шіркей дернәсілдерінің жетілуі, залалсыздандыруға қажетті дәрілерді суға жіберу мезгілі мен мөлшері жіті нақтыланып, ақпан айынан бастап жергілікті тұрғындардың қатысуымен шіркейлердің имогаларына, өзендегі дернәсілдерге үзіліссіз бақылау жасалған болатын.

БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген мердігер ұйым өкілі Тағабек Қалшораев дезинфекциялау жұмыстарын Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Шардара, Отырар, Мақтаарал, Келес аудандарында жүргізіп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар қанатты шіркейлерді толығымен төмендетуді мақсат етіп отырғанын атап өтті. Мамандар шіркейлер соңғы 8-10 жылда көбейгенін алға тартып отыр. Сырдария өзенінің бойында шіркейлердің жалпы 8 түрі анықталған.

Қазіргі таңда Сырдария өзені және Көксарай су реттегіш бойында орналасқан елді мекен аумақтарында шіркейлерге қарсы дезинсекция шараларын «Satti Tulik» ЖШС жүргізіп жатыр. Мердігер ұйым ғылыми негізде нақтыланған тұжырымдама аясында күрес шараларын биологиялық препараттарды суға жіберу әдісі, ал су қорғау аймақтарындағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарында химиялық өңдеу әдісі қолданылады.

Айта кетейік, дезинсекция жұмыстары ағымдағы жылдың ақпан айында басталған. Тұрғындар мен төрт түлікті әбігерге салған қанаттыларға қарсы жұмыстар ғылыми негізге сүйене отырып жасалады. Сырдария өзенінің флорасы мен фаунасына зиян тигізбей, тек шіркейлердің санын азайтып, жергілікті тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қолайлы жағдай жасау жұмыстары шілде айына жүйелі түрде жалғасады. Бұл бағыттағы жұмыстарды қамтамасыз ету үшін 42 техника, 96 жұмысшы күші жұмылдырылған, қосымша техника қажет болған жағдайда мердігер мекеме өз тарапынан жұмылдыруға дайын.

Қалай болғанда да, Түркістан облысы Отырар ауданын зиянкес жәндіктер басты. Өңірде биыл да шіркей қаптап, ауыл тұрғындары «үйден сыртқа шығу қиындады» деп отыр. Жұрт жағдайдың осымен оныншы жыл қайталанып жатқанына наразылық білдірді.

Сәуір айы басталғаннан Шеңгелді ауылын шіркеу басады. Тұрғындар үйден шығу үшін бет-аузын жауып, оранып амалдайды.

— Міне, көзімізді шақты. Бұл шаққан жері күзде жара болады. Мүлде жазылмайды. Медициналық емнің пайдасы жоқ, өзінің алты ай мерзімі бар. Сол уақытта жара жазылады, — дейді Шеңгелді ауылының тұрғыны Бейсенкүл Юсупова.

Тұрғындардың айтуынша, зиянкестер Көксарай су қоймасы салынғалы пайда болған. Кесірінен Түркістан облысының бір емес, бірнеше ауылының жұрты шіркейге таланып отыр.

— Былтыр ауылды «УАЗ» көлігімен аралап жүріп, дәрі шашылды. Алайда бұл теңізге түскен тамшыға тең. Залалсыздандыру кезінде небары 5-6 метрге шашады, одан ары шаша алмайды. Биыл әрекет жасалды, көрдік. Бірақ нәтижесі жоқ. Былтыр қандай шіркей болды, ал биыл одан асып түспесе кем емес, — дейді Шеңгелді ауылының тұрғыны Хамит Адасқанов.

— Бүгінде ауданда химиялық жою жұмыстарын техникалармен жүргізіп жатырмыз. Алайда сала мамандарының қортындысына сәйкес, шікркейді түпкілікті жою мүмкін емес деп анықтама берді. Бірақ азайтуға тырысып, жұмыстар атқарылуда, — дейді Отырар аудандық түрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Сәттар Нәлібай.

Сырдария өзенінің бойы мен Көксарай су реттегіш қоймасы маңындағы елді мекендерде кейінгі жылдары көбейіп, тұр­ғындарды тұмшаланып жүруге мәжбүр еткен шіркеймен күрес 20-30 жылға созыла беруі де мүмкін. Ғалымдар осылай деп болжайды.

«Шіркейді 100 пайыз жо­йып жіберу мүмкін емес. Бір аналығы неше жүздеген жұ­мыртқа салады. Сондай-ақ бір жазда 4-5 рет жұмыртқалауы мүм­кін. Биыл дәрілеу жұмысын жүр­гізбесек, келесі жылы дәл бұ­рынғы қалпына келеді. Бұл – құ­рымайтын нәрсе. Көксарай су реттегіші тұрған кезде шіркейден құтылмайсыздар», — дейді ғалым Қаршыға Көшкімбаев.

Дегенмен жауапты мекемелер құтылмайды екенбіз деп қа­рап отырған жоқ. «Көксарай» су реттегіш қоймасы маңындағы елді мекендерде шіркейлердің кө­беюіне байланысты Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Оты­рар, Шардара, Мақтаарал, Ке­лес аудандары дезинсекция жүр­гізу аймақтары ретінде бел­гіленген. Биыл шіркеймен күрес ерте, яғни наурызда басталды.

«Жалпы, биылғы дезинсекция шараларына 655,9 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Қазіргі таңға мердігер «Өсімдіктерді қор­ғау-К» ЖШС тарапынан ғылыми топ құрылып, шіркей­лер­дің көбею ошақтарын анық­тау жұмыстарын бастады. Топ құрамына Алматы қаласындағы Зоо­логия институтының аға ғы­лыми маманы Қаршыға Көш­кімбаев, басқа да білікті мамандар тартылған. Шіркейлердің санын азайту кезінде биологиялық және химиялық препараттарымен өңдеу жұмыстары жүргізіледі», — дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков.

Мамандардың мәліметіне қарағанда, өткен жылмен са­лыс­тырғанда биылғы шіркей, шегірткелердің таралу аймағы бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқан. Тиісінше, шы­ғын да өскен. Өңірде қолайлы фи­тосанитарлық ахуалды қам­тамасыз ету мақсатында, хи­миялық өңдеу жұмыстарын 25 күнде аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі бұл жұмыстарды ширатып, 10 күнде аяқтауды міндеттеп отыр. Өңірде марокко шегірткесі көп таралған. Негізгі ошақтары Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары болса, кейінгі жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Сауран, Шар­дара, Отырар аудандарында да кездеседі. Фитосанитарлық шаралардың жүргізілуіне облыстық аумақтық инспекция тарапынан 20-дан аса жұмыс тобы, 40 инспектор, өзге облыс­тардан, болжам орталығынан 100-ге жуық маман және аудан, қала әкімдіктерінен қосымша 245 анықтаушы қатысып жатыр.

«Биыл ерте басталған жұ­мыстар өз нәтижесін береді. Жүр­гізілген ғылыми зерттеу қо­ры­тындысымен шіркейдің екі түрі анықталды. Оның зияны жоқ. Дәрілеуден пайда болары сөзсіз. Тек бір айтарым, шыбын-шіркейді түбімен жойып жіберу мүмкін емес. Оның қауіпсіз дең­гейі болады. Сол деңгейге жет­кізу керек. Шілденің басына дейін жұмысты тоқтатпаймыз», — деді Қ.Көшкімбаев.

Шіркейге қарсы дезинсекция жұмыстары барысында алдымен облыс аумағындағы ұзын­дығы 352 шақырым Сыр­дария өзені 6 бөлікке белгіленіп, әрбір 60 шақырымы дәрі­ленеді.

Естеріңізде болса, түнеугүні ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі шыбын-шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстарымен танысу мақсатында Шардара ауданы, Өтеғұл шағынауданындағы алқапқа барды. Бүгінде мұнда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімі жұмысты сапалы атқаруды тапсырды. Жыл басынан бастап бұл жұмыстарға ғылыми сүйемелдеу жүргізілуде. Бұл жұмыстарға Алматыдан арнайы шақырылған ғалым Қаршыға Көшкімбаев атсалысуда. Ғалым БАҚ өкілдеріне оның нәтижесімен бөлісті. Ол бұл салада зерттеу жүргізетін еліміздегі жалғыз маман екенін айтты.

— Биыл ерте басталған жұмыстар өз нәтижесін береді. Жүргізілген ғылыми зерттеу қорытындысымен шіркейдің екі түрі анықталды. Оның зияны жоқ. Дәрілеуден пайда болары сөзсіз. Тек бір айтарым, шіркейден мүлдем құтылу мүмкін емес. Шыбын-шіркейді түбімен жойып жіберуге болмайды. Оның қауіпсіз деңгейі болады. Сол деңгейге жеткізу керек. Шілденің басына дейін жұмысты тоқтатпаймыз, — деді Қаршыға Көшкімбаев.

Шіркейге қарсы дезинсекция жұмыстары барысында облыс аумағындағы 352 шақырымды құрайтын Сырдария өзені 6 аймаққа бөлініп дәріленбек. Дезинсекция жұмыстарына әуе ұшағы, арнайы көліктер мен мамандар тартылған.

– Тұрғындар тарапынан айтылатын өтініштер мен сұрақтардың арасында шіркей мәселесі де бар. Біз осыны ескеріп, тиісті қаржысын бөліп, қолдау көрсетіп отырмыз. Мамандар жұмысты сапалы атқаруы керек. Қадағалауда ұстаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

2024 жылға Түркістан облысының аумағында жәндіктер мен буынаяқтылар санын азайту бойынша дезинсекциялық іс-шаралар өткізу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұл жұмыстарды «Satti Tulik» ЖШС жүргізуде. Бүгінде Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Шардара, Отырар, Мақтаарал, Келес аудандарында жұмыстар атқарылып жатыр.

Анықтама бере кетейік, шіркей (Sіmulііdae) – қосқанатты қансорғыш жәндіктердің тұқымдасы (қ. Қосқанаттылар). Жер шарында кең тараған, 1000-нан астам түрі белгілі. Дене тұрқы 2 – 4 мм, Шіркейдің көпшілік түрінің аналықтары – құстар мен сүтқоректілердің қансорғыштары. Аталықтары өсімдік шырынымен қоректенеді. Дернәсілдері ағын суларда субстратқа бекініп, тіршілік етеді. Қуыршықтарының бір бөлігі пілләмен оралған. Ересек шіркейлер судан тыс тіршілік етеді. Негізінен таңертең, ымыртта ұшып, осы кезде адамдарды шағады. Сілекейі улы. Шіркейлердің шаққанда жергілікті (папулалар, ісіктер, тағы басқа) және жалпы (гиперемия, дене температурасы көтеріледі, тағы басқа) реакциялар пайда болады. Бұлар адам киімінің астына, көзге, құлаққа кіріп кетеді. Кейбір түрлері адамда және сиырларда, бұғыларда – онхоцеркоз; құстарда – гемоспоридиоз; сондай-ақ туляремия және түйнеме ауруларының қоздырғыштарын таратады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin