Түркістан облысы: Отырар ауданында 2023 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 36 246 гектар егіс алқабына егіс егу жоспарланып отыр

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысқан жиынның күн тәртібінде төрт мәселе қаралып, талқыланды.

Жиында алдымен аудан әкімдігінің 2022-2023 жылдарға арналған бюджетінің орындалуы бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Данияр Бейсен баяндаса, аудандағы санитарлық тазалық жұмыстары туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов айтып өтті.

Отырар ауданындағы тарихи-мәдени орындарға саяхаттап келушілер көп. Осыған байланысты аймаққа келген туристерге қолайлы жағдай жасай отырып, ауданның ішкі мәдениеті мен тұрғындар жайында дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін көше тазалығын сақтап, жол бойындағы қоршаулар мен тұрғын жайларды әктеп-сырлау жұмыстарын жүргізу керек. Осы мәселеге байланысты бірқатар ауыл округтеріндегі кемшіліктер айтылып, тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі көктемгі дала жұмыстары мен суға шомылу маусымы кезіндегі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Аталған мәселелер туралы Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбай Жүсіпов пен Отырар ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Досжан Майлыбеков баяндады.

Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, 2023 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 36 246 гектар егіс алқабына егіс егу жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, күздік бидай, дәндік жүгері, күнбағыс, мақта, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда егілетін егіс алқабына жыртылуға тиісті жер көлемі 29 758 гектар болса, оның 23 362 гектар яғни 78,5 пайызы орындалған. Ал, сор шаюға берілген 1350 гектар жер толығымен суғарылып, 343 гектар күздік бидай, 4 668 гектар жаңа жоңышқа, 75 гектар бақша дақылдары егілген.

Жалпы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды хабарлағандай, соңғы бес жылда өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі екі есеге артып, 1 триллион теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді белсенді дамыту жоспарлануда.

«Өнімділікті арттырудың жаңа технологиялары енгізілуде, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары әзірленді. Бізде құрлық жерлерін тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына көшу, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 миллиард теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 миллиард теңгеге өнім шығарылатын болады. Бүгінгі форум ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ықпал етіп, маңызды жобаларға жол ашатынына сенімдімін», — дейді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында 875 мың гектар егіс алқабы бар, оның 98 пайызы қазіргі уақытта пайдаланылуда. Қарқынды көгалдандыру дамып келеді. Бұл салада өнімділік бес есе өсті, бір гектардан 300-350 центнерге дейін жинайды. Қазіргі уақытта облыстағы қарқынды бақтардың ауданы 4,6 мың гектарды құрайды.

Өңірде Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарында 2027 жылға дейін 500 гектар жаңа жылыжай кешендерін іске асыруға және жылыжай шаруашылығын дамытуға ықпал ететін 100 гектар агроаймақ құру жобасы әзірленіп, іске асырылуда.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстың оңтүстік өңірлерінде қосымша 2 мың гектар дәнді жүгері, 1 мың гектар дәнді бұршақ егілетін болады. Бұл дақылдарды өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету үшін Шардара ауданында құны 26 миллиард теңге жүгері өңдейтін кәсіпорын («Шардара-Агро» ЖШС) ашылады. Зауытта түрік және француз технологиялары бойынша жылына 100 мың тонна жүгері өңделетін болады.

Сондай-ақ, 2027 жылға дейін мақта кластерін дамыту үшін облыста 100% мақта талшығын терең өңдеу үшін 12 кәсіпорын ашу жоспарлануда.

Ал Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасына сәйкес, егіс көлемі 21,9 мың гектарға арттырылып, 881,8 мың гектарға жеткізіледі (2022 жылы — 859,9 мың гектар), мақта дақылы 46,3 мың гектар қысқартылып, дәнді дақылдар, оның ішінде: бұршақты дақылдар — 30,0 мың гектар (маш, лобия), дәндік жүгері 65,0 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда, көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдардың көлемі ұлғаяды. Ылғал, су үнемдеу технологиялары ендірілген алқап 52,0 мың гектар құрайды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын кеңінен өндіріске ендіру тұрақты жалғасын табады.

Егіс көлемін ұлғайтудың негізгі бөлігі Шардара ауданы «Жаушықұм алқабын игеру» жобасы арқылы 12,0 мың гектар суармалы жер қосымша қосылып, жылына 14,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі.

Бұдан бөлек өткен жылдың қорытындысына үңілсек те біраз ілгерілеу бар екеніне көз жеткізуге болады. Егіс көлемі 14,4 мың гектарға артып, 859,9 мың гектарға орналастырылды (2021 жылы – 845,5 мың гектар). Оның ішінде:

— Дәнді және бұршақтық дақылдар — 313,7 мың гектар;

— Мал азықтық дақылдар — 220,9 мың гектар;

— Картоп, көкөніс, бақша дақылдары — 119,4 мың гектар;

— Майлы дақылдар — 79,9 мың гектар.

Сондай ақ, мақта дақылы 126,3 мың гектарға орналастырылды.

72,3 мың тонна минералды тыңайтқыштар 50% жеңілдікпен тауар өндірушілерге жеткізілді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 96 мың тонна жанар-жағар май босатылды.

Агротехникалық іс шараларды тиісті деңгейде жүргізудің нәтижесінде дәнді дақылдар түсімділігі 4,9 центнер/гектарға артып, 24,8 центнер/гектардан 778,0 мың тонна өндірілді.

Көкөніс, бақша, картоп дақылдарының түсімділігі 9,5 центнер/гектарға артып, 239,4 центнер/гектардан 2,9 миллион тонна өнім өндірілді.

«Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағытында 123 ауыл округте 8,4 мың гектарды құрайтын 2 911 жоба жүзеге асырылып 294 мың тонна өнім өндірілді.

Шитті мақтаның түсімділігі 2,4 центнер/гектарға артып, 28,6 центнер/гектардан                362,0 мың тонна өнім жиналды.

Облыста қарқынды баулардың егіс алқабы 4,7 мың гектарды құрайды. Дәстүрлі баулардан гектарына 60 – 70 центнер/гектар өнім алынса, қарқынды баулар 300-350 центнер/гектар өнім беруде.            

Республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз етуде облыс алдыңғы қатарда, өндірілген мақтаның — 100%, жүзімнің — 76%, бақшаның –  64%, жеміс-жидектің — 40,0%, мақсарының — 29%, жүгерінің — 26%, көкөністің  25%-ы – облыстың үлесінде.

Мұнан бөлек жыл сайын жаз мезгілінің басталуымен Сырдария, Арыс өзендері мен Д.Алтынбеков, «Көкмардан», Кенжалиев каналдары мен өзге де егіс алқаптарын суғаруға арналған каналдар жағалауына келіп суға шомылатын тұрғындар мен жасөспірімд балалар саны артатыны белгілі. Осы азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан және канал бойында тұратын ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларын қараусыз қалдыру салдарынан суда қаза болуы жағдайлары жыл сайын қайталанады. Осыған байланысты аталған мәселенің маңыздылығын айтқан аудан әкімі алдын алу шараларын ұйымдастырып, азаматтардың судағы қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескертпе, жадынама парақшаларын тарату, су айдындары мен каналдар бойына ескертпе тақтайшалар орнату керектігін айтып, тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You