Отырар ауданында 25-ші қазан — Республика күніне арналған автошеру өткізілді. Шеру аудан орталығы Шәуілдір ауылындағы Жібек Жолы даңғылымен жүріп өтті.
1990 жылы егемендік туралы декларация қабылданып, Республика күні мерекесі еңселі егемендігімізді алу жолындағы алғашқы қадам болып тарихқа енді. Осынау айтулы күнді 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жаңғыртып, ұлттық мереке мәртебесін беруді ұсынған болатын. «Республика күні еліміздің мемлекеттілікке деген батыл қадамының нышаны болуы тиіс. Әрине, Тәуелсіздік күні басты мемлекеттік мереке болып қала береді. Бұл күні тәуелсіздікке қол жеткізуге зор үлес қосқан халық қаһармандары құрметтелуі керек», — деген-ді Мемлекет басшысы.
Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Аталған құжатқа сәйкес, 25 қазан — Республика күні ұлттық мерекеге айналды. «25 қазан ұлттық мереке — Республика күні болып бекітілді. Бұл — тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күннің ұлттық мереке ретінде белгіленуі — маңызды қадам. Мемлекеттілік пен егемендіктің тұғыры. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенеміз», — деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Сенат отырысында.
Еске салар мәселе, бұған дейін Қазақстанда Республика күні 25 қазанда – 1990 жылы Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күні 1992 жылдан бастап тойланатын, сондай-ақ демалыс күні болып бекітілетін. Сол кезден бастап Қазақстан егеменді елге айналуының алғышартын бастап кетті. Еліміздің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. 2001 жылы мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілген Республика күні 2009 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды.
Шын мәнінде 1990 жылғы Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды.
Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланған болатын.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.