
«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Отырар ауданы Босаға ауылы маңындағы алаңда кезекті есірткі егістігі анықталды.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағы және Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері бірлесіп әрекет етіп, 850 түп өсіп тұрған және 20 түп шабылған өсімдік, 5 дана ыдыстағы марихуанаға ұқсас есірткі затын тәркіледі.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркелді. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Ол зерттеу қорытындысына сәйкес, жалпы салмағы 15 келіден асатын «кептірілген марихуана» болып шықты» — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Қызылорда облысының екі тұрғынын ұстаған.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Жалпы, нашақорлық және есірткіге қарсы күрес әлем елдерінде қай кезде де өзекті мәселе саналып келеді. Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіргеніне қарамастан, есірткіге есі кеткендердің қарасы азаймай тұр. Биыл 27 мамыр күні нашақорлыққа қарсы айлықтың ашылу іс-шарасында Үкімет басшысының сол тұстағы орынбасары Ералы Тоғжанов маңызды міндеттерді атап өтті. Бұл іс-шара 26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған. Осыдан 35 жыл бұрын, яғни 1987 жылдың 26 маусымында БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бұл күн нашақорлықтың жаһандық қауіп-қатерін тани отырып, есірткісіз қоғам құру туралы шешімді атап көрсету үшін белгіленген еді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Әлемде шамамен 275 миллион нашақор адам бар. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болып отыр.
19 миллион халқы бар Қазақстан үшін есірткіге елітудің көрсеткіштері ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. «Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, елімізде 18,5 мыңнан астам нашақор тіркеуде тұр, оның ішінде 1,5 мыңы әйел, сондай-ақ 94 жасөспірім тізімге енген. Бірақ бұл нақты тіркеуде тұрғандардың саны, ал шын ахуалға келетін болсақ, науқастар саны бұдан бірнеше есеге асып кетеді», — деді Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Әбдірахманов.
Министрлік өкілінің айтуынша, есірткіге тәуелділікті жою мақсатында құзырлы органдардың бірлесе еңбек етуінің арқасында көптеген ауқымды іс-шара атқарылған. Атап айтқанда, ел көлемінде «Есірткіге тәуелділік, жас айырмашылықтары, жыныстық ерекшеліктері» тақырыбында оқу семинары, есірткі және психоактивті заттарды сатудың және медициналық емес мақсатта тұтынудың жолын кесу жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін жауапкершілік мәселесі туралы көңіл көтеру орындары мен түнгі клубтардың басшыларымен кездесулер ұйымдастырылған. Сондай-ақ «Есірткіге қарсы насихат», «Есірткі қылмысы үшін жауапкершілік» буклеттерін, жадынамаларын тарату, отбасы құндылықтарын дамыту үшін балаларды кино, музейге, театрларға және басқа да мәдениет орындарына апару, мектептер, колледждердің оқушылары үшін балалардың тікелей қатысуымен қызметтік иттердің мүмкіндіктерін көрсете отырып, «Есірткісіз саламатты болашаққа бірге» кинологиялық орталықтарына экскурсия және тағы басқа спорттық-мәдени іс-шаралар ұдайы өткізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
310891 590540Perfect just what I was looking for! . 216104
813101 498709Howdy just wanted to give you a brief heads up and let you know some of the pictures arent loading properly. Im not sure why but I feel its a linking problem. Ive tried it in two different internet browsers and both show exactly the same outcome. 105571