Түркістан облысы: Отырар ауданының шаруаларына ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалану жолдары түсіндірілді

Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласындағы мемлекеттік қолдауларды насихаттау және кеңінен түсіндіру үшін арнайы жұмысшы топ құрылған. Осы мақсатта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған топ ауданға арнайы сапармен келіп, шаруалармен кездесті.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға аудан басшылығы, облыс және аудандық ауыл шаруашылығы салалық мамандары, аудандағы шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты.

Жұмысшы топ мүшелері тарапынан ауданның агроөнеркәсіп иелеріне әр бағдарламаның тиімділігі жөнінде егжей-тегжейлі түсіндіріп, маңызды мағлұматтар берілді. Оның ішінде, егін шаруашылығына берілетін субсидиялар туралы кеңінен сөз болды. Әсіресе, ағын су тапшылығының алдын алу бағытында отырарлық шаруаларға суды үнемдеу технологиясын пайдаланушыларға берілетін мемлекеттік субсидиялар туралы жан-жақты түсіндірілді. Мамандар жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесі ағын суды үнемдеп қана қоймай, өнімділікті бірнеше есеге арттыратынын айтып өтті.

ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Атап өтейік, Үкімет ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдамада еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды реконструкциялау және гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шаралар қарастырылған.

Министрлік тасымалдау кезіндегі су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайту арқылы 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға арттырып, экономика салаларын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға, төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға ниетті. 

Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс басталды. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді. 

Еліміздің су-ресурстық әлеуетін есепке алу және болжау жүйесін дамыту, су ресурстарын басқару мен жоспарлаудың ақпараттық жүйелерін жетілдіру мақсатында Ақпараттық-талдау орталығын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, министрлік «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесіп су ресустарының интерактивті геоақпараттық платформасын әзірлеп жатыр. 

Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам каналды цифрландыру және суару жүйелерінің су есебін автоматтандыру жоспарланған. Сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін жақсарту көзделген.

Елімізде ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару.

Бүгінде бірқатар шаруа қожалығы осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп: тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды. Есесіне мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді. Алайда мамандар: «Ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру керек» — дейді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, биыл Қазақстанда 1,58 миллион гектар суармалы жер игеріледі. Оның ішінде 1,1 миллион гектар немесе 74%-ы жер үсті тәсілімен суарылады, 227,3 мың гектар немесе 14,3%-ы, заманауи жаңбырлатып суару жабдықтары пайдаланылады, 97,9 мың гектар немесе 6,2%-ы тамшылатып суарылады.

Жуырда Премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде суару мәселесі бойынша кеңес өткізген болатын.

Онда Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, түрлі өңірлер мен аудан әкімдіктерінің, АӨК саласындағы қаржы институттарының, инвестициялық жобалардың басшылары, фермерлер мен отандық техника мен суару жүйелерін өндірушілер бас қосып, өз өңірлерінде тиімді суару жобаларын енгізу кезіндегі перспективаларды, мүмкіндіктер мен қиындықтарды талқылады. Серік Жұманғарин қазіргі басты міндет жеңілдетілген несие алатын ирригациялық жобаларды таңдау тәсілін анықтау екенін айтты.

Осы орайда тамшылатып суару және жаңбырлату технологиясын дамытуға отандық өндірушілер қандай үлес қосып отыр деген сұрақ туындайды. Жалпы, суару жүйесіне арналған құрал-жабдық өндіретін қандай компанияларды білеміз? Вице-премьер отандық кәсіпорындарды атап, оларға мүмкіндігін арттыру керегін айтты.

«Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында мемлекет пен бизнес арасындағы табысты әріптестіктің бұл үлгісін атап өтіп, негізгі азық-түлік өнімдері бойынша елдің импортқа тәуелділігін төмендету үшін оны ауыл шаруашылығының басқа салаларында қолдануға тапсырма берді. Биыл Үлкен жоба бойынша көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын салу мен суару, мал шаруашылығы жобаларын іске асыруға 100 миллиард теңге көлемінде қаржыландырудың екінші траншы бөлінді. Бүгін біз кеңеске жұмыс істеп тұрған және әлеуетті отандық суару жүйелеріне арналған жабдықтарды өндірушілерді, суару жобалары бойынша тәжірибесі бар фермерлерді шақырдық. Жаңбырлату техникасы мен тамшылатып суару жүйелерін таңдау кезінде отандық өндірушілерге артықшылық беру қажет. Бізде «Metzer Kazakhstan», «BNK irrigation», «Samal commodities», «Келет» АҚ сынды табысты кәсіпорындар бар», — деді Серік Жұманғарин. 

Осы орайда вице-премьер министр атап өткен «Metzer Kazakhstan» кәсіпорнына тоқтала кетейік. 

«Metzer group» тамшылатып суару жүйесіне қажет құрал-жабдықтар шығарады. Кәсіпорн Қазақстанда «METZER Kazakhstan» халықаралық брендін қалыптастырған. Тамшылатып суару жүйесі бойынша Израильдегі ең үздік өндірушінің бірі саналатын кәсіпорын нарықта 1970 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 

«Metzer Kazakhstan» 2014 жылдан бері Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан нарығында қызмет етіп, ауыл шаруашылығындағы күрделі мәселені шешуге атсалысып келеді. Мәселен, «Metzer Kazakhstan» кәсіпорны шығарған тамшылатып суару технологиялары кез келген дақылға, топырақ түріне, су сапасы мен климатқа арналған. Құрал-жабдықтар Израиль, Италия, АҚШ, Португалия елдерінде шығарылады. Кәсіпорынның суару технологияларына сұраныс жақсы. Айта кетерлігі, компания көтерме және бөлшек саудамен айналысады.

Кәсіпорын мамандары тұтынушының ұсынысын қабылдаған соң алдымен егістікке барып, шолу жасайды. Аумақты өлшеп, су алатын жерді белгілейді. Шығынды, қажет материалдарды есептеп, ары қарай суару жұмысын бастайды. Кәсіпорын мамандары тамшылатып суару технологиясының пайдасы зор екенін айтады. Бұл әдіс судың ысырап болмай, қажет жерге баруына, егінді ерте жинауға, мол өнім алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар топырақ эрозиясының алдын алып, арамшөптің көп таралуына жол бермейді. 

Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ЫРЫС» ЖШС, «Түркістан ӘКК» өкілдері мемлекет тарапынан берілетін 2,5 пайыздық несие жйында және өзге де ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несиелер бойынша жан-жақты ақпарат берді.

ФЕРМЕРЛЕРГЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ЖЕҢІЛДІКТІ НЕСИЕ АЛУ ТӘРТІБІ, БАҒДАРЛАМАЛАР ТҮРЛЕРІ, АЛУ ШАРТТАРЫ ЖӘНЕ МЕРЗІМІ ХАҚЫНДА

Тарата түсіндірсек. Жеңілдікті несиелер фермерлерге өз бизнесін құру және дамытуға көмектеседі. Қазақстанда фермерлерге несие беру қызметін Аграрлық несие корпорациясы (АНК) көрсетеді. Бұл ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттары бойынша жеңілдікті несие беретін ірі қаржы ұйымы.

Басым бағыттары

Ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттары қазақстандықтардың тұтынушылық кәрзеңкесінен қалыптасады. Бұл алты негізгі өнім тобы — ет, нан және жарма, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, қант және кондитер өнімдері.

Осы өнімдерді өндіруді қамтамасыз ету және олардың бағасын төмендету үшін мемлекет сүт–тауарлы фермалар мен көкөніс қоймаларын салу, мал шаруашылығын, суаруды дамыту, астық, ет, жеміс–көкөніс өнімдерін өңдеу жобаларын қолдайды.

Бүгінгі күні шаруалар несиелендіру бойынша төрт жеңілдетілген бағдарламасы бар, олардың әрқайсысының өз мақсаты бар. Бағдарламалардың әрқайсысын қарастырайық.

Агробизнес

Бұл мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы мен өңдеу кәсіпорындарына негізгі құралдар сатып алуға (оның ішінде объектілерді жаңғыртуға), құрылыс-монтаждау жұмыстары мен реконструкциялауға, айналым қаражатын толықтыруға несие беретін әмбебап бағдарлама. Сыйақы мөлшерлемесі тартылған қаражатқа байланысты — бұл Ұлттық қор, бюджеттік, меншікті және тартылған қаражат болуы мүмкін.

Кредит мақсаты: негізгі құралдар сатып алу, құрылыс–монтаждау жұмыстары, айналым қаражатын толықтыру, инвестициялық жобалар.

Сыйақы мөлшерлемесі

Өз және тартылған қаражаттан:

жылдық 22% — тікелей несиелеу, жылдық 6% — субсидиялаған кезде;

жылдық 18% — несие серіктестіктері, микроқаржы ұйымдары, лизинг компаниялар, екінші деңгейлі банктер, аймақтық инвестициялы орталықтар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан — жылдық 6%.

Республикалық бюджеттен:

жылдық 6% — тікелей несиелеу;

жылдық 3% — несие серіктестіктері;

жылдық 2% — екінші деңгейлі банктер.

Кепіл

Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік

Кредит мөлшері

Ең төмен берілетін сома — 1 миллион теңге.

Ең жоғары берілетін сома:

инвестицияларға — 7 млрд теңгеге дейін;

инвестициялық болып табылмайтын жобалар — бір қарызгерге 5 млрд теңгеге дейін, қарызгер тобына 10 млрд теңгеге дейін;

кредит серіктестіктерге — 10 млрд теңгеге дейін.

Кредит мерзімі

инвестициялар — 120 айға дейін;

айналым қаражатын толықтыру — 48 ай.

Кең дала

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға арналған бағдарлама.

Кредит мақсаты

Кредит көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына айналым қаражатын толықтыру үшін беріледі.

Сыйақы мөлшерлемесі

Жылдық мөлшерлеме — 5%

Кредит мөлшері

1 миллион теңгеден 10 миллиард теңгеге дейін

Кредит мерзімі

Қаржыландыру жылынан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін

Іскер

Әр түрлі бизнес түрлеріне арналған шағын несие бағдарламасы. Қаржыландыру өз ісін ашу немесе кеңейту жоспарлап отырған, оның ішінде ауылшаруашылыққа жатпайтын, мысалы, дүкен ашуды жоспарлаған кәсіпкерлер ала алады. Ауылда немесе шағын қалаларда тұратын кәсіпкерлерге беріледі.

Кредит мақсаты

негізгі құралдар сатып алу,

айналым қаражатын толықтыру.

Сыйақы мөлшерлемесі

Мөлшерлеме — жылдық 6%, күнкөрісі төмен немесе көп балалы отбасы мүшелеріне — жылдық 4%

Кепіл

Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік

Кредит мөлшері

8 000 АЕК-ке дейін (2024 жылы 29 536 000 теңге)

Кредит мерзімі

барлық жобалар бойынша — 60 айға дейін;

мал шаруашылығы жобалары бойынша — 84 айға дейін.

Жастарға арналған шағын несие

21 мен 35 жас аралығындағы кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы. Өтінім берген кезде ЖК тіркеу мерзімі бес жылдан аспау керек.

Сыйақы мөлшерлемесі

Жылдық мөлшерлеме — 2,5%

Кепіл

Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік

Кредит мөлшері

5 миллион теңгеге дейін

Кредит мерзімі

мал шаруашылығын дамыту үшін — жеті жылға дейін;

бизнестің басқа бағыттары — бес жылға дейін.

Жеңілдетілген несие алу

Несие алу үшін барлық облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан корпорацияның филиалына хабарласу керек. Өзімен бірге барлық қажет құжаттар болуы керек, әр бағдарламаның өз тізімі бар. Қажет құжаттардың қатарында мыналар бар:

қарыз алушының мәртебесін растайтын құжат;

жер учаскесін жалға (немесе сатып алу-сату) келісімшарты, жеке меншік немесе уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына акт;

жоба бизнес-жоспары немесе жобаның техникалы–экономикалық негіздеме;

соңғы есепті жылға арналған салық декларациясы.

Мамандар барлық құжаттар, кепіл мүлікті тексереді де, басқа да стандартты процедураларды орындайды.

6 миллион теңгеге дейін несиеге онлайн өтінім беру

«Іскер» және «Жастар үшін шағын несие» бағдарламалары бойынша несие сомасы 6 миллион теңгеден аспаса, онлайн өтінім беруге болады.

өтінім беру тәртібі:

ЭЦҚ арқылы сайтта тіркелу.

Телефон нөмірің, электронды поштаңы, ЖСН/БСН-ді және сұраған басқа ақпарат енгізу.

Порталға кіріп, «Өнім» бөлімінде несиелі өнімдердің бірін таңдау керек: «Өсімдік шаруашылығын дамыту» немесе «Мал шаруашылығын дамыту». Содан кейін «өтінім жіберу» батырмасын басу.

Өтініш пен Келісімді оқып, растау кодын енгізіп, кепіл мүлікті таңдау керек.

Несие деректерін толтыру: мысалы, мал шаруашылығында қара мал, қой-ешкі, жылқы, түйе өсіру сияқты несиенің мақсатын, сатып алған малдың жасы мен санын, бір мал басының бағасын жазу керек.

Несие сомасын қалыптастырғаннан кейін мерзімін, негізгі борыш бойынша жеңілдік кезеңін және өтеу тәртібін таңдау керек. Жүйе өтінімді алдын ала мақұлдау немесе бас тарту үшін қаржы талдау жүргізеді. Мақұлданғаннан кейін несиені алу үшін AНК филиалына хабарласу керек.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өсімдік және мал шаруашылығын дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу кәсіпорындарын салу, реконструкциялау немесе жаңғырту сияқты әр түрлі мөлшерлемелер бойынша жеңілдетілген несиелер ала алады. Кепіл болуы мен ауылда қызмет жасау фермерлер үшін міндетті шарттар болып табылады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 600 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ КАНАЛ ТАЗАЛАНДЫ

Сондай-ақ, каналдар мен арықтарды механикалық тазалау мәселелері айтылып, «Қазсушар» ШЖҚ МКК тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Бүгінде 13 бірдей каналда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысында суару маусымында шаруаларды сумен қамтамасыз ету үшін 600 шақырымнан астам канал тазаланды. 

«Қазсушар» мекемесінің Түркістан облыстық филиалы суару маусымына дайындық аясында өз қарамағындағы каналдардың 600 шақырымнан астам жерін механикалық әдіспен тазалады. Бұл жұмыс егіс алқаптарына су жеткізу сапасын жақсарту және каналдардың су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін жасалады.

Бұдан бөлек, мемлекетаралық «Ханым» каналының 18 шақырымға жуық бөлігіне механикалық тазалау жұмысы жүргізіліп, 20 мың текше метр лай тұнбасы шығарылды.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, филиал қызметкерлері «Найман» каналының 7,5 шақырым бөлігін бетонмен қаптады. Ал Түлкібас ауданында 77 шақырымнан астам канал бетондалады. Бүгінде 13 бірдей каналда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, егіс алқаптарына қосымша ағын су қажет болған жағдайда «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы арқылы Шардара су қоймасынан су алынады. Ағын суды машиналық әдіспен көтеру үшін мұнда 10 насос іске қосылуға дайын. Жалпы ұзындығы 29 шақырым болатын канал 86 700 гектар жерге су жеткізе алады.

Жиынға келген шаруалар көкейдегі сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізіп, мамандар тарапынан жауаптар берілді.

Кездесуде агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдаулар (субсидиялау) 2018 жылдан бастап «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында электронды түрде жүзеге асырылып жатқаны, жеке және заңды тұлғалар электрондық портал арқылы субсидиялау бойынша өтінімдері тікелей басқармаға келіп түскен соң құжаттары 1-3 күн мерзімінде заң талаптарына сәйкестігі тексеріліп, тиісті төлем жүргізуге жиынтық тізім дайындалатынын түсіндірді. Сондай-ақ, қайта өңдеуге өткізілген дәндік жүгеріге мемлекеттік қолдау көрсету Басым дақылдардың өндірісін дамытуды субсидиялау бағдарламасының шеңберінде жүргізілетінін, бұл бағдарламаға ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 1,4 миллиард теңге қаржы қаралғанын айтты.

Бағдарлама арқылы қайта өңдеуге тапсырылған дәндік жүгерінің тоннасына 10,0 мың теңге төленеді. Минералды тыңайтқыштар пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімділігі арттырып, өнім көлемі ұлғайту және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының шикізатқа деген қажеттілігін қанағаттандыру негізінде 2024 жылы субсидияланатын тыңайтқыштар көлемі 82,3 мың тоннаны құрайды.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жеңілдетілген жанар-жағар маймен қамтамасыз ету, өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, Gosagro.kz порталы арқылы жүргізілуде.

Ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарына 21,8 мың тоннаға өтінім тапсырылды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2024 — 2028 жылдарға 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі жол картасы бойынша 2024 жылға арналған көрсеткіштерінде мал басын ұлғайтуға және ірі қара, ұсақ малдарды асылдандыруға басымдық берілуде. Сондай-ақ, жылқы, құс, ешкі, балара шаруашылықтарын дамытамын деген азаматтарға төленетін субсидия көлемі жөнінде түсіндіріп өтті. Жиын барысында ағын суға берілетін субсидия көлемі және алдағы уақытта су үнемдеу технологиясын пайдаланған шаураларға жалпы шығынның 50%-ын субсидиялап беретіндігін жеткізді.

Бұл бағыттар бойынша алдағы уақытта тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары облсытық басқарма және жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізіліп отыратындығы айтылды.

2024 ЖЫЛЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА СУБСИДИЯ АЛУ ТӘРТІБІ, БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ, ШАРУАЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ШАРТТАР МЕН ТАЛАПТАРЫ ҚАНДАЙ?

Ауыл шаруашылығында бизнес ашу оңай емес, ол үшін база құру, техника, жабдық, мал, жем сатып алу керек. Бірақ бұл саладағы жаңа өндірушілер азық-түлік қорын қамтамасыз етіп, елге пайда әкелуде. Шаруалардың жағдайын жеңілдету үшін мемлекетіміз субсидиялау және жеңілдікті несиелеу бағдарламаларын жүзеге асырады. Фермерлер бизнестерінін дамытуға субсидия қалай ала алатыны және оны қалай жұмсай алатыны туралы осы мақалада айтып береміз.

Ауыл шаруашылығындағы субсидия туралы түсінік

Ауыл шаруашылығына арналған субсидиялар — бұл кәсіпкерлер шығындарының бір бөлігін өтей алатын мемлекеттен бөлінетін қаржылай көмек. Субсидия көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақылдар өсіріп, өңдейтін, асыл тұқымды мал, қара мал және қой-ешкі, құс еті өсірумен айналысатын шаруаларға беріледі. Одан басқа отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және су мен отын шығынын өтеуге арналған субсидиялар да бар.

Қаржылай көмекті шағын фермерлер де, ірі шаруашылықтар да ала алады. Бірақ субсидия тек жұмсалған шығындарды өтейді, яғни егер фермер бизнес ашқысы келсе, онда алдымен керегін сатып алады немесе құрып салады да, содан кейін шығынын дәлелдейтін есептер ұсынып, соның негізінде субсидия алады.

Асыл тұқымды мал шаруашылығына арналған субсидия

Асыл тұқымды мал шаруашылығы — бұл ауыл шаруашылығының маңызды саласы, сол себепті мемлекет селекциялы және асыл тұқымды мал өсіру жұмыстармен айналысатын тауар өндірушілердің шығындарын субсидиялайды, яғни бір бөлігін өтеп береді.

Субсидия мақсаты

  • асыл тұқымды қара мал басын сатып алу,
  • ет және ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алу,
  • асыл тұқымды қой, айғыр, түйе сатып алу,
  • ет және жұмыртқа беретін асыл тұқымды жас құс сатып алу,
  • асыл тұқымды бұқаларды, қошқарларды күту,
  • қолдан ұрықтандыру қызметтері,
  • қара малдың, қойдың, маралдың, шошқаның тауарлық және асыл тұқымды малдарымен байланысты жұмыс,
  • бал аралары ұяларымен жұмыс.

Субсидия мөлшері мал түріне байланысты болады. Мысалы, бір отандық асыл тұқымды сиырға 150 мың теңге бөлінсе, Аустралиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан немесе Еуропадан әкелінген сиырға 300 мың теңге субсидия беріледі (мемлекет селекция жұмыстарын жүргізу үшін жаңа тұқым сатып алуға мүдделі). Жалға алынған малға субсидия берілмейді.

Фермерлерге қойылатын талаптар

Фермер субсидия алу үшін арнайы талаптарға сай болуы керек — ол талаптар мал түріне және мал шаруашылығының түріне қарай өзгеріп тұрады.

Мысалы, селекция мен асыл тұқым өсіруге байланысты жұмыстарға субсидия алу үшін барлық мал басы селекция және асыл тұқым жұмысының ақпараттық қорында (САТЖАҚ) және ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасында (АЖБ) тіркелуі керек. Жалпы саны 20–30 аналық мал басына бір жасқа толған және бұрын тұқым шығаруға пайдаланылмаған кемінде бір асыл тұқымды бұқа болуы қажет.

Өтініш беру мерзімі мал шаруашылығының түріне байланысты болады, әдетте, ол ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан 20 желтоқсанына дейінгі кезең (өтініш мал сатып алған күннен бастап 12 ай ішінде тапсырылады).

Өсімдік шаруашылығына берілетін субсидиялар

Өсімдік шаруашылығына субсидиялар келесі бағыттар бойынша беріледі:

  • басым дақылдар, оның ішінде көпжылдық көшеттер өндiру,
  • тұқым шаруашылығы,
  • тыңайтқыштар (органикалық тыңайтқыштар кірмейді),
  • зиянды организмдерге қарсы өңдеу жүргізуге арналған биологиялық агенттер мен пестицидтер.

Әр аймақтың өз басым дақылдар тiзбесі және әр жыл сайын нақтыланатын субсидия нормалары бар. Мысалы, Жетісу облысы бойынша 2024 жылы алты бағыт бекітілген — бұл қант қызылшасы, дәнді дақылдарға арналған жүгері, майлы дақылдар, қарақұмық, өнеркәсіптік жылыжай кешендерінде өсірілген көкөністер, фермадағы жылыжайдағы өсірілген көкөністер, ал Шымкент қаласында — үш бағыт: мақсары, өнеркәсіптік және фермадағы жылыжайда өсірілген көкөністер. Басым дақылдардың тiзбесі мен нормаларын білу үшін, өзіңіздің қалаңыз бен ауданыңызға қарау керек.

Тұқым шаруашылығына арналған субсидияны түпнұсқа тұқым өндірушілер, элит тұқым және тұқым шаруашылықтары, ауыл шаруашылығында тауар өндірушілер немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері толық бағамен сатып алынған тыңайтқыштар, пестицидтер, биоагенттер үшін ала алады. Тұқымға арналған субсидиялар егіннің түріне байланысты: түпнұсқа тұқымнан бидай өсіретін болсаңыз, 166 000 теңге сұрай аласыз, ал бұршақ өсірсеңіз, 171 500 теңге субсидия сұрай аласыз.

Ауыл шаруашылығы өндірушілер суаруға субсидия ала алады. Субсидия мөлшері сатып алынған суармалы судың текше метрі мен тарифтердің пайыздық қатынасына байланысты болады. Күріш дақылдарына 2024 жылы ол ҚҚС-сыз тарифтің 50% құрайды, басқа ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін сараланған түрде белгіленеді. 

Сондай-ақ, фермерлер егін жинау жұмыстарына арзандатылған дизель отынын ала алады. Оның көлемі жер көлемі мен ауыспалы егіс көлеміне қарай автоматты түрде есептеледі. Фермер тек егінін растап, оператор таңдайды да, электронды қолтаңбамен өтінішке қол қояды. Әр оператордан сатып алынған жанармай көлемі мен қалдығы онлайн режимінде бақыланады.

Инвестицияға арналған субсидиялар

Инвестицияға арналған субсидиялар жоба паспорттарына сәйкес жаңа өндіріс орындарын құруға немесе жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейтуге, жаңғыртуға, техника және ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын сатып алуға беріледі. Барлығы 30–ға жуық бағыт субсидияланады. Мысалы, қант өндіретін кәсіпорын құруға салынған инвестицияны субсидиялау үлесі 25%, ал басым ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу немесе жылыжай кешенін салуға және кеңейтуге салынған инвестицияны субсидиялау үлесі 30% құрайды.

Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау

Агробизнес дамытуға жеңілдікпен несие алған шаруаларға мемлекет несие пайызының бір бөлігін өтей алады.

Қағида бойынша ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі + 7,5% қолданылады, кәсіпкер оның тек 6% төлейді, ал қалғанын мемлекет субсидиялайды. Субсидиялау мерзімі несие мерзімінен аспауы керек.

Мына мақсаттарға берілген несиелерді субсидиялауға болады:

  • ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде аспалы және тіркемелі жабдықтар, ауыл шаруашылығы жануарларын, негізгі құрал сатып алуға және құрылысқа берілген несиелер (ұн, минералды су және алкогольсіз сусын өндіруге сатып алынған негізгі құралдар бұл тізімге кірмейді);
  • өндіріс процесінің технологиялық цикліне жұмсалатын айналым қаражатын толықтыру;
  • көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу.

Фермерлерге ауыл шаруашылығына жеңілдікті несие алу тәртібі

Субсидия алуға өтініш беру

Субсидия алуға барлық өтініштер Gosagro.kz бірыңғай мемлекеттік жүйесінде беріледі. Субсидияның барлық түрлеріне өтініш беру тәртібі:

  1. Gosagro.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліңіз.
  2. Негізгі бетте субсидиялау категориясын таңдаңыз, мысалы, басым дақылдарды субсидиялау.
  3. Өз аймағыңызды таңдап, «Қызмет алу» батырмасын басыңыз.
  4. Жеке кәсіпкерлік немесе заңды тұлға ретінде тіркелу формасын таңдаңыз.
  5. Мына өрістерді толтырыңыз — ЖСН/БСН, телефон нөмірі, біздің мысалда кездесетін өріс — ауыспалы егіс жылы, егін дақылы, ЖК немесе ЖШС аты-жөні жазыңыз.
  6. Жер учаскесі туралы мәлімет, банк деректемелері толтырыңыз және қажет құжаттарды (қайта өңдеу кәсіпорнымен жасалған ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы келісімшарт), шот туралы туралы анықтама, өңдеуші кәсіпорын шығындарының төлем құжаттарын жүктеңіз.
  7. Құжат жасап, ЭЦҚ-ға қол қойып, процедураны аяқтаңыз.

Өтініш екі күн ішінде қарастырылады. Кейін субсидиялауға нәтижелері электронды поштаға және порталдағы жеке кабинетіңізге жіберіледі.

Сайтта Күту тізімі бар — фермерлер бюджет бөлінгенше күтіп отырмай, өзі ыңғайына қарай кез келген уақытта өтініш бере алады. Өтініш мақұлданғаннан кейін жүйеге түсіп, төлем кезегін күтеді. Әр қаладағы Ауыл шаруашылығы басқармалары ағымдағы өтінішті қарастырмағанша, келесі өтінішке көше алмайды. Өтініштерді тіркеу және күту тізімі онлайн жарияланған.

Бүгінгі күні агроөнеркәсіп кешенін дамытуға субсидияны бірыңғай субсидиялау жүйесі арқылы онлайн алуға болады. Процедура толығымен автоматтандырылған, сол себепті сыбайлас жемқорлық қаупіне жол берілмейді.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы көктемгі егін науқанына кірісіп жатқан шаруаларға қажетті кеңестерімен бөліскен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған жұмысшы топқа аудан халқының атынан алғысын айтып, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдаулар шаруаларға тиімді жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік беретінін айтып өтті.

Естеріңізде болса, өткен айдың ортасында Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді және тамақ өнеркәсібін дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының жобасы қаралған-ды.

Құжаттың негізгі міндеті – Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешені саласындағы өнімді қайта өңдеу көлемін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау. Бұл мақсатта Кешенді жоспарда «Бәйтерек» холдингі және «Halyk Bank» қаржы институттары арқылы жеңілдікпен несиелендіруге жататын қайта өңдеу саласындағы жобалар пулы қалыптастырылады. Аталған жобалар негізінен сүт-тауар фермаларын, көкөніс қоймаларын салу, мал шаруашылығын дамыту, суару жобаларына, дәнді дақылдарды, етті, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеуге бағытталған. Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау құралдарын қолдануды ескере отырып, қарыз алушы — АӨК субъектісі үшін түпкілікті мөлшерлеме жылдық 6%-дан аспайды.

Кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлім еткендей, Кешенді жоспардың негізгі бағыттары — өңдеуге бағытталған ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, жеңілдетілген несиелер беру және еңбекақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы өндірістің табыстылығын арттыру, қорғау шараларын қолдану арқылы ішкі нарықта отандық өңделген өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру.

«Қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, бастапқы өндірістен жоғары өнім шығаруға көшу жөніндегі міндетті шешу үшін мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеуді дамытуға инвестициялар белсенді тартылатын болады. Қайта өңдеудің барлық салаларында: кәсіпорындарды арзан және сапалы шикізатпен қамтамасыз ету, технологиялық құрал-жабдықтарды жаңғырту, қолда барларын қайта жүктеу және қайта өңдеу кәсіпорындарының қосымша қуаттарын құру, сондай-ақ өткізу нарықтарын қамтамасыз ету бойынша елеулі мемлекеттік қолдау қажет», — дейді Ербол Тасжүреков.

«Атамекен» ҰКП өкілі Ербол Есенеев бизнес тарапынан қаржыландыру болған жағдайда Кешенді жоспар жобаларын іске асыруға қатысуға дайын екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз – наурыз айында рәсімдерді аяқтап, 2024 жылға арналған Кешенді жоспарда өңдеу үлесін 40%-ға дейін жеткізу міндеті қойылған, бұл өте маңызды көрсеткіш. Барлық процедуралық мәселелерді мүмкіндігінше тезірек аяқтап, қаржыландыруды бастау қажет. Екінші деңгейлі банк өзінің жобалар пулын құрып үлгерді, кейбіреулері қаржыландыру міндетін алды. Пулға енгізуге болатын әлеуетті жобалар бар. Тағы бір маңызды жайт, екінші деңгейлі банк ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаражат бөлуге дайын. Бұл жұмысты әкімдіктермен мүмкіндігінше тез пысықтау керек», — деп түйіндеді сөзін вице-премьер.

Кеңес соңында С. Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен Кешенді жоспар бойынша барлық рәсімдік мәселелерді жедел шешуді және өңірлер әкімдіктерімен бірлесе пулдан жобалар әзірлеуге кірісуді тапсырған болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin