Бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Талапты ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Аудан басшысы алдымен Көкмардан елді мекеніндегі жасыл аймақта болып, ауыл азаматтарының демеушілігімен егілген көшеттерді аралап көрді. Аталған жасыл аймақта 1000-ға жуық көшет егілген. Қазіргі таңда 800-дей көшет тамырын тереңге жайған. Аудан әкімі аралау барысында көгалдандыру жұмыстарын жандандырудың маңыздылығын айтып, егілген көшеттерді күтіп баптауды назарға алу керектігін ескертті.
Биыл көктемде облыс әкімінің бастамасымен елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүрді. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген болатын. Жоспарға сәйкес, аудан, қала елді мекендерін көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз ету облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктелсе, елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.
Биыл көктемде аталған басқармаға қарасты орман шаруашылығының тұқымбақтарында өсірілген көшеттер межелі жерге жеткізілді. Аймақтағы елді мекендерді көгалдандаруға техникалар тартылып, жұмыс күші жұмылдырылды.
Әсіресе, Отырар, Келес аудандарында жоспарланған көшет саны толығымен орындалып, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілгенін атап өткен орынды. Ал, Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Мақтаарал, Төлеби, Сайрам, Түркістан, Кентау, Арыс, Бәйдібек, Сауран, Жетісай, Түлкібас аудандарында көгалдандыру жұмыстары кейіндеу қарқын ала бастады. Өкінішке қарай, Созақ, Ордабасы аудандарында көгалдандыру жұмыстары біршама қолға алынбай келді.
Өңірдегі елді мекендерге 250 936 түп көшет тиісті орындарға жеткізіліп, отырғызылды. Отырар, Келес аудандарына тағы да қосымша сұраныс арқылы 11 050 түп көшет үлестірілді. Қазіргі таңда жалпы аудан, қалаларға орман шаруашылығы мекемелерінен 376 151 мың түп көшет тегін үлестіріліп, егілді. Жалпы, облыс көлемінде биыл 1 миллион түпке жуық ағаш отырғызылады деп көзделуде.
Облыс аймағында жолдар мен аяқжолдардан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталықтары, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандары, сондай-ақ, арық-атыздар, мекеме аумағының тазалығына баса назар аударылды. Бұған қоса, республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық маңызы бар жолдар, мемелекеттік мекемелердің алды және көше бойлары мен саябақтар бойын тазартып, жасыл желекке айналдыру мақсатында түрлі сәндік ағаштардың көшеттері отырғызылды. Әрбір көшетті күтіп-баптау жұмыстары тұрғындарға түсіндірілуде. Алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде өз жалғасын табады.
Айта кетейік, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, 17 аудан, қаланың ағаш егілген алқаптары тұрақты түрде тексеріледі. Сондай-ақ, аудандардағы отырғызылған көшеттердің дұрыс егілуін және күтіп-бапталуын арнайы маман қадағалап, тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Мұнан соң аудан әкімі ауыл орталығындағы қайырымдылық қор арқылы салынып жатқан «Көкмардан» мешіті асханасының құрылысымен танысты. Ауылдың ынтымағы мен бірлігін арттыратын қоғамдық іске атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Одан әрі «Бек» ЖШС-нің жылыжай кешенінің жұмысын көріп, шаруашылық иесінің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді. Аудан басшысы кәсіпкерлік саласын дамытып, жылыжай ісін жандандыруға ниетті азаматтарды қашан да қолдауға дайын екенін жеткізді.
Жылыжай демекші, былтыр қараша айында өзге өңірлерде қар жауып, бұрқасын болып жатқанда, Отырар ауданында қияр мен қызанақ пісіп жатты. Қазір ауданда 6 гектарға жуық жылыжай бар. Олардың басым бөлігі — үй іргелік нысандар. Жылыжайлардың барлығы дерлік термальды су жүйесімен қамтылған. Яғни жер асты ыстық суымен суару жүргізіледі Бүгінде аудан аумағындағы жылыжай көлемін арттыру жоспарлануда екен.
Отырар ауданында салынғанына бүгінде 10 жылға жуықтаған шаруашылық бар. Содан бері өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Мұндағы жылыжайлардың басым бөлігі жер асты ыстық сумен қамтылған. Сондықтан шаруалар алдағы уақытта жылыжай көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
«Біз облыстық ауыл шаруашылық басқармасы арқылы 3 жақты келісімге тұрамыз. Жоспар қоямыз алдағы жылдарға. Былтырғы жоспарымызды толық орындап шықтық. 2 гектар жерге Қарақоңыр ауыл округінен былтыр 1 гектар жерден жылыжай құрылыс салса, Құдай қаласа, биыл көлемін 3 гектарға жеткіземін деп отыр» -дейді Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Батырбек Сыздықов.
Аталған шаруа қожалық аудандағы 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі — Ботакөз Сыздықова. Бүгінде мұнда жолдасы екеуі жұмыс істейді. Нақты қызметтері — қызанақты теру, сорттау, дайын өнімдерді арнайы қораптарға салу. Көпбалалы ана «Ауылда да тіршілік бар. Бастысы, еңбек пен ниетіңіз болса болғаны» — дейді.
2012 жылы іске қосылған жылыжай халықты көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. Өнімдер Шымкент, Алматы қалалары мен Түркістан облысының барлық аудан қалаларына экспортталуда. Былтыр жылыжайдан 5 тоннаға жуық өнім алынған екен. Алдағы уақытта оның көлемін ұлғайту жоспарда бар.
Сондай-ақ Отырар ауданы, Қарақоңыр ауылының диқандары да көктемгі дала жұмыстарына ерте бастан қам жасап, аязды ақпан айында жылыжай шаруашылығын жандандырды. Өз несібесін жерден тауып жүрген жандардың бірі – жергілікті «РПК Жанұя» ЖШС-нің төрағасы Рамазан Кенжебеков. Ол 3 гектар аумаққа жылыжай кешенінің құрылысын жүргізіп, көкөніс өсіру ісін бастап кеткен. Қазір шаруашылық иесі жылыжайдың 1 гектар аумағына болгар бұрышының көшеттерін отырғызған. Диқан алдағы уақытта 3 гектар жерді толық игеруді жоспарлап отыр.
Болгар бұрышы – күнделікті тұрмысқа өте қажетті өнімдердің бірі. Құрамында дәрумендер өте көп. Бұрыштың 30 грамы осы дәрумендегі күнделікті қажеттілікті қанағаттандырады екен. Бір ғажабы, болгар бұрышындағы пайдалы қасиеттер оны пісіргеннен кейін де сақталады. Сондықтан бұл көкөніс нарықта үлкен сұранысқа ие.
Отырар ауданы әкімінің орынбасары Ержан Оралбайдың айтуынша, Отырар ауданында бүгінде егістікті әртараптандыру жұмысы жүріп жатыр.
– Міне, егіншілікті әртараптандырудың арқасында диқандарымыз бұрын-соңды екпеген көкөніс түрлеріне бет бұра бастады. Еңбекқор ағайын отандық нарықты көкөністермен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Бұл – дұрыс бастама. Алдағы уақытта да мұндай тың жобаларға аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді ол.
Сонымен қатар Отырар ауданында «Қызсұлу апа» шаруашылығының иесі Ханзада Аширбекова тұрғын үйінің ауласындағы 0,16 га жерге салынған жылыжайға қызанақ ексе, Убайдулла Тулепов 0,11 га аумаққа қияр егіп, өз істерін дөңгелетіп отыр.
Аудан әкімі Көкмардан ауылдық мәдениет үйінің алдында ауыл тұрғындарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Кездесуде ауыл қариялары Бабаш Әбдіхалықов, Нұрымхан Халық, Рысбай Әбдіхалық, Әбдіманап Қадірқұловтар ауыз су, Шытты елді мекеніне медициналық тірек салу, электр жарығының жиі сөніп қалуы, көшелерді жарықтандыру секілді бірқатар мәселелер бойынша сұрақтарын қойса, Тасыбай Әбсадық жайылымдық жер, Ынталы елді мекеніне балабақша салу, қоқыс қалдықтарын тастайтын шағын полигон салу секілді өтініштерін айтты. Аталған мәселелер бойынша жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар беріліп, заңдылығына қарай оң шешімін табуға ықпал жасайтынын атап өтті.
Ауыз сумен қамту бойынша Сәкен Сұлтанханов Отырар ауданы бойынша 38 елді мекеннің 33 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылғанын (50306 адам немесе 97,5%) тілге тиек етті. Әрине, бұл тұрғыда аудан әкімі 5 елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілмегенін де жасырмады. Олар: Бестам, Жанкел, Ызакөл, Сырдария, Ақкөл ауылдары.
Әйткенмен 2022 жылы Бестам (халық саны — 151), Жанкел (халық саны — 191), Ызакөл (халық саны — 275) елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысы басталған, 2023 жылға өтпелі. Сонымен қатар, Қарақоңыр ауыл округіндегі Сырдария (халық саны — 352) елді мекеніне жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде.
2025 жылы Балтакөл ауыл округіндегі Ақкөл (халық саны — 365) елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету межеленген екен. Әкімнің сөзінен ұққанымыз, қазіргі таңда облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан геологиялық іздеу-барлау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу шаралары ұйымдастырылып жатыр.
«Жобаны жүзеге асыру барысында ауыз сумен қамтылмаған бес елді мекендегі 1334 ауыл тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылып, 2025 жылы аудан бойынша ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту үлесі 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр» — деді Сәкен Сұлтанханов.
Сондай-ақ, ол ауданға қарасты бірқатар елді мекендердің ауызсу жүйелері тозығы жетіп, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп отырғандығын ашық айтты. Осыған орай, Жаңа Шілік, Аққұм, Балтакөл, Маяқұм елді мекендерінің ауызсу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқанын естіп-білдік.
Ал жайылым мәселесі бойынша «Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі — 643 398 гектар. Оның ішінде: суармалы жерлер — 43 492 гектар, жайылымдық жерлер — 594 890 гектар, шабындық жерлер — 1294 гектар, көп жылдық екпелер 433 гектарды құрайды» — дей келе, аудан әкімі Отырар ауданында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 79 055 гектар (оның ішінде: 4142,0 гектар — суармалы, 74708,0 гектар — жайылым, шабындық — 204 гектар) жерлердің қаулылары жойылып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылған. Әйтпесе 2022 жылға жоспар ретінде 67,5 мың гектар межеленген екен.
Сондай-ақ, агроқұрылымдардың мақсатына сай игермеген 162 703,81 гектар (оның ішінде: суармалы — 8191,7 гектар, жайылым — 154 512,11 гектар) жерлері анықталып, тізімі 2022 жылы Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне шара көру үшін жолданыпты. Бұдан бөлек биыл ірі агроқұрылымдармен екі жақты меморандум жасау арқылы елді мекенге жақын орналасқан 94 200 гектар жайылымдық жерлерді ортақ жайылым ретінде пайдалану үшін келісім жасалыпты. Ал 2022 жылға жоспар 90,7 мың гектар болған екен.
Аудан әкімінің сөзінен түйгеніміз, қазіргі уақытта ауыл округтері бойынша 50,6 мың гектар ортақ мал жайылым жерлері бар.
2022 жылы мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 30,0 мың гектар жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылым жеріне беру жоспарланыпты.
Аудан басшысының кезекті халықпен кездесу жиыны Қоғам ауыл округінде жалғасын тапты. Талапты елдімекеніндегі емхананың құрылысымен танысып, мердігер мекеменің басшылығына құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды. Бұған дейінгі кездесуде ауыл тұрғындарының айтқан өтініші бойынша салынып жатқан емхана ағымдағы жылы қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталған жағдайда емханаға ауысымына 25 адам қабылдауға мүмкіндік туады.
Жалпы, Қоғам ауылында 1977 жылы қазақ күресінің қазығы қағылған. Содан бері өткен 46 жылдың ішінде осы күрес үйірмесінен ұлттық спортымыздың көптеген таланттары қанаттанып шықты. Олардың арасында Азия чемпионы атанған, Әлем чемпионатының жүлдесін алған саңлақтар бар. Осы мақсатта аудан әкімі Сәкен Асылханұлы Қоғам ауылындағы ауыл азаматтарының демеушілігімен салынып жатқан күрес залынының құрылысын көрді. Ауыл жастарының, ел ағаларының қолдауымен тұрғызылған спорт кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Аудан басшысы аралау барысында ғимаратты орталық жылуға қосуға ықпал жасайтынын айтып, елге ортақ іске атсалысқан ауыл азаматтарына алғысын айтты.
Одан әрі С.Әшіров мектебінің ауласында ауыл тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Кездесуде ауыл қариялары Н.Әймішов, М.Шырынбеков, К.Өскенбай, Қ.Жұмагелдиевтер ішкі жүйелерге газ тарту, көшелерге асфальт төсеу, елді мекен тазалығы секілді бірқатар мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Аудан әкімі аталған ұсыныс-пікірлерді назарға алып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. «Отырар ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2014-2017 жылдары автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) салынып, Шәуілдір елді мекеніне дейін 51,4 шақырым газ құбыры тартылған. АГТС арқылы 2025 жылға 34 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінде 22 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. 2022 жылдың есепті кезеңінде 13 елді мекенде газ құрылысы аяқталып, бүгінгі таңда 12 елді мекендегі 2139 абонент (қосылуы — 66 пайыз) табиғи газға қосылған. Олар: Ақтөбе, Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Қарақоңыр, Ш.Қалдаяқов, Мыңшұқыр, Ынталы, Қоғам, Бестораңғыл, Ақтам, Талапты, Шәуілдір елді мекендері, халық саны — 20759, абонент саны – 3239» — деді аудан әкімі.
Ал 2023 жылы 9 елді мекен (Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Отырар, Көкмардан, Шытты, Сарыкөл, Сырдария елді мекендері, халық саны — 16123, абонент — 2681) табиғи газға қосылған жағдайда аудан халқының 72 пайызы (5981 абонент, 37113 тұрғын) табиғи газбен қамтылатын болады.
Бұдан бөлек 2024 жылы Қостүйін елді мекенін газға қосу жоспарланып отырғанын білдік. Сәкен Сұлтанхановтың жоспарлауынша, 2023 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 12 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп (Аққұм, Жанкел, Көксарай, Ызакөл, Шеңгелді, Қостерек, Бестам, Маяқұм, Үштам, Көлқұдық, Балтакөл, Ақкөл елді мекендері, халық саны — 14312, абонент — 2243), 2025 жылға газ құрылысын аяқтап, ауданның жалпы газбен қамтылуы 99,6 пайызға жетеді деп күтілуде.
Ауыз су, жайылымдық жер, жұмыссыздық секілді мәселелер бойынша өтініштерін айтқан тұрғындардың тұрғындарға жауап беріп, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
These are genuinely enormous ideas in about blogging.
You have touched some nice points here. Any way keep up wrinting.