
Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов бүгін түс ауа Қарақоңыр, Отырар ауыл округтерінде болып, ауыл халқының талап—тілегін тыңдады. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы, жауапты сала басшылары да қатысты. Кездесуді Ұлы сазгер Шәмші есімімен аталған ауылдан бастаған аудан басшысы елді мекендегі көгалдандыру жұмыстарымен танысып, жаңадан салынатын спорт кешенінің құрылыс жобасын пысықтады. Аралау кезінде ауыл тұрғындарының өтінішін тыңдап, алда атқарылатын жұмыстарды баяндады.
Ағымдағы жылы елді мекенде орналасқан Ш.Ерманов, Азаттық, Әділет және Шәмші ауылына кіре беріс көшелерді жарықтандыру, Ш.Қалдаяқов ауылы мен Қарақоңыр станциясы аралығына аяқ жол салу, балалар ойын алаңшасын салу, Арыс елді мекені Ш.Әбілқасымов және У.Илясов көшелерін орта жөндеу, Сырдария елді мекенін газдандыру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады деп күтілуде.
Орайы келгенде атап өтер жайт, 2022 жылы Шәуілдір ауылы М.Әуезов көшесіне (45,176 миллион теңге) және Мыңшұқыр ауылына көп функционалды спорттық ойын алаңшалары (35,017 миллион теңге) пайдалануға берілді.
2022 жылы 4 елді мекенде (Балтакөл, Шытты, Қарғалы, Қостерек) спорт және балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Темір ауылындағы М.Әлиев көшесін абаттандыру жұмыстарына (94,15 миллион теңге) қаржы қаралып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді (келісім шарт құны 72,576 миллион теңге).
Қазіргі заман талабына сай елді мекендерде балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңшаларын салу бойынша тұрғындардан сұраныстар көптеп түсуде.
Биылғы жергілікті бюджет қаражаты есебінен Аққұм, Ақтөбе, Ш.Қалдаяқов, Жаңа Шілік, Ескі Шілік елді мекендеріне балалар ойын алаңшасын салуға сметалық құны 151,6 миллион теңге, Шеңгелді, Талапты, Арыс, Көлқұдық, Маяқұм елді мекендерінен спорт алаңшаларын салуға сметалық құны 125,8 млн. теңге қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек Шәуілдір-Темір автокөлік жолының ортасына абаттандыру жұмыстары жалғасын табады (сметалық құны 72 млн. теңге). Ауданның кіре беріс қақпасының төңірегі жаңартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады (смета құны 45 миллион теңге).
Кездесуде ауыл тұрғыны Балтабек Әбдешбек пен Жәнібек Жаппар ауыз су мәселесі бойынша өз өтініштерін айтып, «ауыл халқына ауыз су 24 сағат бойы берілсе» деген сауалын жолдады. Бұл мәселеге байланысты жауапты сала басшыларына тапсырмалар беріліп, тиісті жұмыстарды үйлестіруді жүктеді. Ауызсу дегенде ойға оралатын мына мәліметтерді айналып өтуге болмас. Отырар ауданы бойынша 38 елді мекеннің 33 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған (50306 адам немесе 97,5%). Бес елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілмеген. Олар: Бестам, Жанкел, Ызакөл, Сырдария, Ақкөл ауылдары.
2022 жылы Бестам (халық саны — 151), Жанкел (халық саны — 191), Ызакөл (халық саны — 275) елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысы басталған, 2023 жылға өтпелі. Сонымен қатар, Қарақоңыр ауыл округіндегі Сырдария (халық саны — 352) елді мекеніне жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
2025 жылы Балтакөл ауыл округіндегі Ақкөл (халық саны — 365) елді мекендерін таза ауызсумен қамтамасыз ету межеленген. Қазіргі таңда облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан геологиялық іздеу барлау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу шаралары ұйымдастырылуда.
Жобаны жүзеге асыру барысында ауызсумен қамтылмаған бес елді мекендегі 1334 ауыл тұрғыны сапалы ауызсумен қамтылып, 2025 жылы аудан бойынша ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту үлесі 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, ауданға қарасты бірқатар елді мекендердің ауызсу жүйелері тозығы жетіп, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етуде. Осыған орай, Жаңа Шілік, Аққұм, Балтакөл, Маяқұм елді мекендерінің ауызсу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқанын атап өткен жөн.
Мұнан соң Отырар ауыл округіндегі «Ернұр» шаруа қожалығында болып, бау-бақша ісінің барысымен танысты. Шаруашылық төрағасы Қуандық Маябасов 6 гектар жерге қауын-қарбыз егіп, мол өнім алуды көздеп отыр. «Биыл ауа райының құбылмалы болуына байланысты қауын-қарбызды «подкленка» арқылы егіп, өсіріп отырмыз» — дейді берекелі істің көзін тапқан кәсіпкер. Аудан әкімі кәсіпкердің ісіне оң бағасын беріп, қолдауға дайын екенін айтты.
Еске салайық, Отырар ауданының ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы егіс көлемінің 2022 жылғы жоспары 34 844 гектар болса, орындалуы 36 195 гектарды құрап, егіс көлемі 1351 гектарға артқан.
2022 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің жоспары 33,4 миллиард теңге болса, жыл көлемінде жиналған өсімдік шаруашылығының және мал шаруашылығы өнімдерінің есебінен орындалуы 35,5 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104,2 пайызды құрады (оның ішінде өсімдік шаруашылығы — 21,4 миллиард теңге, мал шаруашылығының өнімі — 13,8 миллиард теңге). Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 4,4 миллиард теңгеге артқан (2021 жылдың 12 айында 30,1 миллиард теңге).
Ал, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға тартылған инвестицияның жоспары 3,0 миллиард теңге болса, жыл қорытындысымен 8,8 миллиард теңгеге орындалып, жоспар 3 есеге артығымен орындалды. Сонымен қатар, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция көлемінің жоспары 380,2 миллион теңге болса, орындалуы 100 пайызды құрады.
Одан әрі М.Шойманов ауылындағы саябақта көгалдандыру жұмыстары аясында егілген көшеттерді аралап көрді. Аталған жасыл аймақта 1000-нан аса көшет егілсе, бүгінде оның 60 пайызы ғана өнген. Аудан әкімі көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын сапалы ұйымдастыру керектігін айтып, ауыл округінің әкіміне тапсырмалар жүктеді.
Солай ететіндей жөні де, жосығы да жоқ емес. Себебі биыл көктемде облыс әкімінің бастамасымен елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүрді. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген болатын. Жоспарға сәйкес, аудан, қала елді мекендерін көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз ету облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктелсе, елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.
Биыл көктемде аталған басқармаға қарасты орман шаруашылығының тұқымбақтарында өсірілген көшеттер межелі жерге жеткізілді. Аймақтағы елді мекендерді көгалдандаруға техникалар тартылып, жұмыс күші жұмылдырылды.
Әсіресе, Отырар, Келес аудандарында жоспарланған көшет саны толығымен орындалып, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілгенін атап өткен орынды. Ал, Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Мақтаарал, Төлеби, Сайрам, Түркістан, Кентау, Арыс, Бәйдібек, Сауран, Жетісай, Түлкібас аудандарында көгалдандыру жұмыстары кейіндеу қарқын ала бастады. Өкінішке қарай, Созақ, Ордабасы аудандарында көгалдандыру жұмыстары біршама қолға алынбай келді.
Өңірдегі елді мекендерге 250 936 түп көшет тиісті орындарға жеткізіліп, отырғызылды. Отырар, Келес аудандарына тағы да қосымша сұраныс арқылы 11 050 түп көшет үлестірілді. Қазіргі таңда жалпы аудан, қалаларға орман шаруашылығы мекемелерінен 376 151 мың түп көшет тегін үлестіріліп, егілді. Жалпы, облыс көлемінде биыл 1 миллион түпке жуық ағаш отырғызылады деп көзделуде.
Облыс аймағында жолдар мен аяқжолдардан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталықтары, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандары, сондай-ақ, арық-атыздар, мекеме аумағының тазалығына баса назар аударылды. Бұған қоса, республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық маңызы бар жолдар, мемелекеттік мекемелердің алды және көше бойлары мен саябақтар бойын тазартып, жасыл желекке айналдыру мақсатында түрлі сәндік ағаштардың көшеттері отырғызылды. Әрбір көшетті күтіп-баптау жұмыстары тұрғындарға түсіндірілуде. Алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде өз жалғасын табады.
Айта кетейік, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, 17 аудан, қаланың ағаш егілген алқаптары тұрақты түрде тексеріледі. Сондай-ақ, аудандардағы отырғызылған көшеттердің дұрыс егілуін және күтіп-бапталуын арнайы маман қадағалап, тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Саябақ алдында тұрғындармен кездескен аудан басшысы ағымдағы жылы ауыл округі бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндады. Аудан әкімі атап өткендей, биыл ауыл округіндегі М.Момбеков, С.Ағыбаев, Ә.Сержан көшелерін жарықтандыру, Арыс ауылынан спорт ойын алаңшасын салу, Қалыбеков, Ә.Смайлов, К.Момбеков, Бейбарыс-Сұлтан көшелерін орта жөндеу, Қорқыт ата, №14, Қ.Киізбаев көшелерін ағымдағы жөндеу, Арыс, М.Шойманов елді мекендерін газдандыру жұмыстары атқарылатын болады. Газдандыру демекші, Отырар ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2014-2017 жылдары автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) салынып, Шәуілдір елді мекеніне дейін 51,4 шақырым газ құбыры тартылған болатын. АГТС арқылы 2025 жылға 34 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінде 22 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген.
2022 жылдың есепті кезеңінде 13 елді мекенде газ құрылысы аяқталып, бүгінгі таңда 12 елді мекендегі 2139 абонент (қосылуы — 66 пайыз) табиғи газға қосылған (Олар: Ақтөбе, Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Қарақоңыр, Ш.Қалдаяқов, Мыңшұқыр, Ынталы, Қоғам, Бестораңғыл, Ақтам, Талапты, Шәуілдір елді мекендері, халық саны — 20759, абонент саны — 3239).
— 2023 жылы 9 елді мекен (Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Отырар, Көкмардан, Шытты, Сарыкөл, Сырдария елді мекендері, халық саны — 16123, абонент — 2681) табиғи газға қосылған жағдайда аудан халқының 72 пайызы (5981 абонент, 37113 тұрғын) табиғи газбен қамтылатын болады.
— 2024 жылы Қостүйін елді мекенін газға қосу жоспарлануда.
— 2023 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 12 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп (Аққұм, Жанкел, Көксарай, Ызакөл, Шеңгелді, Қостерек, Бестам, Маяқұм, Үштам, Көлқұдық, Балтакөл, Ақкөл елді мекендері, халық саны — 14312, абонент — 2243), 2025 жылға газ құрылысын аяқтап, ауданның жалпы газбен қамтылуы 99,6 пайызға жетеді деп күтіліп отыр.
Кездесу барысында ауыл тұрғыны Өскен Сариев пен Ілес Жұмашов оман жағасындағы ыза суды азайту мақсатында Д.Алтынбеков каналының бетонмен қаптау жұмыстарын жөндеуден өткізу туралы өтінішін жеткізді. Аталған мәселеге байланысты аудан басшысы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды жүктеді.
Осыдан 91 жыл бұрын асау да арынды Арыс өзенін бөгеп, бүгінгі Отырар ауданындағы шөліркеген далаға су келген болатын. Техниканың бірі де жоқ сол заманда ата-бабаларымыз тоған салып, қазіргі Д.Алтынбеков каналын кетпен-күрекпен-ақ қазып шыққан еді. Отырарлықтардың ынтымағы мен еңбекқорлығы сол кездегі бүкіл Одаққа, тіпті шетелге дейін танымал болған кезі. Мақта өндіруден бүкілодақтық бірнеше рекорд жасаған жерлестерімізден ала тақиялы ағайындар сабақ алып, тәжірибе жинақтағаны да күні кеше сияқты. Аудан орталығындағы Жамбыл атындағы орта мектебі ғимаратын (бүгінгі білім бөлімі отырған ғимарат) Өзбекстан басшысы Юлдаш Ахунбабаев отырарлықтардың ерен еңбегін бағалап, сыйға тартқан еді.
Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарында колхоздар іріленіп, совхоздарға айналған. Техника жаңарып, агроном мамандар көбейіп, Отырардың даңқы қайта өрледі. Терілері алтынға бағаланған қаракөл елтірілерінен бөлек, «Дала аруы» атанған жүгері өсіруден жаңа рекордтар жасалып жатты. Бүгіндері сол кездің жетістіктері тарих еншісінде қалып, бүгінгі ұрпақ үшін ертегідей елестейді.
Соңғы жылдары каналдар мен қашыртқыларды ұйық басып, егістікке келетін ағын су азайып, өнім көлемі жыл сайын кеміген үстіне кеміп, диқандардың шаруалары шатқаяқтап кеткені жасырын емес. Шаруалардың жағдайын жасау үшін аудан басшылығы оншақты жылдан бері осы мәселені Үкіметтің алдына қоюмен келеді.
Каналдар мәселесі Түркістан облысынан сайланған Мәжіліс депутаттарының да назарында тұрғанын айта өтейік. Таяуда ғана Үкімет жетекшісіне сауал жолдады. Білуімізше, онда мына мәселелер өткір көтерілді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруды Үкіметке тапсырған болатын. Бұл «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қарастырылған. Түркістан облысы мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Сондықтан, Түркістан облысының аумағында орналасқан магистральді каналдарды күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі туындауда. Атап айтқанда:
Бірінші. 2010 жылы Жетісай ауданында К-28 каналының 5,9 шақырымы бетонмен қаптау және канал бойындағы гидроқұрылымдарды қайта құру бойынша құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бірақ, 13 жыл өтседе К-28 каналының 1,9 шақырымы жөндеуден өтпеген. Сонымен қатар, К-30 магистральді каналында құрылыс жұмыстары 2012 жылы басталған. Бүгінгі таңға, магистральді каналдағы құрылыс жұмыстардың 42%-ы ғана орындалған. К-28, К-30 магистральді каналдардан 4600-ға жуық шаруалар 26 мың гектар жерге егін егіп, отбасыларын асырап отыр. Осындай жағдай «Достық» магистральді каналы арқылы келетін ағын суда да орын алған. Каналдағы ағын су шаруаларға жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су алу көзделген. Алайда, су жеткізетін каналдың жақтаулары құлап, ұлтаны толып қалу салдарынан су өткізу қабілеті төмендеген. Канал жақтаулары құлау нәтижесінде оның арнасы канал жанында орналасқан мазаратқа жетіп, оны шайып кету қауіпі туындап тұр. Сондай-ақ, канал жанынан өткен К-30-ІІ каналына зиян келтіруде және канал жанында орналасқан электр бағаналарына, автожолға да қауіп төніп тұр.
Екінші. Сарыағаш ауданына ағын судың 90%-ы Өзбекстан Республикасынан бастау алатын Зах, Ханым және Үлкен Келес магистральдық каналдары арқылы келеді. 126,0 шақырымды құрайтын Ханым каналының 35 шақырымы бетонмен қаптауды қажет етеді. Аталған каналдан 5 ауылдық округі шаруаларының 7,4 мың гектар егістік жерлері ағын сумен қамтамасыз етілуде. Үлкен Келес магистральді каналының ұзындығы — 95,6 шақырым. Каналдың 36,0 шақырымы бетонмен қапталған, ал 59,6 шақырымы жер арналы.
Сондықтан, жоғарыда аталған Зах, Ханым және Үлкен Келес магистральдық каналдардың барлығы бетонмен қапталмағандықтан ағын судың 50-60%-ы жерге сіңіп, шаруаларға толық жетпеуде.
Үшінші. Келес ауданы аумағындағы Саңырау каналы 37.9 шақырымды құрайды. Саңырау каналынан 3 ауылдық округінің елді мекендеріндегі шаруалар егістік жерлеріне ағын суды пайдалануда. Саңырау каналы жыл сайын тазаланғанымен лайға толып, ағын су жерге сіңіп шаруаларға қажетті ағын су мөлшері жетіспейді. Саңырау каналын бетондау бойынша сметалық құжаттары дайындалып, облыстық ауыл шаруашылық басқармасына жолданған. Қажетті қаржы мерзімінде қаралмағандықтан ЖСҚ мерзімі өтіп кеткен.
Төртінші. Қазығұрт ауданындағы үлкен Келес магистральді каналының ұзындығы 95,7 шақырым, Қызылқия, Қақпақ, Шарбұлақ ауылдық округтеріндегі 9414 га егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз етеді. Каналдың 59,6 шақырымы жер арналы, 35 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген. Соның салдарынан, 500 га егістік жерлерге ағын су жетіспейді. Каналдың 12 шақырым бөлігін бетонмен қаптау және 83,6 шақырым бөлігін ағымдағы жөндеуден өткізу қажет.
Сондықтан да, Үкіметке аталған аудандардың егістік көлемін арттыру мақсатында каналдарды күрделі жөндеуден өткізуге қысқа мерзім ішінде нақты шешім қабылдауды ұсынамыз».
Кездесу жиындарынан соң аудан әкімі қос ауыл округтің тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, қабылдауда көтерілген көшелерге тас төсеу, ауыз су, суармалы жер және өзге де мәселелер бойынша заң аясында тиісті жұмыстар атқаратынын айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.