Түркістан облысы: Париж олимпиадасына баратын спортшылар Төле би ауданындағы «Алма Тау» спорт базасында қорытынды дайындықтарын пысықтап жатыр

Париж Олимпиадасының басталуына 9 күн қалды. XXXIII жазғы Олимпия ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді. Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Түркістан облысының Төле би ауданындағы «Алма Тау» спорт базасында төртжылдықтың басты бәсекесіне қорытынды дайындықтарын пысықтауда.

Бүгін Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов тау баурайындағы спорт базасына арнайы барып, боксшылармен жүздесті. Ел үмітін арқалап бара жатқан жігіттерге сәттілік тіледі.

– Спорт түрлері арсында бокс ерекше орынға ие. Қайсар мінезді қазақтың жігіттері жоғары шеберлігі және талантымен көзге түсіп келеді. Жастардың да бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары. Тәуелсіздік алғанан бері Қазақ боксшылары 7 олимпиада ойындарына қатысып, бокстан күміс пен қоланы қоспағанда 7 алтын медальға қол жеткізді. 3 спортшымыз Олимпиаданың үздік боксшысы атанды. Биыл бас бапкер Мырзағали Құланұлының тәжірибесі мен жеке бапкерлердің және спортшыларымыздың талмай еңбек етуінің нәтижесінде команда Олимпиада ойындарына толық құрамда қатысады. Құрметті спортшылар! Олимпиадалық дәстүрлер мен сіздердің шеберлік деңгейлеріңізді ескере отырып, Олимп шыңын бағындыру қолдарыңыздан келеді деп сенемін. «Вэл Баркер» кубогын 4-ші рет Қазақстанға алып келу сіздерге бұйырсын. Туған елімізге жүлдемен оралуларыңызға тілектеспін! – деді Еркеғали Әлімқұлов.

Бокстан ұлттық құрама сапында Түркістан облысының екі спортшысы бар. Олар – Сәкен Бибосынов және Мұхамедсабыр Базарбайұлы. Қос спортшыдан ел үлкен үміт күтіп отыр.

Төлеби ауданындағы «Алма Тау» демалыс аймағындағы спорт кешенінде Түркістан облысының спортшыларын шығарып салу рәсімі өтті. Ұлттық құраманың барлық спортшысына және Түркістан облысынан аттанған 5 спортшыға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Төлеби ауданының ақсақалдары, ел ағалары батасын беріп, ақ жол тіледі.

Айта кетейік, Франция астанасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығына таласады.

Франция елінде бақ сынайтын 80 атлетіміздің 54-і ер адам болса, 26-сы -әйелдер. Құраманың орташа жасы — 26,5.

Аталған ақпаратты Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі ұсынды. Қолға түскен деректе құрама сапындағы 54 спортшы олимпиадаға алғаш рет бара жатқаны айтылды.

Ел намысын қорғайтын спортшылар арасында бірнеше олимпиадада өнер көрсеткен тәжірибелі атлеттер де бар. Олардың көшін жеңіл атлет Ольга Сафронова мен академиялық есу шебері Владислав Яковлев бастап тұр. Бұл екі спортшы өздерінің төртінші олимпиадасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Бірақ көрсеткіштері тамаша деуге ауыз бармайды.

Ольга Сафронова алғаш рет 2012 жылы өткен додада жарыс жолына шықты. 100 метрде 24, 200 метр қашықтықта 41-ші орынға табан тіреді. Одан соң 2016 мен 2021 жылдары да 200 және 100 метр қашықтыққа жарысып, екеуінде де 36 нәтиже тіркеді. Ал академиялық есу шебері Владислав Яковлев қатысқан үш олимпиададағы жоғары көрсеткіші — 2021 жылғы 19-шы орын. Оған дейін 2012 жылы 28, 2016 жылы 31-ші орынға тұрақтады.

Сонымен қатар дзюдошы Елдос Сметов, үстел теннисінің шебері Кирилл Герасименко мен қазіргі бессайыста бақ сынайтын Елена Потапенко олимпиада ойындарына үшінші рет қатысады. Елдос Сметов — олимпиаданың екі дүркін жүлдегері. 2016 жылы — күміс, 2021 жылы қоланы еншіледі. Кирилл Герасименко 2016-да 49, 2021 жылы 17-ші орын иеленсе, Елена Потапенко өзі өнер көрсеткен екі олимпиадада да үздік 15 спортшы қатарында болды. (2016 — 10-шы орын, 2021 — 13-орын) Одан бөлек 21 спортшы өз мансабындағы екінші олимпиадаға аттанады.

Парижде ел намысын қорғайтын 80 спортшының нобайы — Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан. Дәлірек айтатын болсақ, алматылық 11 спортшы 17 спорт түрінде сынға түседі. Астана қаласы олимпиадаға 13 спортшы аттандырмақ. Олар 15 спорт түрінде өнер көрсетеді. Ал Шымкенттен шыққан 10 лицензия иегері 10 спорт түрінде бақ сынайды. Олимпиада сияқты ірі додада өнер көрсетуге мүмкіндік алған спортшыларды дайындаушы өңірлер көшін Шығыс Қазақстан облысы бастап тұр. Бұл өлкенің 9 атлеті 10 спорт түрінде сынға түседі. Одан кейінгі орынға 5 спортшы дайындаған Түркістан, Жамбыл және Алматы облысы жайғасқан. 4 спортшысына Қызылорда облысы сенім артып отырса, қарағандылықтар 3 атлеті үшін тақым қысады. Атырау, Ақтөбе, Ақмола облыстары екі атлет дайындаған болса, Абай, Солтүстік және Батыс Қазақстаннан олимпиада ойындарында 1 спортшы өнер көрсетеді. Ал Павлодар, Қостанай, Маңғыстау және Ұлытау облыстарының спортшылары Парижге лицензия жеңіп ала алмаған.

Парижде ел намысын қорғайтын спортшылардың ең кішісі — 18 жасар таэквондошы Батырхан Төлеуғали. Батырхан — Шығыс Қазақстан облысының спортшысы. 80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Лицензияны биыл көктемде Қытайдың Тайань қаласында өткен азиялық іріктеу турнирінде жеңіп алды. Ал құраманың жасы үлкен спортшысы — 38 жастағы семсерлесу спортының өкілі Эльмир Алимжанов. Оған лицензия олимпиадалық рейтинг бойынша берілді. Эльмир — Шымкент қаласынан. Осыған дейін өзі қатысқан 2012 жылғы олимпиадада 9-орыннан көрінді.

Айта кететін тағы бір маңызды ақпарат, бокстан әйелдер құрамасы тұңғыш рет үш спортшымызды үкілеп қосатын болса, әйелдер күресі құрамасы ойындардан шет қалды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin