Түркістан облысы: Педагогтар Қаңлы дәуіріне тиесілі Хань империясының айнасын тапты

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің археология орталығы Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Қарааспан ауылдық округінің Төлебайтөбе қорымындағы 3 обаға қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде зерттеушілер Қаңлы дәуіріне тиесілі Хань әулетінің айнасын тапты.

Әйел адамның қабірінен табылған қола айна жоғары дәрежеде бағаланып, оны ауқатты, бай-қуатты адамдар ғана қолдана алған. Тарихи жәдігерге қарап қайтыс болған адамның жоғары дәрежелі қызметте болғанын білуге болады. Айнаның пішіні дөңгелек, ортасында жіп өткізуге арналған тесігі бар, ал беткі жағы 8 аркалы келген. Бұған дейін ұқсас айналар Кушан империясының орталығы Ауғанстан аумағындағы Тилля тепе қалашығынан және оңтүстік Оралдағы сармат патшаларының жерлеу орындарынан кездескен. Сондай-ақ, көшпелі сюнну (хунну) азиялық империя шаньюларының қабірлерінен де табылады.

Үш бірдей обаға зерттеу жүргізген ғалымдар 1,2 обалар көне заманда тоналғанын айтады. Ал, үшінші обадан біздің заманымызға өте құнды жәдігерлер қалған. Атап айтқанда, құмыра, Хань кезеңіне тиесілі қола айна, Рим кезеңінде қолданыста болып, түйреуіш рөлін атқарған фибула, сырға, сонымен қоса майда бисер мен қолға тағуға арналған ірі моншақтар табылды. Аяқ киім мен белдіктің тоғасы, құс аулау үшін арнайы жасалынған жебе ұшы да бар. Алтынмен қапталып, көгілдір ақық және асылтас рубинмен әшекейленген полихром стилінде жасалған сырғаның пішіні ай тәрізді. Біздің заманымызға дейінгі 1-ғасыр мен біздің заманымыздың 1-ғасырында сармат-қаңлы әлеміне тиесілі әшекейдің астыңғы жиегі жүзімнің дәні сияқты жасалған, сегіз қыры күн шуағы іспеттес.

Табылған жәдігерлерге қарап Қаңлы мемлекеті мықты және қуатты империялармен байланыста болғандығын білуге болады. Ұлы Жібек жолының орталығында орналасқан Батыс пен Шығысты жалғастырған сауда-саттықты дамытып, үлкен қалаларды гүлдендірген Қаңлы мемлекетімен кейінгі Рим, Византия, Кушан, аспан асты елі Қытай тең дәрежеде дипломатиялық қарым-қатынаста болған. Қаңлы мемлекетінің құрамына азиялық сармат, сюнну(хунну), қаңлы мен кейінгі сақтар кірген. Ал жерлеу орнының уақыты біздің заманымызға дейінгі II ғасыр мен біздің заманымыздың IV ғасырын қамтиды. Археологиялық экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Подушкин аталмыш жауһарлар тарихи құндылығына қарай Ұлттық музейге тапсырылатынын айтады. Зерттеу жұмысына Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығының ғылыми қызметкерлері де қатысты.

Тарихи деректерге үңілсек, қазіргі Қазақстан Республикасы аумағындағы жерлерде бірінші болып, б.з.б. IV ғасырдан бұрын біріккен Қаңлы мемлекеті болған. Ал б.з.б.323 жылы Александр Македонскмй қайтыс болғаннан соң, қазіргі Өзбекстан Республикасы  аумағында 12 арыстан құралған Қаңлы мемлекеті пайда болды. Астанасы — Кангх қаласы.  Қаңлы Мемлекетінің аты алғаш Қытай жылнамасы «Шы Жи»-Дауан Лежуанда («Тарихи жазбалар»-Ферғана тарауы) жазылған «Қаң жүй го» деген атаудан алынған. Қаң жүй – қаңлы (орыс әдебиетінде «кангюй»), го — «мемлекет» деген мағынаны білдіреді.

Қаңлының біздің заманымызға дейінгі кезеңде кангюй деген атпен мәлім болғаны белгілі. Алғаш рет бұл этнонимге байланысты тарихи дерек қытай елшісі Чжан Цзянның жазбалары арқылы мәлім болды. Ежелгі кангюй тарихын зерттеген тарихшылардың бәрі осы елшінің тарихи мәліметтеріне жүгіне отырып , ежелгі кангюлар туралы өздерінің көзқарастарын баяндайды. Кангюй тарихын едәуір зерттеген С.Г.Кляшторный Чжан Цзянның саяхатына байланысыты өзінің пікірін төмендегіше көрсетеді. « Б.з.д 138 ж. Хан астанасынан елшілер керуені шықты; император У- дидің елшісі князь Чжан Цзянмен алыстағы беймәлім елдерге 100 адам бірге аттанады. Арада 13 жылдан кейін екі адам ғана – Чжан Цзян және оның құлы қайтып оралды. Тағы да 10 жыл өткен соң , ұлы саяхатшының соқпағымен батысқа жібек арытқан керуендер аттанды.

Қаңлы туралы Сым Цян  тарихи жазбаларында (145-90 жылдары біздің дәуірімізге дейінгі) кездеседі.  Қытайлар  «Канцзюй(кангюй) елі» деп атады. Қанглы (Қаңлы) этнонимі қытай кітаптары мен жылнамаларында ғана емес, сонымен бірге парсылық зороастризм дін кітабы “Авестада” , деректері мен үнді халқының эпосы “Махабхарата” қолжазбалары ның деректерінде де әйгілі болған   Зороастризм діні жөнінде жазылған  «Авесте» кітабында  Туран даласындағы  «Кангха  бекінісі» ирандықтардан қорғану үшін салынғанын айтады. Индиялықтар «Канка» халқы  сақтармен бірге, ол ариялықтардың Солтүстігінде тұратынын айтады. Сонымен  этноним  «кангюй»  сөзі біздің  жыл санауымыздан бұрынғы 6 ғасырдан  бұрын кездеседі.

“Кангха”, Орхон-Енисей сына жазуларында таста “Кану-Тарбан”, ежелгі грек географы және тарихшысы Птоломейде “Канагай” деп кездеседі, Фирдоусидің “Шахнамесінде” Туран мемлекетінің астанасы Кан қаласы болып табылады” делінген.  8-ғасырда Орхон жазуымен жазылған “Күл тегін”, “Білгі қаған” ескерткіштерінде “Қаңғу-Тарбан” түрінде кездеседі. “Тарбан” деп Отырар қаласын айтқан. Кейбір деректерде “Кенріс”, “Қаңғар” деп те айтылады.  Тасқа жазылған ертедегі түріктік орхон-енисей сына жазуларында тәңір түріктерінің көсемдері Қаңлы туралы былайша бағалайды:”Қаңлы ата бізге келді“, бұл Түрік қағанаты кезінде қаңлы руының маңызы туралы баяндайды. Сондықтан қазақ халқында осы уақытқа дейін: “Құрметтелетін халықта Қаңлы бар”, “Қаңлыдан хан сайлайды”, “Қаңлы бар жерде басқа хан болмайды” деген сөз бар. Белгілі ғалым және ақын Шәкерім қажы “Түріктердің, қырғыздардың және қазақтардың шежіресі” кітабында қаңлы туралы былай деп жазады:”Олардың (қаңлылардың) бұрынғы уақыттарда бектері көп болған. Стамбулда қаңлы руынан шыққан көптеген Осман түріктері тұрады”.

Қаңлы тарихы б.з.дейінгі IV ғасырдан белгілі, онда олар Кангха халқы ретінде жазылған. Ал ертедегі қытай құжаттары ” Хан әулетінің кітабында”қаңлы “Кан жуй” деп тіркелген, ал бұл жазулар б.з. дейінгі II ғасырдың екінші жартысына жатады. Ертедегі дәуірлер туралы қытай кітаптарында “Кан жуй гую – Қаңлы мемлекеті” деп айқын көрсетілген. Басқа қытай кітаптарында қаңлы “Кан, Кангла, Кангуй, кангар, кенгерес” ретінде бейнеленген. Сонымен, б.з.дейінгі 3-1 ғасырларда қаңлы Сырдария, Шу өзендерінің алқаптарында, Қаратау аңғарында өмір сүрген деген қорытынды шығаруға болады. Сол уақыттарда олар шығысында үйсіндермен, батысында аландармен, оңтүстігінде Ферғанамен шектеседі. 

Осы орайда тілге тиек ететін тағы бір жаңалық. Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейі бүгінде келушілерге қызмет көрсетуде. Көне жәдігер саналатын тарихи-мәдени орынды Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары, бөлім басшысы мен мамандары, аудан, қалалардағы бөлімдердің өкілдері аралап көрді. Музей басшылығы тарихымен қатар, алда тұрған міндеттерді де таныстырып өтті.

«Аппақ ишан» мешіт-медресесінің іргетасы 1845 жылы қаланған. Бастапқыда қам кірпіштен, білім алушылар қатары көбейген соң үлкен ғимарат салынған. Мешіт-медресе құрылысына өңірге діни білім мен ілімді таратушы Қосым ишанның ұрпақтары бастама көтеріп, ауыл тұрғындары қолдау білдірген. 1883 жылы басталып күйдірілген кірпіштен тұрғызылады. Басы-қасында көпшіліктің Аппақ ишан атап кеткен Мақсұм Сейдахметұлының өзі жүреді. Мешіт-медресе кейін сол кісінің есімімен аталады.

Сол заманда білім беретін іргелі оқу орнында бір мезгілде 150-ге жуық шәкірт оқыған. 1926 жылға дейін жан-жақтан шәкірттер келіп оқи бастаған. Кейін тексеру жүргізіліп, қудалана бастайды. 1934-1937 жылдары музейде қазақша мектеп болып ашылып, балалар білім алған. Мектеп кейін жаңа жайға көшіріледі де тарихи ескерткіш бірнеше жыл қараусыз қалады. 1950 жылдары тарихи ескерткіштің бөлмелерінде бірнеше мекеме жұмыс істеген. Содан аудан тарағанша, яғни 1961 жылы тарихи жәдігер тағы да қараусыз қалады.

1970 жылы мәдени тарихи ескерткіштерді қорғау жөнінде заң шығады. Осыған сәйкес тарихи ескерткіш, мешіт-медресе жайы мемлекет қарауына өтеді. Араға бес жыл салып, 1975 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысымен қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Тарихи орынға екі рет ірі қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Ал үшінші рет аяқсыз қалады. Тарихи ескерткіштің сақталып қалуына сол кездегі ҚазССР Мәдениет министрінің орынбасары міндетін атқарған Өзбекәлі Жәнібеков зор ықпал етеді. Нәтижесінде Шаян мешіт-медресе тарихи сәулет кешені «Қазақ халқының ұлттық қолөнері кілем және кілемнен жасалған бұйымдар музейі» болып ашылып, 1982 жылы өз жұмысын бастайды.

Жалпы ғимарат 29 бөлме, 1 мешіт,1 дәрісханадан тұрады. Ғимараттың жалпы құрылыс алаңы — 1866,3 шаршы метр, үй көлемі 9227,5 шаршы метр оның ішінде пайдалану алаңы — 874,3 шаршы метр. Мешіт үстіндегі күмбездің биіктігі — 11,5 метр. Медресе 50/50 төрт бұрышты етіп соғылған. Сәулет-кешенінің Оңтүстік және Солтүстік жақтарынан ішінен төбеге шығатын екі саты есік жасалынған. Құжыралардың бәрі дерлік «П» әрпі іспетті етіп орналастырылған. Бір құжыраның бір бөлменің көлденеңі — 3,5 метр, ұзындығы — 6 метр, жалпы аумағы — 18 шаршы метр.

Музейде тарихтан сыр шертетін құнды жәдігерлер жинақталып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Музей ғимараты республикалық деңгейдегі тарихи-сәулет ескерткіші болып саналады. Ғимарат XIX ғасырдың соңындағы сәулетті ескерткіштердің бірі ретінде Қазақстанның киелі жерлері географиясына енгізілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin