Түркістан облысы: Республикалық деңгейде «Күй құдіреті» күйшілер байқауы ұйымдастырылды

Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы ұйымдастырылды. Облыстық «Фараб» кітапханасында өткен байқауды облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен өңірімізде руханиятқа, өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, облыстың барлық аймақтарында ақындар айтысы ұйымдастырылып, терме өнерінің дамуына жағдай жасалып, ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда. Осы үрдістердің заңды жалғасы ретінде ұйымдастырылған байқауда байтағымыздың әр аймағынан келген 30-дан астам күйшілер бақ сынады. Оңтүстік өңірінен шыққан дәулескер күйшілердің жарыққа шықпаған туындылары өте көп. Бұл байқаудың мақсаты – сол құндылықтарды қайта жаңғыртып, өзіндік орындау мақамымен қолданысқа енгізу, – деді өз сөзінде Бейсенбай Дәулетұлы.

Күй байқауында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің көркемдік жетекшісі Батыржан Мықтыбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Темірбек Қазенұлы, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері Мұрат Әбуғазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Нұрбек Тапалов, танымал дирижер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Дәуренбеков және ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестірінің дирижеры Шыңғыс Исаев қазылық етті.

Байқауға қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынасты. Алғашқы кезеңнің талаптары мен шарттарына сәйкес үміткерлер Сүгір Әлиұлының күйлерінен бір күй және Төлеген Момбековтың күйлерінен бір күй орындады. Ал екінші кезеңде Айтқали Жайымовтың «Шалқыма», Ермұрат Үсеновтың «Майра», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақсақ құлан» және Қаршыға Ахмедияровтың «Хамаң толғауы» күйлерінен билет бойынша біреуін таңдап, қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүймелдеуімен және жеке домбырамен орындады.

Байқау нәтижесі бойынша Түркістан облысының күйшісі Ернар Сәтім жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысынан келген Аяна Сатаева І орынға ие болса, Шымкент қаласынан Әліби Нышан және Алматы қаласынан Ержанат Жарқыннұр жүлделі ІІ орындарды бөлісті. Алматы қаласынан келген Нұрдана Тоқтан, Түркістан облысының өнерпазы Сұлтан Дінмұхамед және Алматы қаласының өкілі Сырым Шонбаев ІІІ орындарды иеленді. Сондай-ақ Қарағанды облысынан қатысқан Сейілхан Сайлауов Сүгір атындағы арнайы жүлдемен, Астана қаласынан келген Бауыржан Жолдыбеков Төлеген Момбеков атындағы арнайы жүлдемен және Алматы облысынан келген Серік Жұмағали Нұрғиса Тілендиев атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Ал Маңғыстау облысынан келген Берік Сатов, Атырау облысынан келген Әнуар Зинединов және Қарағанды облысынан Темірлан Кубат дипломант атанды.

Байқаудың мақсаты – қазақ халқының мәдени мұрасының бірегейі – күй өнерін кеңінен насихаттау, күй өнерін дамыту және талантты күйшілерді анықтау.

Шынын айту керек, күй — музыкалық жанр, қазақ халқының аспаптық пьесасы. Домбыра, жетіген, қобыз, сыбызғыда шығарылып, тартылып келген. Музыка өнерінің дамуына байланысты, күйлер халық аспаптары оркестрлерінің репертуарларында көп орындалады. Күй — қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының аспаптық музыкасына тән атау. Махмұд Қашқариға сілтеме жасай отырып, күй сөзінің төркіні «көк» деген түркі сөзінен шығуы мүмкін деген болжамдар бар.

Күй XIV ғасырда жеке музыкалық жанр болып қалыптасты. Күйлер мазмұны аңыз-ертегілерге, нақтылы тарихи оқиғаларға құрылып, көбіне бағдарламалы түрінде дамыды. Онда халықтың басынан өткен тауқымет пен әділетсіздікке қарсы күресі, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуаныш сезімі терең толғаныспен өрнек-бояуын тапты. Күйдің мелодиялық-формалық құрылысы, ырғақтық-орындаушылық әдістері сан алуан. Мысалы, Құрманғазының күйлері жігерлі, екпінді, ал Дәулеткерейдің күйлері терең толғауға, романтикалық лирикаға негізделген, Тәттімбеттің күйлері әуейі әсем, тәтті мұң мен қоңыр сазға толы болса, Қазанғаптың күйлері құбылмалы, ойнақы, төкпе жыр іспетті болып келеді.

Домбыра күйлері параллельді, терция, секундына автомат арқылы тартылады. Параллельді кварталар мен квинталар күйге көркем нақыш-бояу берумен қатар оның әуен-саздылығын өсірелей түседі. Күйлердің көлемі әр түрлі болады. Кейбір күйлердің көлемі 150-ден 200 тактіге (мысалы, Боғданың «Боз төбесі» мен Динаның «Әсем қоңыры», т.б.) дейін жетеді.

Қазақ күйлері өзінің құрылыс абылай тәсіліне, орындаушылық дәстүрін қағыс түріне қарай, негізінен, екі стильдік мектепке бөлінеді. Біріншісі — екпінді қарқынды, музыкалық бейнет жағынан бағдарламалы симфониялық сипатта шығарылатын күйлер (Жантөренің «Шалқымасы», Құрманғазының «Кішкентайы», «Сарыарқасы», Динаның «Бұлбұлы», т.б.), ал екіншісі — терең филос, ой-сырға толы, шертпе күйлер (Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», «Көкейкесті» мен «Сылқылдат», Тоқаның «Қосбасары», Сүгірдің «Тоғыз тарауық т.б.). Күйдің идеялық-көркемдік диапазоны кең.

Халық қүйшілері өздерінің шығармаларында адамдарды («Құдаша», «Айжан қыз», т.б.), жануарларды («Ақсақ құлан», «Боз айғыр», т.б.), құстарды («Аққу», «Қоңыр қаз», т.б.), табиғат құбылыстарын («Ақ боран», «Көбік шашқан», «Сары өзен», т.б.) суреттейді. Бұдан басқа күйлер мазмұнына, характеріне қарай тарихи күйлер («Ел айрылған», «Ноғайлының босқаны», т.б.), лирикалық күйлер («Ақ желең», «Байжұма»), аңыз күйлер («Нар идірген», «Қорқыт», т.б.), қаралы күйлер («Салық өлген», «Бозінген», т.б.), арнау күйлер («Абыл», «Дайрабай», «Ғазиз», т.б.) сияқты тақырыптарға бөлінеді. Күй өзінің музыкалық формасы жағынан әр түрлі. Қазақ күйлері ішінен 2-3 бөлімді, сирек болса да 3 бөлімді рондовариациялық синтетикалық формалардағы туындылар да кездеседі. Күй орындауда қағыс маңызды орын алады.

Қағыс арқылы күйдің ырғақтық мәні мен динамикасын, сыр-сипатын анықтайды. Қол қағыстарында нотаға түспейтін көптеген «сиқырлы» сырлар да бар; олар «жаппай қағыс», «кезек қағыс», «шертпе қағыс», «шұбыртпалы қағыс» болып жіқтеледі. Күйдің көпшілігі — бір бөлімшеде сақталған. Көбіне қолдан қолданылатыны екі бөлікті жөне төрт бөлікті өлшемдер, сондай-ақ 3/4, 3/8,5/8,6/8 т.б. музыкалық өлшемдері де болады. Кей кетерде ауыспалы өлшемдер де кездеседі. Қобыз бен сыбызғы күйлері домбыра күйлеріне қарағанда көп сақталмаған. Қобыз күйлері, негізінен, эпик. мінезде келсе, сыбызғы күйлері табиғат көріністері мен хайуанаттар дүниесін суреттеуге құрылым, оларда әуен-саздылық басым келеді. Сыбызғы күйлері өте шағын. Олардың атаулары да көне. Қобыз күйлерінің құрылымы күрделі болып келеді. Қобыз күйлері Қорқыт атадан бастау алған. Оның шығармаларын бізге жеткізген Ықылас болатын. XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген Абыл, Әлшекей, Әлікей, Байжұма, Байсерке, Баламайсан, Боғда, Дайрабай, Дәулеткерей, Дина, Есжан, Жантөре, Қазанғап, Құрманғазы, Саймақ, Сейтек, Сүгір, Тәттімбет, Тоқа, Түркеш, Ықылас сынды күйші-композиторлар қазақтың ұлттық күй мәдениетінің жан-жақты дамуына мол үлес қосты.

Қазан төңкерісінен кейін күйлер ансамбльдер мен оркестрлерге арналып қайта өңделіп, орындалатын болды. Мазмұны мен түр жағынан да жаңара түсті. Күй сарындары қазақ қомпозиторларының музыкалық туындыларында (опера, балет, симфония, т.б.) бой көрсетуде. Мысалы, Е.Г. Брусиловский «Қыз Жібекте» «Ақсақ құланды», М.Төлебаев «Біржан — Сарала» «Соқыр Есжанды», Е.Рахмадиев «Алпамыста» «Құдаша» күйлерін пайдаланған. А.В. Затаевич, Қ. жөне А.Жұбановтар, Б.Г. Ерзакович, А.Алексеев, П.В. Аравин, А.Сейдімбеков, т.б. күйдің тарихи-теориялық мәселелерін зерттеп, нотаға түсіруге көп еңбек сіңірді.

Жалпы, қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй-қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы. Халық күйлерінің әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі, халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін көрсетеді.

Үш әлемді байланыстырған «Бәйтерек», одан пайда болған «Домбыра», адам қажетіне жарап, байланысу арқылы тәрбие мен білім көзін ашуға ықпал еткен. Үш әлеммен байланысқан құдірет иесі — домбыра өнері ұлттық идеологияны дамыту үшін де керек. Ұлттық идеологияда домбыра әуенін ұстанбай, ұлттық құндылықтарды сақтап жалғастыру қиын болмақ.

Жерден өскен ағаш адамға пайдасын (жеміс, жапырақ) береді. Ал домбыра қоңыр әуен арқылы құлаққа еніп, ықпал етеді. Жерден өнген өнімдер адам қорегіне қажет болса, домбырадан шыққан күй — адамның рухани жан азығы. Демек, айналаны қоршап тұрған дыбыс екен, ал оны жағымды әуендерге айналдырып жеткізетін — домбыра аспабы. Егер қоршаған айналаның дыбыстары түгел жойылатын болса, онда адамдардың өмір сүру қабілетіне нұқсан келген болар еді. Мысалы, қазіргі үлкен қалаларда құстардың табиғи сайрауының жоқтығы үлкен ой салады.

Күй — өте көне өнер, оның шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, ұлыстық дәуірден бастау алады. Ұлыстық дәуір мәдениеті Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы замандарынан сыр тартады. Қазіргі аңыз күйлердің ішінде сол замандардан қалған туындылар мынау еді деп айту мүмкін емес, ал, әдеби мұраларымыз сақталған. Мысал, ретінде Томирис туралы әпсананы айтуға болады. Одан кейінгі дәуір Түрік қағанаты. Бұл кезеңдегі күйлердің де дерегі жоқ, бұл әдебиетімізде ұлыстық ояну кезеңі деп аталады. Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегіндердің тасқа қашап жазған жорық жырлары осы кезең ескерткіштері. Келесі — Алтын Орда дәуірі, бұл кезеңдегі музыкалық мұрамыз — «Ақсақ құлан-Жошы хан» күйінің тараулары.

Күйдің ұлттық дәуірі деп Қазақ хандығы заманын айта аламыз, бұл жыраулық дәстүрдің салтанат құрған кезі, күйдің де ұлттық сипатқа лайық аспаптық шығармаға толық айналып болған кезеңі. Бұл кездегі күйлер -тарихи күйлер қатарына жатады, мұнда хандық мемлекеттің басынан өткерген салтанаты мен қайғысы баяндалады. Асан қайғының күйлері, қазақ пен ноғайдың айырылысқан трагедиясына шыққан толғау күйлер, көне жер-су аттарына бағышталған күйлер осы кезеңнің ескерткіштері.

Күй аспапты музыка ретінде сөзге кіріптар емес, өмір тіршілік дерегін білдіретін ең мәнді сөз немесе сөйлем көп ретте күйдің әуендік буын ырғағына ғана әсер етеді. Күйдің логикалық құрылымына сөз ықпал ете алмайды. Сондықтан да, күйдің музыкалық бітімі өзінің біртұтас әуендік жаратылысымен, бас-аяғының бүтіндігімен тәнті етеді. «Музыкалық интонация сөзден де, биден де, адам денесінің қимыл қозғалысынан да ешқашан байланысын үзбейді, бірақ сол үлгінің заңдылықтары мен белгілерін өзінше қорытып музыкалық тілмен жеткізеді», — дейді Б.В.Асафьев. Әрине, күй өнерінің бейнелеу құралы сөзсіз дыбыс болғандықтан, тыңдаушысын ең алдымен әуендік, дыбыстық тілмен баурайды. Кәнігі тыңдаушы күйдің әуендік, дыбыстық тілін іштей жорып, алуан түрлі сезіммен әсерге бөленеді. Мысал үшін, Ілияс Жансүгіров үшін күй «сыбырлайды», «мұңаяды», «толғанады», «зарланады», «бұрқырайды», «сарнайды», «ақтарылады», «лепілдейді», «сылдырлайды», «күмбірлейді», «сыңқылдайды», «күркірейді», «сорғалайды», «еркелейді», «тербейді». Бұл мысалдан аңғартады — музыканың, оның ішінде күйдің де сезімдік тілі өмірдің өзіндей шексіз дегенге саяды. Неғұрлым музыканың ұлттық төлтума тілі айқын болса, неғұрлым сол төлтума тілге тыңдаушының құлағы қанық болса, яғни музыканың ұлттық тіліне жүйрік болса, соғұрлым музыка мен тындаушы арасындағы сезімнің тілі бай болмақ. Қазақ күйлерінің музыкалық тілін түсінетін, семантикасын жори алатын білікті тыңдаушы оның күйкіліктен ада екеніне, қара бастың рахатын күйттемейтініне, тек қана жарық жалған, шексіз дүние аясындағы өмір тіршіліктің ұлы құндылық ретінде терең сезімге бөлейді.

Қорыта айтқанда, күй – ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың асыл мұрасы. Оның өміршеңдігінің өлшемі уақыт талғамайтын, кезең, дәуір шаңдағында қалып қоймай, әр заманның рухани тілегіне сәйкес, жоғары интеллектуалдық парасаттылығымен табындырып, өзгеше өрнегімен таразыланады. Күйлер халықтың тарихи тағдырымен тамырлас келеді. Сол себепті де күй өнері ұрпақ арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы ретіндегі уақытаралық қатынастың басты құралы болып табылады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin