Түркістан облысы: Сайрамда ауданында мал санын нақтылау және Қарабұлақ ауылындағы мал сою орындарының жағдайы бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстары талқыланды

Бүгін Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті. Күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер қаралып, олардың орындалу барысы пысықталды.

Алдымен «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша қаржы сарапшысы М.Чингельбаева жобаның мақсатын таныстырды. «Қарызсыз қоғам» жобасы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығы бойынша құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған. Аталған жобаға несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізілімінде тұрған адамдар, ағымдағы несиелері бар және олар бойынша кешіктірулері болуы мүмкін адамдар, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын, жеңілдетілген несиелер алатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер қатысады.

Кейінгі кезекте аудан әкімінің кеңесшісі Рысқұл Есполай аудандағы мал санын нақтылау және Қарабұлақ ауылындағы мал сою орындарының жағдайы бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарын баяндады. Талдау барысында аналықтан алынған төлдің бас саны биыл төмен нәтиже көрсеткені аталып, сонымен қатар көрсеткішті жоғарылату мақсатында мүйізді ірі қара малдың ішінен сиыр басынан төлдің орнын толтыру мүмкіндігі бар екендігі түсіндірілді. Ағымдағы жылы аудан көлемінде ауыл шаруашылығы жануарларының қозғалысын қадағалау және ветеринариялық-санитариялық талапқа сай жұмыс істеуі мақсатында аудан көлемінде мал ұрлығына қарсы бірлескен жұмысшы тобының іс-қимыл алгоритмі түзілген болатын. Іс-шараны атқару барысында 1 апта көлемінде Қарабұлақ және Ақсукент ауыл округтерінде рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Қарабұлақ ауылының Көлкент тас жолы бойында орналасқан мал сою бекеттерінде ірі қара малдың ілеспе құжаттарсыз жұмыс істеп, ветеринариялық-санитариялық талаптардың толық сақталмауы секілді кемшіліктер анықталып, заң аясында тиісті мөлшерде айыппұл салынды. Алгоритмге сәйкес, бұл бағытта рейдтік шаралар тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Келесі сөз кезегінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Баймурза Бейсембаев аудан бойынша 2023-2024 жылдарға қысқы жылыту маусымына қатысты жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарына тоқталды. Аудан бойынша осы жыл аралығында жылу беру маусымына дайындық туралы іс-шара жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда іс-шара жоспарына сәйкес, жылыту маусымына аудан аумағындағы бюджеттік мекемелерден білім беру, жұмыспен қамту, мәдениет және спорт сала объектілеріне жылу жүйелеріне сығымдау жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде. Аудан аумағында 37 мектеп және балабақша қатты отынмен, 49 мекеме табиғи газбен және 3 мекеме сұйық отынмен болса, мәдениет, спорт және кітапхана нысандарынан 28 нысан табиғи газбен және 5 нысан қатты отынмен жылытылады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік салалар бойынша 3 мекеме көгілдір отынмен, сонымен қатар денсаулық сақтау нысандарынан 14-і көмірмен, 30-ы табиғи газбен, екеуі сұйық отынмен және біреуі электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Аудан аумағында жалпы 76 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Аудан аумағында орталықтандырылған жылу жүйесі болмағандықтан, аталған үйлер дербес жылу пештермен жылытылуда. Аудан аумағында 37086 тұрғын үй бар. Оның 27213-і газбен, қалған 9873-і қатты отынмен жабдықталған.

Аудан басшысы Арман Сәбитұлы: «Жылу мәселесін бақылауда ұстап, жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын. Әлеуметтік нысандардың барлығы талапқа сай жылумен қамтылуы тиіс. Жылу қазандықтары мен ауылдық округтерінің аумақтарындағы тозығы жеткен, ескі электр бағаналардың жағдайын зерделеп, қажеттілігіне қарай ауыстыру жұмыстарын қолға алыңыздар. Ауданға қажетті көмірдің уақтылы жеткізілуін қадағалаңыздар. Ауданның қысқа дайындығын бақылауға алыңыздар» — деді.

Мұнан кейін Қарамұрт ауылдық округінде «ҚарамұртГаз» ЖШС-інен табиғи газды тұтынатын тұрғындарға өзара келісімге келу, серіктестіктің қысқа дайындығы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ауылдық округінің әкімі Мамуржан Нажиевке тапсырды.

Соңғы мәселеде бөлім басшысының ауданның санитарлық тазалығын сақтау бағытында атқарылған жұмыстары тыңдалды.

Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты аудандық дербес бөлім және мекеме-ұйым басшылары мен ауылдық округтерінің әкімдеріне тапсырмалар жүктелді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.