Түркістан облысы: Сайрамдық кәсіпкерлер отандық өнімнің түр-түрін шығарады

Кәсіпкерліктің қарқынды дамуы Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына сеп болып отыр. Жаңа жұмыс орындары, ішкі нарықты қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау айрықша маңызға ие. Осы тұрғыда ауданда БАҚ өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлік нысандарға баспасөз-туры өтті.

Тілшілер алдымен Манкент ауылдық округіндегі жаңадан ашылған «Өзге» спорт кешенінің жұмысымен танысты. Аталған нысанның құны 770,0 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мемлекеттен 170,0 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Спорт кешені бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Жалпы, Сайрам – шағын және орта кәсіпкерлігі дамыған аудан. Кәсіпкерліктің басым бөлігі ауыл шаруашылығы бағытында болса, одан бөлек сауда және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Бүгінде жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 25,4%-ға артып, 21 701 бірлікті құрады. Оның 53%-ы жеке кәсіпкерлер болып табылады. Олар аудан экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

Мұнан соң журналистер аудан орталығы Ақсукент ауылдық округінің жетекші кәсіпорындарын аралады. Солардың бірі — газоблок пен бетон бұйымдарының барлық түрін өндіретін «ECO-BUILDING GROUP» ЖШС. Аталған кәсіпорынның басшысы Мадияр Шадиярбекұлының айтуынша, бұл мекеме жылына 150 мың текше метр өнім өндіреді. Жобаның жалпы құны 1 026,3 миллион теңгені құрап, мұнда 62 адам тер төгіп жүр. Кәсіпкерлік нысан Шымкент қаласы мен Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарына өнімдерін өткізеді.

БАҚ өкілдері барған Ақсукент елді мекеніндегі екінші нысан — «TURKISTAN май» сауда белгісімен күнбағыс майын өндіретін кәсіпорын. Аталған кәсіпорын жылына 1200 тонна май өндіреді. Бүгінде 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жобаның құны: 435,0 миллион теңгені құрайды. Өткізу нарығының 70%-ы — Қазақстан, қалған 30%-ы Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай елдеріне экспортталады.

Сонымен қатар, тілшілер аудандағы ірі көлемде 60 мың тонна құрама жем өндіруге қауқарлы зауыттың жұмысымен танысты. «ЖК Абдукадиров» 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жобаның құны: 600,0 миллион теңге. Бүгінде өнімдерінің 30%-ы Өзбекстанға экспортталады екен.

Өздеріңізге белгілі, Президентіміз ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды, жобаның мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Сайрам ауданынан бұл жобаға 4 ауылдық округі еніп отыр. Нақтырақ айтсақ, Ақбұлақ, Жібек жолы, Қайнарбұлақ, Көлкент ауылдық округтері.

Аталған төрт ауылдық округі бойынша жоба аясында жалпы 266 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 234 азаматтың 1,2 миллиард теңгені құрайтын жобалары дайындалып, «Ырыс» МҚҰ-на ұсынылған. Соның 189 жоба (1,1 миллиард теңге) мақұлданып, оның 132 жобасы (757,6 миллион теңге) нақты қаржыландырылды.

Осыған орай, журналистер «Ауыл аманаты» жобасы аясында бизнесін ашқан фермермен кездесті. Көлкент ауылының кәсіпкері Темірхан Сәрсенов ұлттық жоба аясында 5 миллион 600 мың теңге көлемінде 2.5%-бен несие алған. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер 80 бас ірі қара мал сатып алып, қой санын көбейтуді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, журналистер тіс емханасына бас сұқты. Көлкенттік тіс дәрігері Маружон Имамов кәсіпкерлік бағытта 7 100 000 теңге көлемінде ұлттық жобая аясында несие рәсімдеген. Кәсіпкер қаржыға стоматология жабдықтарын қосымша кеңейту мақсатында алып отыр.

Шара аясында БАҚ өкілдеріне Қарабұлақ ауылдық округіндегі бұзылған «қызыл сызықтағы» нысандар көрсетілді. Естеріңізге сала кетейік, аудан әкімі Арман Сәбитовтың тапсырмасы бойынша Қарабұлақ ауылдық округінде заңсыз салынған 17 нысан анықталды. Бүгін олардың 3-еуі сүрілді, ал қалған 14 нысан иелеріне 20 қазанға дейін бұзуға уақыт берілген болатын. Егер кәсіпкерлер «қызыл сызықта» орналасқан ғимараттарды өз еркімен бұзбаған жағдайда, іс сотқа өтеді және кәсіпкер 1.5 миллион теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Баспасөз-турының соңында журналистер Қасымбек Датқа ауылындағы «Қайып ата» ЖШС-не барды. Бұл ет өнімдерін өңдейтін цех 2016 жылы іске қосылған. Жылына 6000 тонн ет өнімдерін өндіреді. Қазір мұнда 45 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдер Ресей және Өзбекістан елдеріне экспортталады.

Орайы келгенде айта өтейік, Сайрам ауданында сауықтыру туризмі де дамып келеді. Еліміздің барлық аймағынан, шет мемлекеттерден келіп демалатын Манкент санаториясы — ауданның мақтанышы. Осы орайда, түнеугүні аудан әкімі Арман Сәбитов емдеу-сауықтыру орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, оң бағасын берді. 420 адамға арналған шипажайға жылына 15 мыңнан астам адам келіп ем алады.

Сонымен қатар, аудан басшысы іргетасы 2020 жылы қаланған заманауи шипажайға да барды. «Салыстырмалы түрде жаңадан ашылған шипайжайға келіп ем алушылар саны күн сайын көбейіп жатыр», — дейді курорт басшысы. Бүгінде «Sairam Thermal Resort» шипажайы 50 адамды жұмыспен қамтуда. Мамандардың айтуынша, жылына 3000 адам келіп демалатын көрінеді. Жобаның құны — шамамен 500 миллион теңге.

Аралау соңында шипажайлардың жұмыс барысын бақылаған аудан басшысы Арман Сәбитов жоғары бағасын беріп, аудан кәсіпкерлерін әрдайым қолдайтынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin