Биыл наурыз айының соңында жас суретшілердің «Ұлы дала ұрпағы» республикалық байқауы Түркістанда ұйымдастырылған болатын. «Атадан – мұра» қоғамдық қорының бастамасымен өткен аталмыш сайыста бүлдіршіндердің, мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің шеберліктері шыңдалды.
Байқау барысында Сайрам ауданындағы М.Оразалиев атындағы №41 мектебінің 9-сынып оқушысы Кәусар Нұрланқызы «Бейнелеу өнері» номинациясымен марапатталып, Астанада өткен «Атадан – мұра» қорының республикалық байқауларының суперфиналына, одан кейін Түркия еліндегі халықаралық байқауға жолдаманы жеңіп алған еді.
Міне, арада бір ай өткенде Каусар Нұрланқызының жарыс жолы Түркия мемлекетінің Ыстамбұл қаласында жалғасты. Әлемнің күллі елдерінен қатысқан қылқалам шеберлері сайысында оның салған суреті үздік саналды. Нәтижесінде «Дарынды жұлдыздар» балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ipek yolu» халықаралық балалар фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.
Орайы келгенде тілге тиек ете кетсек. Бүгін Түркістанда кәсіби мерекеге орай мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды. Қоғамның мәдени-рухани ғана емес, саяси-мәдени өміріне белсене араласып жүрген жандарды құттықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысты.
– Еліміздегі ең күрделі салада қызмет атқарып келесіздер. Біздің облысымыздың құрылғанына биыл 6 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында рухани-мәдени ошақтар бой көтеріп үлгерді. Мәдени ұжымдардың қалыптасуына сіздердің еңбектеріңіз орасан зор. Бір ғана өңірден емес, жан-жақтан келіп киелі мекенді түлетуге қызмет етіп жатыр. Бұл бір күндік не бір жылдық емес, жылдар бойғы дүние. Түркістанның жаңа мәртебесі туралы Заң жобасы қаралып жатыр. Бұл рухани бағасы мен мәдени құндылығын арттыра түседі деп ойлаймыз. Түркістан – облыстың ғана емес, түркі әлемінің де орталығы. Өңірден 600-ден астам мекемеде 4000-нан астам әріптестер еңбек етіп жатыр. Осы жандардың арқасында Түркістан былтыр да, биыл да біраз жетістікке жетіп отыр. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Биіктен көріне беріңіздер, – деген Бейсенбай Дәулетұлы бір топ қызметкерлерге «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тапсырды.
Жиын барысында өнер иелері мен сала қызметкерлері ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Құрмет» грамотасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің алғыс хатымен, Облыс әкімдігінің алғыс хатымен марапатталды. Облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Мақсат Исаев мәслихат төрағасының алғыс хатын табыстаса, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Тұрсынбаев Полат филиал төрағасының алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шара соңында марапат иелерінің құрметі концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда Түркістан музыкалық драма театрының өнерпаздары қазақ әндерінен попурри орындады. Күмбірлеген күйден шашу шашты.
Бұл күнде сандаған өнер және рухани ордалары бар Түркістан мәдениеті осы биігіне бірден жеткен жоқ. Қызығы мен шыжығы, сиқыры мен сергелдеңі қатар жүретін ұлы өнердің нағыз үлгісін жасау, сол майданда шынығу талантты тану мен насихатын арттыру сынды ұланғайыр еңбектің нәтижесі. Сол қазақ өнері мен мәдениеті аталатын ұлы ұғымның қасиеті мен киесінің артуына Түркістандық өнер иелерінің қосқан үлесі ұшан теңіз. Әр қайсысынң қолтаңбасының, маңдай терінің, жүрек табының нәтижесі мирасқор ұрпаққа мұра болып жете бермек.
Айта кетейік, елімізде бұл күн 2013 жылдан бері кәсіби мереке ретінде аталып өтіледі. Қазіргі таңда облыста 686 мәдениет және өнер мекемесі халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді. Кітапханалар, Мәдениет үйлері, концерт залдары, музейлер, театрлар және өзге де мәдениет ошақтары жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Конгресс Холл» кешенінің «Jana Lep» өнер ұжымы «Көктемдегі кездесу» музыкалық-поэтикалық спектаклін алғаш рет сахналады.
Қойылымды Дариға Тұранқұлова, Ғалым Доскен, Тұрсынжан Шапай, Гүлнар Салықбай, Еркін Жуасбек, Бақыт Беделхан, Қайрат Жолдыбайұлы, Ерлан Біләл, Жалғас Толғанбай, Мейрамбек Беспаев, Айгүл Қосанова, Жанболат пен Жазира және тағы басқа зиялы қауым өкілдері, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев тамашалады.
Екі сеансқа қойылған туындыны көруге келгендер қатары көп болды. Театр ғимараты алдында «Алқоңыр» тобы қонақтарды қарсы алды. Содан соң кіре берісінде облыстық Бейнелеу өнері музейінің арнайы жасақталған көрмесі арқылы өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Кеш барысында көркемдік жетекші Сержан Молдасанұлы өнер ұжымының құрылуы мен қалыптасуы жайында баяндап, келген көрерменге алғысын білдірді.
Шабыт пен сезімге толы бұл қойылымда қазақ поэзиясының классиктері мен қазіргі жас ақындардың өлеңдері алма-кезек оқылды. Сонымен қатар қазақ әнінің «алтын ғасырын» жасаған композиторлар мен бүгінгі жас композиторлардың әндері шырқалып, композициялық қойылым режиссерлік және хореографиялық шешімдер арқылы өрнектеле түсті. Өнерпаздар көрерменді ананы құрметтеу, махаббатты аялай білуге шақырды.
Қоюшы режиссері – Фархад Молдағали, саунд-дизайнер – Серікжан Атқали, инсценировка – Арайлым Мұраталиева, хормейстер – Ұлжан Амангелді, костюм бойынша суретші – Гаухар Ғалымжанқызы.
Айта кетейік, Түркістан қаласында өткен көктемгі мерекелік іс-шарада аталған қойылымның алғашқы нұсқасы көпшілік назарына ұсынылған болатын. Одан соң премьерасы өткізіліп, көрерменнің жүрегінен орын ала білді. Үлкен аудиторияға таныстырылған бұл туынды жақында үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласында сахналанған болатын. Мұндай іссапарлар бұдан әрі де жалғаса бермек.
Тағы бір алып-қосарымыз. Биыл көрнекті қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры жазушының «Қайдасың, Гауһар?» шығармасын сахналады. Екі күн қатарынан өткен премьераға келген қала тұрғындары мен қонақтар драманы жылы қабылдап, ризашылығын білдірді.
Театр директоры Орал Камал шара соңында сөз сөйлеп келген көрерменге алғыс айтты. Сондай-ақ жаңадан ашылған камералық қойылымдарға арналған залдың ерекшелігіне тоқталды. 150 адамға шақталған кіші залда бұдан бөлек моно-спектакльдер және балаларға арналған ертегілер сахналанады деді театр басшысы.
Хикаят инсценировкасын жасаған және сахнаға дайындаған – Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі, режиссер Шағуан Үмбетқалиев.
Спектакльде соғыс кезіндегі бір бозбаланың басынан кешкен махаббат хикаясы баяндалады. «Ит жоқта шошқа үрген» заманда басты кейіпкер Жәнібек тоғызыншыны бітіріп, мұғалімдік қызметін бастайды. Ауылдасы Жақан екеуін Алматыға 1 айлық оқу курсына жібереді. Ол кезде ауылдан келетіндердің жайы белгілі. Алматы сияқты алып шаһарда өмір сүру үшін жекжаттыкі болса да бір үй табу керек. Міне, сол үй – Жақанның немере жеңгесі Майра апайдың үйі. Үйге орналасқан соң соң, олардың қалай базар аралағаны, қыздарға қалжыңдасқаны сөз болады. Жәнібек Гауһар есімді бойжеткенмен танысады. Екеуінің араларындағы қимастық сезім махаббатқа ұласады. Бірақ соғыс, елдегі қиын ахуал екеуін табыстырмайды. Жәнібек сол күйі сүйгенін жоғалтып алады. Жүректе сағыныш, өкініш табы қалады.
Драма соңында көрермен қауым пікір білдіріп, өзі де қимас жаннан айырылып қалғандай күй кешкенін жеткізді. Заман тарлығы махаббатқа да тұсау салғанын іштей сезініп, көңіл күйі алабұртып, өзгеше әлемге бой ұрғанын жасырмады.
Әдебиетке келген әр жазарманның жүрек түбіндегі бір тақырыбы – махаббат. Бұл ынтық сезімді талай қалам жырлады. Бұл ыстық сезімді талай маржандай тізілген сұлу сөз кестеледі. Анықтамасы көп, ережесі жоқ бұл махаббатты әркім қадари-халінше жазып бақты. Бірақ көбісінің кейіпкері есте қалмайды, оқиғасы да ұмытылған. Елітпеген. Еліктірмеген. Жалпы, жан дүниеңде жанартаудай атқылап жатқан сезімді өзіңнен басқа біреудің ұғуы қиын ғой. Ол күйді қағазға шебер түсіру, көркем ойға салу жазушыларға да оңай шаруа болмаса керек-ті. Білетініміз, бұл тақырыпта қанша талантты болса да қаламға бір нәзіктік керек. Суреткердің ойымен бірге ағып отыратын сызылған әуен керек. Шілдеде жауған жып-жылы ақ жауынның демі есіңізде ме?.. Міне, кейіпкердің шынайы сезімін сезініп отырып, сондай күй кешесің.
Ал бұлай жазу Бердібек Соқпақбаевқа аса қиынға соққан жоқ. Жазушы қаламының лирикалық тынысы, әсіресе, осы «Қайдасың, Гауһар?» повесінде ерекше байқалады. Бір қарағанда, автор бұл шығармаға жазушылық қуатын барынша сарқымағандай көрінеді. Естен кетпес ескі жылдарды бір деммен жеңіл ғана баяндайды. Жалпы, бұл Бердібектің бұрнағы стилі ғой – оқырманның санасына көп салмақ салмайды. Оқушымен бірге кешқұрым теңіз жағасына серуенге шыққандай асықпай әңгімелейді. Сонысымен де әсерлі.
Сұм соғыс «мезгіл жетпей үзілген көк жемістей» балаларды ерте есейтті. Соның бірі – Жәнібек. Тоғызыншыны бітіре сала дырдай мұғалім атанды. Ұстаз болуға қайбір дайын дейсіз, ауылда іске татыр естияр еркек кіндік жоқ – бәрі әскерде. Сөйтіп, бозбала Жәнібек бір сәтте үлкен адамға айналып, ана тілінен сабақ беріп жүргенде Алматыға оқуға баратын болады. Ауыл баласы үшін бұдан асқан бақыт бар ма. Өмірі көрмеген үлкен қала – сабылысқан адамдар. Өзі құралпы Жақан (ол да қаражаяу емес, математикадан сабақ береді) екеуі бензовозға мінгесе кетіп, астанаға қарай тартты. Ол сонда алып Алматыда Гауһарды кездестірерін, оған алып-ұшып ғашық боларын, кейін жоғалтқан, сарсаңға түсіп іздеген сол бейнесі ақырында мәңгілік сағынышқа айналарын білген жоқ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.