Түркістан облысы: Сайрам ауданына биылғы 9 айда 39 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған

Сайрам ауданына ағымдағы жылдың 9 айында 38,9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Өткен жылмен салыстырғанда тиісті көрсеткіш 18,3%-ға өсіп отыр. Бұл жайында аудан әкімі Арман Сәбитов брифингте мәлімдеді.

Сонымен қатар, аудан басшысы аймақта жалпы өңірлік өнім көлемінің де едәуір артқандығын жеткізді. Дәлірек айтар болсақ, 2023 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 185 миллиард теңгеге жетіп, өсім 103,3 %-ды құраған.

— Ауданда өнеркәсіп саласында жыл басынан 33,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 3 жылда 1,7 есеге артып, бүгінде облыс бойынша аудан үшінші орында тұр. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары ауданда жалпы құны 75 миллиард теңгеге 19 инвестициялық жоба іске асып, 886 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде жыл басынан 9 жоба іске қосылып, 279 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 5 жоба іске қосылса, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарлануда, — деді аудан басшысы.

Алдағы уақытта іске асатын жобалардың қатарында сүт өнімдерін өндіретін «Туран Агро ет-сүт» өндірістік кооперативі бар. Сондай-ақ, «Meat magnat» ЖШС-і 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін «Samid Master» ЖШС-нің зауыт құрылысы жүреді.

Сонымен қатар аудан басшысының айтуынша, сайрамдық «ART Boilers» ЖШС-і Қытай еліндегі Гуандонь қаласындағы ірі жылыту қазандықтарын өндіретін «SNDWAY NEXHOLOGY CO.,LTD» компаниясынан 17 тонна пар шығаратын қазандықтар алуға және бірлесіп мамандарымен тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізуге келісім жасаған. Сондай-ақ, «Ет Агро Манкент» ӨК-і мен «Тұран агро Ет-сүт» АШӨК — мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы және қанды өңдеу кәсіпорындары құрылысын жүргізуге «ZHONG BANG HAO TONG» компаниясымен құрал-жабдықтарды сатып алуға ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Нәтижесінде сайрамдық кәсіпкер қытайлық компаниямен бірлесіп, 2024 жылы наурыз айынан бастап мал терісін, қаны мен сүйегін қалдықсыз өңдейтін зауыт құрылысын бастамақ.

Жалпы биылғы 9 айдың қорытындысында экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім сақталды. Ал негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 39,0 миллиард теңгені құрап, 18,3%-ға немесе 6,0 миллиард теңгеге артты. Сондай-ақ, ауданда құрылыс жұмыстары қарқын алды. Бұған дәлел биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 13,6 миллиард теңгені құрап, 20,5%-ға немесе 2,3 миллиард теңгеге артқан.

Бүгінде Сайрам ауданындағы барлық 42 елді мекені орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Сондай-ақ, аудан көлемінде 909 дана электр трансформатор орналасқан. Ауданда қосалқы станциялар 110/35/10/6 кВ – 16 дана болса, оның ішінде 2022 жылы қуаттылығы 35/10-6300 кВ «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-ы тарапынан салынып, пайдалануға берілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin