Түркістан облысы: Сайрам ауданына жер мәселесі бойынша Жамбыл облысынан тәжірибе алмасу мақсатында арнайы топ келді

Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің жер саласына жетекшілік ететін сала басшылары мен мамандары Сайрам ауданына арнайы іс-сапармен келді. Топ ішінде өңірлік әкімі аппараты басшысының орынбасары-заң қызметінің басшысы Е.Байболат, заң қызметінің бас инспекторы Ш.Сламбек, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Б.Көпбосынов, осы басқарманың бас маманы Н.Артаевтар болды.

Кездесуге Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев, Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Моминжанов, Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Абылғазиев қатысты.

Өз кезегінде Шухратулла Азатуллаұлы ауданның тыныс-тіршілігі мен жерге қатысты атқарылған жұмыстарды таныстырды. Оның сөзінше, бүгінгі таңда халық санының өсуіне байланысты тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер кезегінде тұрған азаматтардың саны жыл сайын артып отыр. Сонымен қатар, жергілікті халықтың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларымен айналысатындықтан, жайылым мен суармалы жерлерге де сұраныс жоғары болып келеді.

Жалпы, Сайрам ауданының барлық жер көлемі 114761 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 76820 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 51862 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 15466 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер — 2110 гектар, аудан аумағындағы жайылымдар — 22090 гектар, шалғайдағы (аудан аумағынан тыс жерлерде пайдаланылатын жайылымдық) жерлер — 8234 гектар.

Жер санаттары бойынша тоқталсақ, ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 76820 гектар, ал елді мекендердің жерлері — 22342 гектар. Өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 1940 гектар. Орман қорының жерлері — 243 гектар. Су қорының жерлері — 1028 гектар. Арнаулы жер қорының жерлері — 12388 гектар.

Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Сайрам ауданында 11 ауылдық округ (Ақбұлақ, Ақсукент, Арыс, Жібек жолы, Қайнарбұлақ, Қарабұлақ, Қарамұрт, Қарасу, Құтарыс, Көлкент, Манкент), 42 ауылдық елдімекен орналасқан.

Ауданда туризм және демалыс орындары үшін пайдалануға болатын табиғи ландшафтар мен шырайлы жерлер көп.

Соңғы деректерге қарағанда, аудан территориясында құстың 167, сүт қоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11, қос мекенділердің 3 және балықтың 5 түрі мекендейді. Шыбын-шіркей мен құрт-құмырсқаның 2124 түрі бар.

Сайрам ауданы өсімдіктер дүниесіне бай, аудан аумағында мүктің 63, қынаның 64-тен астам, қозықұйрықтың 235, жоғары сатыдағы өсімдектердің 1312 түрі өседі. Соның ішінде бұтаның 62 түрі, ағаштың 16 түрі кездеседі. Бұл — бүкіл Қазақстанның өсімдік құрамының төрттен бірі.

Аудан тау етегінде орналасқан, суық болмайтын күндері 185-200 күнді құрайды, жылдық ауаның ылғалдылығы — 330-390 мм. Қыс айларында қардың қалындығы 20-30 сантиметрге барады. Ұзақтығы 120-126 күнге созылады. Жер қыртысы ылғалды ашық сұр топырақты болып келеді. Ауданның ауыл шаруашылығы көп салалы егіншілік және мал шаруашылығымен айналысады. Ауданның тура ортасынан тау етегінен бастау алатын Ақсу өзені өтеді.

Егін шаруашылығында басты егілетін дәнді дақылдар: бидай, арпа, жүгері, мақсары, көкөніс, бау, жүзім, мал азықтық жоңышқалар.

Аграрлық құрылымында 8030 шаруа қожалығы, 244 өндірістік кооператив пен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және тағы басқа ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін мекемелер жұмыс істейді. Олардың ішінде бір неше консервілеу зауыты. Бүгінгі таңда Сайрам ауданында алма бау өсірумен айналысатын «Қара казим» ӨК, «Галия», «Сарман тәжі», «Нұрлы жол», «Айша» ШҚ-ры, жүзім 98 гектар, интенсивті баумен айналысатын «Dala Fruit», «Алмалы-С» ЖШС-і және «Dala Fruit» АШӨК-рі алма бау өсіріп, бүгінгі таңда жоғары өнім алынуда. Жазы ыстық, шілде айының орташа температурасы — 27-42 градус.

Ауданның дамыған гидрографиялық жүйесі бар. Аудан аумағынан өтетін Ақсу, Арыс және Машат өзендері негізгі суландыру көздері болып табылады. Құрамында минералды бай қоспалары бар емдік жылы суы арқылы Республика көлемінде жақсы танымал «Манкент» шипажайы бар.

Сайрам ауданы аумағын ағын сумен барлығы 53 канал қамтамасыз етеді. Бұл каналдардың 47-сі — Сайрам аудандық коммуналдық меншігінде, бұдан бөлек 6 канал — жеке меншікте. Сайрам ауданы әкімдігінің «Ақсу» МКК-ның шаруашылығына жалға берілген 47 каналдың жалпы ұзындығы — 362 шақырым, оның ішінде бетонды канал — 6, ұзындығы — 51,44 шақырым, жер каналдар — 41, ұзындығы — 302 шақырым. Осы каналдарда 173 су бөлу бекеті орнатылған. Бұл каналдардың су басы Ақсу, Арыс өзендерінен және кішігірім көл, бұлақтардан басталады. Ақсу өзенінен су бөлетін 2 бөгет — Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран — су» МКК меншігінде. Арыс өзенінде су бөгеті жоқ.

Аудан көлемінде 17254 гектар суармалы жер көлемі орналасқан. Өзендерге келсек, аудан көлемінде үлкенді-кішілі 3 өзен бар. Аудан аумағында өзендер таулы аймақтардан бастау алады. Ақсу өзенінің ұзындығы — 53 шақырым, Арыс өзенінің ұзындығы — 37 шақырым, Машат өзенінің ұзындығы — 5 шақырым. Жалпы ұзындығы — 95 шақырым.

Сайрам ауданы Түркістан облысының ірі агро-өнеркәсіптік аудандардьң бірі болып саналады. Аудан негізінен ет-сүт, дәнді дақылдар, май өнімдері, жеміс-жидектер, көкініс өнімдерін өндірумен айналысады.

Халқымызды азық-түлікпен толық қамтамасыз ету бірінші кезекте мал шаруашылығы азығының негізі болып табылатын табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану болып табылады.

Сайрам ауданы — мал шаруашылығы дамып келе жатқан өлке. Сондықтан табиғи жайылымдарды басқару және оларды тиімді пайдалану жөніндегі жоспар-жайылымдарды ұтымды пайдалану, ауыл шаруашылығы малдарының жем-шөпке деген қажеттілігін тұрақты қамтамасыз ету және жайылымдардың тозу процестерін болғызбаудың негізгі мақсаты болып табылады.

Бүгінгі заман талабына сәйкес қалыптасып отырған меншік иелері үшін табиғи жайылымды сақтау мен пайдалану арасындағы қатынасты сақтай отырып,мал шаруашылығын тұрақты дамыту талабы кезек күттірмейтін міндет. Әрине, бұл мәселені шешудің төте жолы – жайылымдық жерлердің жағдайын жақсарту шараларын іске асырып, жайылымдарды тиімді де ұтымды пайдалану болып табылады.

Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: ветеринариялық станциялар — 11, ұсақ малдарды шомылдыру орындары — 20, жасанды ұрықтандыру пункттері — 14, биотермиялық шұңқырлар — 11.

1970-1980 жылдардағы геоботаникалық зерттеу нәтижесінде аудан территориясының басым бөлігі эфемерлі-жусанды жайылым түрлеріне жататындығы анықталды. Қазіргі таңда жайылым жерлерден орташа 3,6 ц/га құрғақ жем-шөп алынуда.

Сусыз жайылымдарда, далалы және шөлейт жайылымдарда шөп тым аласа өседі, ауа райы қолайсыз жылдары шөп пішенге шабуға келмейді.

Жайылым жерлердің құрғақ массасының орташа түсімділігі — 5,3 ц/га, азықтық бірлігі — 3,1 ц/га.

Аймақтағы мал өсірудің негізгі қорлары шөп шабындық болып табылады, ол жылдық тұтынылатын жемнің 20-35 пайызын құрайды. Қолайлы жылдары ұсақ мүйізді ірі қара мен жылқылардың көпшілігі табиғи жайылымнан тамақтану кезінде қажет қоректік заттарды алады.

Ауыл шаруашылығындағы мал өрісін тиімді пайдалану шарасын іске асыру үшін әр үйде ұсталынатын мал басын (сауынды сиыр) анықтап елді мекендер шегіндегі ортақ пайдаланудағы жайылымдық жерлерге қалдыру қажет. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес анықталуы тиіс.

Сүт өніміндерін өндірумен айналысатын сауынды сиыр басы 100-150 ден астам қожалықтарды жайылыммен қамтамасыз ету — бүгінгі күннің басты мақсаты.

Сонымен қатар, жайылымдардың тиімді алаңдарына жүктемені азайту мақсатында, жас малды Қайыршақты және Құрмашат тауларында жаю ұйымдастырылған.

Аудан бойынша арнайы жер қорындағы жайылым жерлерімен өз малдарын қамтамасыз етіп,өзге аудандарға жалға беруге мүмкіндігі бар Бәйдібек ауданын атауға болады.

Сайрам ауданы қолданыстағы ортақ пайдаланудағы жайылымдық жерлеріне малдарын қамтамасыз етуге мүмкіндігі болмауына байланысты мүмкіндігі бар аудандарға бекітіп, қажетті жайылымдық өрістерін бөлу мәселесі-жайылымдық мал жаю салмағын төмендетудің негізгі жолы ретінде ұсынылады.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығымен ауданның ауылдық округтердің топырақ климаттық және метерологиялық жағдайларына байланысты жайылым жерлерде азықтық массасының шығымдылығы мен желінгіш азықтық үлесін есептей отырып, аудандағы ауылдық округтерде орта есеппен: уақ малға – 2 гектар, ірі қара малға – 8,0 гектар, түйеге – 9,0 гектар, жылқыға 9,0 гектар болып нақтыланған.

Сайрам ауданы әкімдігінің есебімен, мал санына сәйкес жайылым жермен қаматмасыз ету үшін көлемі 653 388 гектаржайылым керек. Ауданымыздағы жалпы жайылым жер көлемі 22090 гектар құрап отырғанын ескерсек, 631 298 гектар жайылым жерінің жетіспейтіндігі мәлім болып отыр.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығында мал басына белгіленген жайылымның шекті мөлшерін тұрғылықты жерге байланысты қайта есептеу ұсынылады.

Аудандағы тұрғын үй құрылысы үшін берілген жерлерді заңдастыру тәртібі, жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, мақсатты игерілмеген жер учаскелерін анықтап, қажетті шаралар қабылдау секілді маңызды мәселелер талқыланып, екі жақ бір-бірімен тәжірибе алмасты.

Сайрам ауданы бойынша 9,9 мың гектар жайылымдық алқапты ортақ жайылымға беру жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес, 4,2 мың гектар жайылымдық жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жолымен, 5,7 мың гектар аумаққа жайылым иелерімен ауыл тұрғындарының малын жаюға меморандум түзу жолымен тиісті жұмыстар жүргізілген.

Нәтижелі жұмыстардың аясында жалпы көлемі 6166,8553 гектар жайылымға жылдың көктем, жаз, күз мезгілдерінде жер учаскелерін қоршамау, ауыл тұрғындарының малын жаюға кедергі жасамау жөнінде жер иелеріне түсіндіріліп, сонымен қатар ауылдық округ әкімі аппараты арасында меморандум түзу арқылы жалпы көлемі 1913,5594 гектар жайылымдық жер қайтарылды.

Жалпы көлемі 1831,06 гектар жайылымдық жер учаскесін ауыл тұрғындарының малын жаю үшін 7 ауылдық округі әкімінің аппаратына тұрақты пайдалануға беру мәселесі қаралып, жер комиссиясының оң қорытындысы берілді.

Айта кету керек, Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, облыстағы жалпы жер қоры — 11,6 миллион гектар. Оның ішінде: 

  • ауыл шаруашылығы жерлері — 4,5 миллион гектар;
  • орман қорының жерлері — 3 миллион гектар;
  • елді мекендер аумағы — 799,7 мың гектар;
  • ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер — 430,4 мың гектар;
  • өнеркәсіп, көлік, қорғаныс және ауыл шаруашылығына арналмаған жерлер — 125,1 мың гектар;
  • су қорының жерлері — 134,5 мың гектар;
  • бос жерлер — 2,6 миллион гектар.

Ауыл шаруашылығы жерлерінің ішінде: 

  • жайылым — 3,3 миллион гектар;
  • егістік — 875,3 мың гектар;
  • тыңайған жер — 96,1 мың гектар;
  • шабындық — 68,5 мың гектар;
  • көпжылдық екпелер — 27,8 мың гектар;
  • өзге жерлер — 117,2 мың гектар;

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы аудан, қалаларға қарасты 174 ауылдық округтегі 841 елді мекен бойынша талдау жасалынып, жайылым тапшылығы 3,9 миллион гектарды құрады.

«Облыс бойынша ортақ жайылымның көлемі 748,0 мың гектарды құрап, 70 ауылдық округ (247 елді мекен) қамтамасыз етіліп, 2022 жылдың  1 қаңтарына жайылым тапшылығы 3,1 миллион гектарды құрады. Тапшылықтың 35,4%-дан астамы (1,1 миллион гектар) жайылымдық алқаптары жоқ 3 ауданға тиесілі», – дейді жауаптылар.

Атап айтқанда, Жетісай (тапшылық 383,6 мың гектар) және Мақтаарал (тапшылық 251,0 мың гектар) аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің 95%-ын суармалы жерлер құрайды, ал осы аудандардағы  жайылымдардың жалпы ауданы бар болғаны — 2,2 мың гектар ғана.

Ал Сайрам ауданының жайылым тапшылығы 471,1 мың гектар болса, ауданның жалпы жайылым көлемі 31,7 мың гектарды ғана құрайды.

«2022 жылға елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, қосымша 42 ауылдық округті (164 елді мекен) ортақ жайылыммен қамтамасыз ету көзделген. Жылдың соңында елді мекен тұрғындары 1034,8 мың гектар (жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жолымен 412,2 мың гектар; ірі жер пайдаланушылар мен (орман қорын қоса алғанда) меморандум арқылы 622,6 мың гектар) ортақ жайылыммен қамтамасыз етіліп, жоспар 102,3 пайызға орындалды», – дейді әкімдік өкілдері.

Әкімдіктің мәліметінше, 2023 жылға жалпы жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрап отыр. Осыған байланысты, 2023 жылға ортақ жайылым көлемін ұлғайту жоспарының жобасы әзірленіп, аудан, қала әкімдіктерімен нақтылануда.

Ведомствоаралық кіші топ тарапынан 2022 жылдың қорытындысы бойынша 521,7 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. 2023 жылға облыс бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 330,0 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр екен.

Кездесу соңында жерге қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып, тұрақты байланыс орнату бойынша келісім жасалды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.