Сайрам ауданы әкімінің кезекті аралауы Қарасу ауылдық округінде өтті. Аралау кезінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектеп салу және жаңа медициналық нысан, сонымен қатар инфрақұрылым жүйелері жүргізілетін құрылыс жобалары, ағын су және заңсыз берілген жер телімдеріне қатысты өзекті мәселелермен танысты.
Қарасу ауылындағы су тасуы ықтимал ұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын «Қарасу-Ақбай» ағын су каналын күрделі жөндеуден өткізуге 400 миллион аса қаражат қаралған. Оның ішінде ағымдағы жылы 125 миллион теңгеге жуық қаржысы берілді. Ауыспалы нысан болғандықтан, құрылыс жұмыстары осы жылдың қыркүйек айында басталып, келесі жылға аяқталуы жоспарлануда. Қазіргі таңда каналдың тазалығын және ағын судың ағымын реттеуді «Ақсу» МКК-нің директоры Ә.Қалмұратовқа тапсырды.
Бұдан кейін аудан басшысы Қарасу ауылында заманауи талаптарға сай келмейтін ауылдық амбулаториясында болды. «Қарасу» бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтарына халық санының өсуіне байланысты жаңа типтік ғимарат құрылысын қажет ететіні түсіндірілді. Жер телімі бөлінген. Сәулет-жобалық тапсырысы рәсімделген. Құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжат дайындауға ұсыныс берілген.
Қарасу ауылындағы 106 гектарды құрайтын Жаңақұрылыс аумағында ауыз су, газ, электр жарығымен қамтамасыз етуге жоғарғы бюджеттен қаржылар қаралып, мердігерлер анықталған. Биылғы маусым айында ауыз су жүйелерінің құрылыстары басталады. Ауыз су құрылыстары 2 жоба арқылы өтеді. Нақты айтқанда, «Қарасу ауылындағы, Жаңақұрылыс көшесінің бойында 50,0 гектар аумақта инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы (сумен қамтамасыз ету)», сметалық құны — 206 608,0 мың теңге, «Қарасу ауылындағы, Жаңақұрылыс көшесінің бойында 56,2 гектар аумақта инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы (сумен қамтамасыз ету)», сметалық құны ретінде 245 763,0 мың теңге қарастырылған. Жобаға сәйкес, жүргізілетін құрылыс жұмыстарының ұзақтылығы 5 айға жоспарланған.
Ақбай ауылында заңсыз таратылған 50 гектар жер телімдерін заң аясында қайтару және заңсыз салынған тұрғын үй құрылыстарын тоқтату бойынша тапсырма жүктелді.
Арман Сәбитұлы жаңақұрылыс аумағына мектепке баратын бала санының артуына байланысты, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептің сыйымдылығы 600 орындықтан 1200 орындыққа ауыстыру жолдарын қарастыруды ұсынды.
Аралау барысында аудан әкімінің орынбасарлары Мадияр Оразалиев және Ш.Убайдуллаев, аудан әкімінің кеңесшісі Р.Есполай, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшылары, ауылдық округінің әкімі Д.Сыдықовтар болды.
Мұнан кейін аудан әкімі Арман Сәбитұлы Қарабұлақ ауылдық округіне барып, ағымдағы жылы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен шешімін қажет ететін өзекті мәселелермен танысып қайтты. Атап айтқанда, «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» тас жолы бойындағы ағын су арнасындағы басталған жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған. Нысан құрылысын толық аяқтауға ықпал етуі сұралды.
«Қарабұлақ» мал базарының ветеринариялық, санитариялық талаптарының сақталуы бойынша ветеринар маманын тыңдады. Бұдан бөлек, Далабазар көшесіндегі ауыз су ұңғымасы бойынша құрылыс жобасына, сонымен қатар орталық көшенің жолын кеңейтуге, ауылдық мәдениет үйі мен №41 Жамбыл атындағы жалпы орта мектебінің ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы көзін қарастыру мәселесі ұсынылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орында болып, жабу және маңындағы заңсыз құрылыстарды анықтап, шара қабылдау керектігі айтылды.
Аралаудың соңында ауылдық округінің әкімі аппаратында ауыл әкімінің алдағы жоспарлары тиісті сала басшыларымен бірге талқыланды. Т.Рустемов көшесінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарын зерделеп, олардың ішінде заңсыз құрылыстарын анықтап, шара көруді, ауыл аумағында нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбай жатқан тұрғын үй, кәсіпкерлік секілді нысандардың жер телімдерінің заңдылығын анықтап, сот тәртібімен шешу жолдарын қарастыру бойынша тапсырмалар берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.