Түркістан облысы: Сайрам ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстары басталды

Өткен жылы республикалық бюджеттен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі 19 көшеге асфальт төсеу жұмыстарына қажетті қаржы қаралып, биыл шілде айында жөндеу жұмыстары басталды. Жол жөндеу жұмыстары 3 кезеңге бөлініп, бүгінде Әсіларық ауылындағы Көктем көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алдағы уақытта биылғы жылдың қазан айына дейін округтегі Көмешбұлақ, Парасат, Темірқазық, Мұсаев тұйық, Қ.Жұмабаев, Әлжанов, Қазыналы, Абай (Шіркін), Ж.Шамет, Сағым, Жаңғыру, Абай тұйық (Қасымбек датқа ауылы), Жастар, Одаманов, Ы.Шалабаев, Шынарлы, Самал және Абай (Тоған ауылы) көшелеріне кезең-кезеңімен асфальт төселетін болады.

Айта кетейік, аталған көшелерді асфальттау жұмыстары аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырыс беруімен, «Дан-Строй-Проект» ЖШС техникалық қадағалауындағы «EL-KZ 2020» ЖШС, «Тумар-СтройПроект» ЖШС мердігер мекемелер тарапынан атқарылады.

Осылайша Сайрам ауданында тұрғындарды толғандырып жүрген түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Соның ішінде, жол мәселесі аудан әкімі Арман Сәбитовтің тұрақты бақылауына алынған. Бүгінде ауданға қарасты елді мекендерде жергілікті көшелердің жолдары кезең-кезеңімен жөнделіп, қалыпқа келтіріліп  жатыр.

Биыл Қарамұрт ауылында жыл соңына дейін  7 көшеге асфальт төсеу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 2,8 шақырымды құрайтын Абай, 1,4 шақырымды құрайтын Жеті мама, 710 метр шамасындағы М.Шерметов көшелеріне асфальт төселді. Аталған көше тұрғындары атқарылған жұмыстар үшін  жауапты тұлғаларға өз алғыстарын білдіруде.

Алдағы уақыта ауылдық округтегі көлік қатынасының сапасы мен  қарқынын жақсарту мақсатында Жамбыл, Сайрам, Р.Нематуллаев, Полатов көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Маусым айының ортасында Сайрам ауданына сапары барысында өңір басшысы Дархан Сатыбалды: «Сайрам – өңіріміздегі ең ауыл шаруашылығы дамыған, кәсіпкерлікке ден қойған аудан. Әлеуеті өте жоғары. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сайрам ауданында 2023 жылы 14 елді мекенде 31 жобаны іске асыруға 2,6 миллиард теңге бөлінді. Бірқатарына тоқталсақ, Нұржанқорған елді мекенінде 300 орынға арналған мектептің қосымша корпусы пайдалануға тапсырылды. Қарамұрт елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, Ақбұлақ елді мекенінде мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Қасымбек Датқа елді мекенінде электр желілерінің құрылысы жүргізілді 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,2 миллиард 207 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Сайрам ауданында 28 мектепте толық іске қосылды. Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 20 пайызға өсіп, 2023 жылы 257 миллиард теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 71 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Дегенмен, алда атқарылар жұмыс көп. Ауданның өндірісін дамыту, кәсіпорындарды көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайту, терең өңдеу салаларын дамыту керек, – деген болатын. Және қаржыны игеру, заңсыз құрылыстарды тоқтату, қылмысты төмендету, су мәселесін шешу және өзге де түйткілдерді реттеу бойынша тапсырмалар берген-ді.

Аудан әкімі Арман Сәбитовтың мәліметтеріне сүйенсек, ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 21 мыңнан асты. Олардың өндірген өнім көлемі 202 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 64 миллиард теңгеге немесе 46 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 49 миллиард теңгеге жетіп, жоспар 2,4 миллиард теңгеге артығымен орындалған. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 51 миллиард теңгеден асып, жоспар 11 миллиард теңгеге артығымен орындалған.

Қорытындылай айтсақ, Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеуінше, 2024 жылы облыс көлемінде 1 100,3 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді. Ал, жыл қорытындысына сәйкес 546,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

— «Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 368,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүруде. Ал аудандық маңызы бар 97,3 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, елді мекендердегі 630,6 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы — техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында. Сондай-ақ, басқарманың шаруашылық жүргізу құқығындағы «Оңтүстік жолдары» мекемесі жыл бойына облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен айналысады. Кәсіпорынға 39 бірлік арнайы техника бекітілген және 174 қызметкер жұмыс істейді», — дейді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, 2024 жылы көктемгі жауын салдарынан Сауран ауданында Бабайқорған-Кентау бағытындағы 2 көпірді су шайып, 1 көпір апатты жағдайға жеткен болатын. Басқарма тарапынан қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, көпірлер толық пайдалануға берілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin