Түркістан облысы: Сайрам ауданында «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 63 білім ошағы салынады. Биыл соның 29-ы пайдалануға берілмек. Жоба үйлестірушісі — «Самұрық-Қазына» АҚ. Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауыл округінде де 600 орындық білім нысаны салынып жатыр.

Ауданға арнайы іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты. Мердігерлермен кездесіп, сапалы әрі мерзімінде аяқтауды пысықтады. Сонымен қатар құрылыс барысында орын алған өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

Әсіресе, «Е-құрылыс» электронды порталы арқылы құрылыс жұмыстарының төлемдерін жүргізу қиындық тудырып отыр. Бұл туралы тиісті ұсыныстар берілді.

Мектептердің құрылыс жұмыстары бойынша аудан әкімдіктермен, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның өкілдерімен, мердігерлермен арнайы штаб құрылып, жұмыс бақылауға алынған.

– Елімізде мектеп тапшылығын жою және білім сапасын көтеру мәселесі алда тұрған міндеттердің бірі. Президент тапсырмасымен қолға алынған маңызды жобаның жүзеге асыру барысы қатаң бақылауда, – деді Дархан Сатыбалды.

Ақсу ауылында бой көтеріп жатқан мектептің құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Білім ошағын салуға 3,14 гектар жер телімі бөлінген. Ал ғимаратты ауданы 8 419,71 шаршы метрді құрайды. Бүгін таңда жертөле бетондары құйылып, іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы Сайрам ауданы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салу жоспарланып отыр. Ақсукент ауылдық округіндегі мектептен бөлек, Ақбұлақ және Қарасу ауылдық округінде де 600 орындық мектеп бой көтереді. Ақбұлақ ауылындағы мектепті салуға жалпы көлемі 2.3 гектар жер телімі бөлінсе, Қарасу ауылындағы білім нысанына жалпы көлемі 4 гектар жер телімі қарастырылған.

Айтпақшы, халық саны артқан Сайрам ауданында тағы бір мөлтекаудан құрылады. Жаңа қалашықта 12 мыңға жуық адам қоныстанады. Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қарасу ауылдық округіндегі 57 га жер теліміне салынатын жаңа құрылыс аумағының бас жоспарымен танысты. Аудан әкімі Арман Сәбитов өңір басшысына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен таныстырды.

Жаңадан құрылатын мөлтек ауданда 5 қабатты 49 тұрғын үй (2940 пәтер), әкімдік ғимараты, мешіт, мәдениет үйі, жастар сарайы, қазандық, сауда үйі, 280 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, 7 коммерциялық нысан мен саябақ салу жоспарлануда. Ғимараттың жалпы ауданы – 271 262,0 шаршы метр. Осы жылы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы басталады деп көзделуде. Бас мердігер «МПК-Проект» ЖШС-гі тарапынан инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттары дайын. Нәтижесінде, 11 760 адам баспанамен қамтамасыз етілетін болады.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды мердігерлермен кездесіп, салынатын нысандардың сәулеттік үлгілерін талқылады. Сондай-ақ аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына инфрақұрылымдық жүйелерін жоспарға сәйкес жүргізу керектігін тапсырды.

Мөлтек ауданның құрылысы 2028 жылы аяқталады деп күтілуде. Бүгінде 11 аумақтық округке бөлінген Сайрам ауданының тұрғындарының саны 238 016 мың адамды құрайды. Жалпы ауданда 42 елдімекен бар.

Айта кетейік, ауданда биыл мемлекет тарапынан екі нысан бой көтермек.

Сапар аясында облыс әкіміне өткен жылы құрылған «Көрікті Сайрам» коммуналдық мекемесі таныстырылды. Мекеме экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына да атсалысуда. Ауданды абаттандыру, көгалдандыру, ретсіз қоқыстардан тазарту және көше жарық шамдарын күтіп ұстау секілді жұмыстар жүктелген коммуналдық мекемені 28 техникамен қамту көзделген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin