Түркістан облысы: Сайрам ауданында аумақтық қорғаныс саласына қатысты жиын өтті

Сайрам ауданында әскери міндеттілердің әскери оқу-жаттығу жиыны өтті. Салтанатты жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты О. Құспеков, облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы С. Бүрлібаев, Түркістан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы А.Төлешов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы К. Үштаев, облыс әкімінің әскери қауіпсіздік бойынша көмекшісі А. Әлімқұлов және облыстық мәслихаттың депутаты Б.Айтулов және аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысты.

Шараға қатысушылар батыр бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырған ұлан-байтақ жерімізді жауға бастырмай, көздің қарашығындай қорғап жүрген жауынгерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, әскери жиынға қатысушыларға алғыстарын айтты.

Жиын аясында әскери міндеттілердің ұрыс алаңындағы қойылымы көрсетілді.

Одан бөлек, оқу-жаттығу барысында объектілерді, коммуникацияларды күзету және халықты қорғау секілді маңызды міндеттер мен тиісті тапсырмаларды ойдағыдай орындаған жауынгерлер Алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетейік, 24 маусым мен 3 шілде аралығында Сайрам ауданының 120 азаматы Түркістан облыстық аумақтық қорғаныс бригадасымен бірлесе арнайы-тактикалық оқу-жаттығуын өткізген болатын.

Еске салайық, Қазақстанда қарулы күштерді дайындау жоспарына сәйкес, әскери міндеттілермен кезекті әскери жиын өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Сәкен Жүсіпов айтып берді.

Жиын өткізудің негізгі мақсаты – бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, жұмылдыру кезінде әскерді өрістету үшін әскери оқытылған ресурс даярлау оларды запаста ұстау.

«Әскери жиын жыл сайын өткізіледі, оның ұзақтығы 30 күн. Былтыр жиынға 1500 адам шақырылған еді. Биыл шақырылатын адамдар саны 3 мыңға дейін өсті. Адам санын ұлғайту оларды әскер үшін қажетті әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау арқылы әскери оқытылған резерв жинауға байланысты. Әскери жиыннан өту әскери міндеттілердің мамандықтары бойынша алған дағдысын қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді», — деді Сәкен Жүсіпов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Қолданыстағы заңда әскери жиынға шақырылатын адамның шекті жасы айқындалған, яғни қатардағы жауынгерлер мен сержанттар үшін – 50 жас; офицерлер үшін – 60 жас.

«Әскери жиынға денсаулық жағдайы бойынша жарамды әскери міндеттілер шақырылады, сондықтан олар алдын ала медициналық тексеруден өтеді. Оларды жиын өткізілетін жерге жеткізу және одан кері қайтару Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен темір жол немесе автомобиль көлігімен жүргізілмек. Жиын оқу-жаттығу полигонында өткізіледі, әскери міндеттілер далалық лагерьде болады», — дейді спикер.

Әскери жиынға шақырылған азаматтар әскери қызметшілер сияқты киім-кешекпен, тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.

Әскери жиын кезінде әскери міндеттілердің жұмыс орны, атқаратын лауазымы сақталады, оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтін азаматтарға ең төменгі жалақы беріледі.

Сонымен қатар, жиынға шақырылған әскери міндеттілер жиын кезінде әскери қызметші дәрежесінде болады. Бұл ретте олар ҚР Заңдарының және жалпы әскери жарғының талаптарын сақтауға тиіс.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin