Түркістан облысы: Сайрам ауданында заңсыз мал сою орындары өз жұмысын тоқтатты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Сайрам ауданында болып, мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстарын ретке келтіру бойынша жұмыс тобын құру, туындаған мәселені шешу жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты өңірде жұмыстар атқарылып жатыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауыл округінде орналасқан мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары жаппай тексерілуде. Құрылған жұмыс тобы малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолы кесті. Нәтижесінде 11 мал сою орнының санитарлық талаптар мүлдем сақталмаған үшеуі жабылатын болды. Қалған 8 бекеттің басшыларына мал сою алаңдарын заман талабына сай ретке келтіруге 1 ай уақыт берілді.

Осыған дейін Сайрам ауданында жергілікті кәсіпкерлерімен кездескен облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қарабұлақ ауыл округінде орналасқан мал сою орындарының жұмысын қатаң сынға алып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берген болатын. Әкім тарапынан заңсыздықты жойып, ауылдан алыс аумақта зауыттар ашу бойынша ұсыныстар берілді. Кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен мал сою орындарынан шыққан қанды төгетін Беккари шұңқырын дайындап, инсинератор пештерін орналастыратын болды.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Қарабұлақ ауыл округіндегі мал сою орындарындағы мәселелерді шешу жөнінде тиісті мамандармен жиын өткізді. Мамандар пікірін тыңдап, жұмысты жүйелеу жолдарын саралады.

Аудандық ветеринариялық инспекцияның мәліметіне сүйенсек, Қарабұлақ ауданы бойынша мал сою орындарында әр тәулікте орта есеппен 710 бас ірі қара, 405 бас жылқы, 1800 бас уақ мал сойылады.

Өкінішке қарай, Қарабұлақ ауылында орналасқан мал сою алаңдарында жыл сайын малдың қалдықтары ветеринариялық талаптарға сәйкес жойылып жатқан жоқ. Жұмысшы топ осы өңірдегі аталмыш мәселе бойынша бірнеше заң бұзушылықтарды анықтап, аумақтық инспекция тарапынан 9 мал сою орнына 414 000 теңге көлемінде айыппұл салды. Үш мал сою орнының егелері мал сою бекеттерін елді мекеннен сыртқа шығаруға, алаңдарын өз еркімен жабуға келісімдерін берді.

Аталған мәселені шешу мақсатында сала мамандарымен бірігіп бірқатар ұсыныстар қарастырылуда. Олар: инсенератор пештері арқылы мал қалдықтарын кәдеге жарату, қалдықтарды тастайтын Беккари шұңқырларын салу, төрт түліктің жүндері мен терілерін өңдеу және ауыл мал қалдықтарын қайта өңдеу, ет өңдеу және кәдеге жарату.

Осы орайда құрылған жұмысшы топ жеке кәсіпкерлермен бірнеше рет жиналыс өткізді. Нәтижесінде, жеке кәсіпкер Ж.Убаев өз қаражаты есебінен Қарабұлақ ауылдық округінде орналасқан барлық мал сою орындарынан шыққан қанды төгетін Беккари шұңқырын дайындап, одан бөлек инсенератор пешін орналастыру бойынша жұмыс істейтін болып келісілді.

Айта кетейік, Сайрам ауданы бойынша 21 мал сою бекеті бар. Оның ішінде Қарабұлақ ауылы 11 мал сою орнымен қамтамасыз етілген. Аталмыш алаңдардың көбі заман талабына сай емес. Бұл эпизоотиялық және эндемиологиялық жағдайды ушықтыруы мүмкін.

Жиында мамандар мен кәсіпкерлер түрлі ұсыныстар айтып, жұмысты жандандыру жөнінде уағдаласты.

Атап өтерлігі, мәселені түбегейлі шешу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті кәсіпкерлерге мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттар салуды ұсынды. Төрт түліктің жүні мен терісін қайта өңдеу және кәдеге жарату туралы жобаларды қолға алуды айтты. Бүгін облыс әкімімен кездесу келген сайрамдық кәсіпкерлер бірнеше ірі жобамен таныстырды. Сайрамда ірі кәсіпорындар бой көтереді. Ауданда 25 гектар жерге мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы мен қанды өңдеу кәсіпорнының құрылысы басталады. Сондай-ақ ет өнімдерін және малдың қалдықтарын терең өңдейтін зауыт салынады.

Облыс әкімі жергілікті инвестор-кәсіпкерлерге белсенді болу керектігін ескертті.

– Көршілес елден малдың қалдығын терең өңдейтін зауыт ашу жөнінде ұсыныспен келіп жатқан инвесторлар бар. Бірақ біз алдымен жергілікті кәсіпкерлерге, сіздердің жобаларыңызға қолдау көрсетеміз. Зауытты өзіміздің азаматтар салғаны тиімді. Алайда бізге нақты жоспар, жұмыстың орындалу мерзімі қажет. Жобаны жүзеге асырудың кезең-кезеңі бойынша мәлімет болуы тиіс. Бүгін сіздер айтқан ұсыныстар зерделенеді. Жұмыс орындарын ашу, өндіріс көлемін арттыру – мақсатымыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Кәсіпкерлер ірі малдың қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт құрылысына, құрама жем өңдеу зауыты мен жеміс-көкөністі қайта өңдеп, жылына 20 мың тонна томат пастасын, кетчуп және жеміс шырынын шығаратын өндіріс орнының құрылысына мемлекеттен жеңілдетілген несие сұрады. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына кәсіпкерлерді қолдау көрсетіп, жаңа бизнесті сүйемелдеуді жүктеді.

Сайрам ауданының Қарабұлақ ауыл округінде екі мал базары бар. Аудан бойынша тәулігіне орта есеппен 3 мыңға жуық мал сойылады.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You