Бүгін сайрамдықтар көптен күткен қуанышқа кенеліп отыр. Тұрғындар бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Түркістан облысының Сайрам аудандық филиалында жалғыз ғана халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-сонар кезек күтетін. Мiне, бүгін осы орталықтың қатары ауданға қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округінің Қасымбек Датқа ауылындағы «Жаңақұрылыс 2» ғимаратында ашылған тағы бiр бөліммен толықты.
Сандық кеңсенің ашылу салтанатында аудан әкімі Арман Сәбитов «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айдос Ашетов және Қайнарбұлақ ауылдық округінің төбе биі Уәш Бөрібекұлы құттықтау сөз сөйлеп, арнайы лентасын қиды. Бұл бастаманың халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруда алатын орны айрықша екенін айтты.
Жаңадан ашылған орталық ауданға қарасты Қайнарбұлақ, Құтарыс және Көлкент ауылдық округтеріндегі 43000 тұрғынға қызмет көрсетедi. Азаматтар 10 терезе арқылы екі ауысымда ЭЦҚ алу, тұрғын үй, жер телімдері құжаттарын рәсімдеу бойынша орталықтың көмегіне жүгіне алады. Өз кезегінде, тұрғындар енді мемлекеттік қызметтер шеңберіндегі шаруаларын шешу үшін аудан орталығына сабылмай, жақын жерде қол жеткізетініне ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, алдағы уақытта азаматтарға көші-қон құжаттары бойынша қызмет алу түрін енгізу жоспарланып отыр.
Осы тұста атап өтер жайт, Әділет департаменті 6 айда мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев мәлімдеді.
«Әділет департаменті 2024 жылдың І жартыжылдығында азаматтарға 1 048 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Одан бөлек, облыс көлемінде жалпы 576 заңды тұлғалар бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілген. Алты айда департаментке нотариустардың іс-әрекеттеріне қатысты 54 арыз-шағым түсіп, 2 нотариустың қызметі мен 1 адвокаттың лицензиясы тоқтаған. Бұдан бөлек, департамент тарапынан 4 жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылып, 2 жеке сот орындаушының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, 3 487 азаматқа тегін құқықтық көмек көрсетілген. Бүгінгі таңда сот шешімі бойынша ата-анадан кәмелетке толмаған балалардың пайдасына алимент өндіру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жалпы, 2024 жылдың 6 айында алиментті өндіріп алу туралы атқару құжаттары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған борышкерлер саны – 84. Ал, жеке сот орындаушыларымен қылмыстық қудалау органына 7 ұсыныс жолданған. Сондай-ақ, борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында «Бос орындар» жәрмеңкесі өтіп, борышкердің 43-і жұмысқа орналастырылды»,- деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалымен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша жалпы 80 809 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Одан бөлек, 36 802 азаматтық хал актісі тіркелген. Оның ішінде, тууды тіркеу – 26 743, қайтыс болу – 4 821, некеге тұруды тіркеу – 4 927, некенің бұзылуын тіркеу 311 болған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.