Түркістан облысы: Сайрам ауданының ветеринария саласындағы жағдай және өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін аудан әкімі Арман Сәбитұлы аппараттық мәжіліс өткізді. Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Күн тәртібіне сәйкес, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринариялық қызметі» ШЖҚ МКК-нің Сайрам ауданы филиалының басшысы Б.Абдихаев және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Сайрам аудандық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін уақытша атқарушы Р.Дүйсенбаев тарапынан аудандағы ветеринария саласындағы жағдай және өзекті мәселелері бойынша баяндады.

Мүйізді ірі қара мал мен уақ мал бастарына құтыру, сібір жарасы, аусыл, лептоспироз секілді бірнеше ауруларға қарсы жүргізілген тексеру, егу шараларына жеке тоқталды. Аудан бойынша ағымдағы жылы көктемгі энзоотиялық ауруларға қарсы іс-шаралар бойынша бүркуге жататын 321 481 бас ірі мал толығымен бүркуден өтті. 199 887 бас ұсақ мал тоғытылып, сонымен қоса аудан бойынша 24927 тұрғын үй ауласында ауыл шаруашылығы жануарлары тұратын 4 609 600 шаршы метр қора-жайлар мен 2 1661 08 шаршы метр мал иірімдері мен суаттарға залалсыздандырылды.

Жергілікті тұрғындарын тарапынан «TURKISTAN-109» облыстық бірыңғай байланыс орталығына берген өтініштеріне сәйкес, 2023 жылдың I жартыжылдығында 410 өтініш түсіп, елді мекендерде 1037 бас қаңғыбас иттер және 3 бас мысық ауланып, жойылды.

Бүгінгі таңда 29 937 басы ірі қара мал төлі, 29 774 бас уақ мал төлі бірдейленіп, 16 534 бас жылқы таңбаланып, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесіне енгізілді.

Аудан бойынша арнайы салынған мал өлекселерін тастайтын 8 дана «Беккари» шұңқыры бар. Сонымен қатар, ауданда 5 ауылдық округте 6 қажетті уақ мал тоғыту орны бар.

Сайрам ауданы бойынша АШЖБ (ИСЖ) дерекқор базасында мал саны 206 799 бас мүйізді ірі қара мал, 175 900 бас уақ мал, 80 050 бас жылқы, 46 бас түйе, 119 бас шошқа тіркелген. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты «Karabulak jana mal bazar» және «Нур Қарабұлақ» мал базарлары бар.

Аудан көлемінде «Мал ұрлығына тосқауыл» бойынша аудандық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік іс-шара тұрақты өткізілуде.

Ветеринария саласында өзекті мәселелердің ішінде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, жою және мал өлексесін тастайтын «Беккари» шұңқырларының толуына байланысты, барлық ауыл округінен мал өлексесін тастайтын орын салу қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.

Келесі кезекте «Ақсу» МКК-нің басшысы Ә.Қалмұратов аудан аумағындағы егістік алқаптарды тұрақты ағын сумен қамтамасыз ету туралы мәлімет берді. Басшының мәліметінше, аудан аумағын ағын сумен барлығы 53 канал қамтамасыз етеді. Бұл каналдардың 47-і — Сайрам ауданының коммуналдық меншігінде, бұдан бөлек 6-ы жеке меншікте болып табылады. Суармалы жер көлемі 18500 гектарды құрайды.

Судың табиғи шығынын азайту мақсатында 27 аса маңызды магистральды және шаруашылықаралық жер каналдардың құжаттары бетондау жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға облыстық салалық басқармаға ұсынылған. Олардың ішінде биылға жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға Ақбұлақ ауыл округінен «Аламан», Жібек жолы ауыл округінен «Төменгі Аққала», Көлкент ауыл округінен «Теспе» каналы, «Қайнарбұлақ ауыл округінен «Әсіл», «Бауарық», Манкент ауылдық округінен «Сай», «Жоғарғы Аққала» каналдары іріктеліп алынды. Бұдан бөлек, «Ақбай-Қарасу» каналына жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Қаржы бөлінген соң, бетондау жұмыстары басталады. Өз кезегінде аудандағы мемлекет меншігіндегі каналдардың 305 шақырымы жер каналдары болған соң, осы каналдардағы табиғи су шығыны 50 пайызға жетіп отырғаны анықталған. Осы мәселені шешу үшін каналдарды бетондау, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің балансында тұрған каналдарды механикалық тазалауға алған техниканы ағымдағы жөндеуден өткізуге қаржы қарастыруға ықпал етуін сұранды.

Атап өту керек, Сайрам ауданының барлық жер көлемі 114761 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 76820 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 51862 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 15466 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер — 2110 гектар, аудан аумағындағы жайылымдар — 22090 гектар, шалғайдағы (аудан аумағынан тыс жерлерде пайдаланылатын жайылымдық) жерлер — 8234 гектар.

Жер санаттары бойынша талдасақ, ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 76820 гектар, елді мекендердің жерлері — 22342 гектар. Өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 1940 гектар.  Орман қорының жерлері — 243 гектар. Су қорының жерлері — 1028 гектар. Арнаулы жер қорының жерлері — 12388 гектар.

Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Сайрам ауданында 11 ауылдық округ (Ақбұлақ, Ақсукент, Арыс, Жібек жолы, Қайнарбұлақ, Қарабұлақ, Қарамұрт, Қарасу, Құтарыс, Көлкент, Манкент), 42 ауылдық елдімекен орналасқан.

Ауданда туризм және демалыс орындары үшін пайдалануға болатын табиғи ландшафтар мен шырайлы жерлер көп. Соңғы деректерге қарағанда аудан территориясында құстың — 167, сүт қоректілердің — 52, бауырымен жорғалаушылардың — 11, қос мекенділердің — 3 және балықтың 5 түрі мекендейді. Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаның 2124 түрі бар.

Сайрам ауданы өсімдіктер дүниесіне бай, аудан аумағында мүктің — 63, қынаның — 64-тен астам, қозықұйрықтың — 235, жоғары сатыдағы өсімдектердің 1312 түрі өседі. Соның ішінде бұтаның 62 түрі, ағаштың 16 түрі кездеседі. Бұл — бүкіл Қазақстанның өсімдік құрамының төрттен бірі.

Аудан тау етегінде орналасқан, суық болмайтын күндері 185-200 күнді құрайды, жылдық ауаның ылғалдылығы — 330-390 мм. Қыс айларында қардың қалындығы 20-30 см-ге барады. Ұзақтығы 120-126 күнге созылады. Жер қыртысы ылғалды ашық сұр топырақты болып келеді. Ауданның ауыл шаруашылығы көп салалы егіншілік және мал шаруашылығымен айналысады. Ауданның тура ортасынан тау етегінен бастау алатын Ақсу өзені өтеді.

Егін шаруашылығында басты егілетін дәнді дақылдар: бидай, арпа, жүгері, мақсары, көкөніс, бау, жүзім, мал азықтық жоңышқалар.

Аграрлық құрылымында 8030 шаруа қожалығы, 244 өндірістік кооператив пен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және тағы басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін мекемелер жұмыс істейді. Олардың ішінде бірнеше консервілеу зауыты бар. Бүгінгі таңда Сайрам ауданында алма бау өсірумен айналысатын «Қара казим» ӨК, «Галия», «Сарман тәжі», «Нұрлы жол», «Айша» ШҚ-ры, жүзім 98 гектар, интенсивті баумен айналысатын «Dala Fruit», «Алмалы-С» ЖШС-і және «Dala Fruit» АШӨК-рі алма бау өсіріп, бүгінгі таңда жоғары өнім алынуда. Жазы ыстық шілде айының орташа температурасы + 27-42 градус.

Ауданның дамыған гидрографиялық жүйесі бар. Аудан аумағынан өтетін Ақсу, Арыс және Машат өзендері негізгі суландыру көздері болып табылады. Құрамында минералды бай қоспалары бар емдік жылы суы арқылы Республика көлемінде жақсы танымал «Манкент» шипажайы бар.

Сайрам ауданы аумағын ағын сумен барлығы 53 канал қамтамасыз етеді. Бұл каналдардың 47-сі — Сайрам аудандық коммуналдық меншігінде, бұдан бөлек 6 канал — жеке меншікте. Сайрам ауданы әкімдігінің «Ақсу» МКК-ның шаруашылығына жалға берілген 47 каналдың жалпы ұзындығы — 362 шақырым, оның ішінде бетонды канал — 6, ұзындығы — 51,44 шақырым, жер каналдар — 41, ұзындығы — 302 шақырым. Осы каналдарда 173 су бөлу бекеті орнатылған. Бұл каналдардың су басы Ақсу, Арыс өзендерінен және кішігірім көл, бұлақтардан басталады. Ақсу өзенінен су бөлетін 2 бөгет — Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран — су» МКК меншігінде. Арыс өзенінде су бөгеті жоқ.

Аудан көлемінде 17254 гектар суармалы жер көлемі орналасқан. Өзендерге келсек, Сайрам ауданы көлемінде үлкенді-кішілі 3 өзен бар. Аудан аумағында өзендер таулы аймақтардан бастау алады. Ақсу өзенінің ұзындығы — 53 шақырым, Арыс өзенінің ұзындығы — 37 шақырым, Машат өзенінің ұзындығы — 5 шақырым. Жалпы ұзындығы — 95 шақырым

Сайрам ауданы Түркістан облысының ірі агроөнеркәсіптік аудандардың бірі болып саналады. Аудан негізінен ет-сүт, дәнді дақылдар, май өнімдері, жеміс-жидектер, көкініс өнімдерін өндірумен айналысады. Ауданның ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы — 76820 гектар. Оның ішінде егістік жерлер — 51862 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 15466 гектар, көпжылдық екпе ағаштары — 2110 гектар, жайылымдық — 22090 гектар.

Халқымызды азық-түлікпен толық қамтамасыз ету бірінші кезекте, мал шаруашылығы азығының негізі болып табылатын табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану болып табылады.

Сайрам ауданы — мал шаруашылығы дамып келе жатқан өлке. Сондықтан табиғи жайылымдарды басқару және оларды тиімді пайдалану жөніндегі жоспар-жайылымдарды ұтымды пайдалану, ауыл шаруашылығы малдарын жем-шөпке деген қажеттілікті тұрақты қамтамасыз ету және жайылымдардың тозу процестерін болғызбаудың негізгі мақсаты болып табылады.

Бүгінгі заман талабына сәйкес қалыптасып отырған меншік иелері үшін табиғи жайылымды сақтау мен пайдалану арасындағы қатынасты сақтай отырып, мал шаруашылығын тұрақты дамыту талабы — кезек күттірмейтін міндет. Әрине, бұл мәселені шешудің төте жолы – жайылымдық жерлердің жағдайын жақсарту шараларын іске асырып, жайылымдарды тиімді де ұтымды пайдалану болып табылады.

 Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: ветеринариялық станциялар — 11, ұсақ малдарды шомылдыру орындары — 20, жасанды ұрықтандыру пункттері — 14, биотермиялық шұңқырлар — 11.

1970-1980 жылдардағы геоботаникалық зерттеу нәтижесінде аудан территориясының басым бөлігі эфемерлі-жусанды жайылым түрлеріне жататындығы анықталды. Қазіргі таңда жайылым жерлерден орташа 3,6 ц/га құрғақ жем-шөп алынуда. Сусыз жайылымдарда, далалы және шөлейт жайылымдарда шөп тым аласа өседі, ауа райы қолайсыз жылдары шөп пішенге шабуға келмейді.

Жайылым жерлердің құрғақ массасының орташа түсімділігі — 5,3 ц/га, азықтық бірлігі -3,1 ц/га.

Аймақтағы мал өсірудің негізгі қорлары шөп шабындық болып табылады, ол жылдық тұтынылатын жемнің 20-35 пайызын құрайды. Қолайлы жылдары ұсақ мүйізді ірі қара мен жылқылардың көпшілігі табиғи жайылымнан тамақтану кезінде қажет қоректік заттарды алады. Ауыл шаруашылығындағы мал өрісін тиімді пайдалану шарасын іске асыру үшін әр үйде ұсталынатын мал басын (сауынды сиыр) анықтап елді мекендер шегіндегі ортақ пайдаланудағы жайылымдық жерлерге қалдыру қажет. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес анықталуы тиіс. Сүт өніміндерін өндірумен айналысатын сауынды сиыр басы 100-150 ден астам қожалықтарды жайылыммен қамтамасыз ету — бүгінгі күннің басты мақсаты. Сонымен қатар, жайылымдардың тиімді алаңдарына жүктемені азайту мақсатында, жас малды Қайыршақты және Құрмашат тауларында жаю ұйымдастырылған. Аудан бойынша арнайы жер қорындағы жайылым жерлерімен өз малдарын қамтамасыз етіп, өзге аудандарға жалға беруге мүмкіндігі бар Бәйдібек ауданын атауға болады. Сайрам ауданы қолданыстағы ортақ пайдаланудағы жайылымдық жерлеріне малдарын қамтамасыз етуге мүмкіндігі болмауына байланысты мүмкіндігі бар аудандарға бекітіп, қажетті жайылымдық өрістерін бөлу мәселесі-жайылымдық мал жаю салмағын төмендетудің негізгі жолы ретінде ұсынылады. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығымен ауданның ауылдық округтердің топырақ климаттық және метерологиялық жағдайларына байланысты жайылым жерлерде азықтық массасының шығымдылығы мен желінгіш азықтық үлесін есептей отырып, аудандағы ауылдық округтерде орта есеппен: уақ малға – 2 гектар, ірі қара малға – 8,0 гектар, түйеге – 9,0 гектар, жылқыға – 9,0 гектар болып нақтыланған.

Сайрам ауданы әкімдігінің есебімен, мал санына сәйкес жайылым жермен қамтамасыз ету үшін көлемі 653 388 гектар жайылым керек. Аудандағы жалпы жайылым жер көлемі 22090 гектар құрап отырғанын ескерсек, 631 298 гектар жайылым жерінің жетіспейтіндігі мәлім болып отыр.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығында мал басына белгіленген жайылымның шекті мөлшерін тұрғылықты жерге байланысты қайта есептеу ұсынылады.

Ауданда санитарлық тазалық сақтау және сенбіліктің қорытындысын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсембаев мәлімдеді.

Жұмыс барысында көше бойлары мен аяқжолдары ретке келтіріліп, арықтарымен ирригация жүйелері қоқыстардан тазаланып, көше бойындағы арам шөптер орылды. Бөлім қызметкерлері тарапынан ауылдық округі аумақтарының санитарлық тазалық жағдайын зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу барысында барлық ауылдық округі аумақтарында бей-берекетсіз қоқыстанып жатқан орындар анықталды. Жеті округте 38 қоқыс орны анықталғанын атап өтті.

Мәжілісте тиісті сала басшыларының атқарған жұмыстары мен өзекті мәселелері талқыланған соң, бюджетке қатысты мәселелер талқыланды.

Аудан басшысы салаларда кемшіліктерге жол берілмеуін, тапсырмалардың уақтылы орындалуын бақылауға алуды аудан әкімінің орынбасарлары және аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік көрсетілетін қызмет мониторингі бөлімінің басшысы Е.Керімбековке тапсырды.

Мұнан соң аудан әкімі Арман Сәбитов аудан орталығының санитарлық тазалығына қатысты берген тапсырмалардың орындалу нәтижесі бойынша жаяу аралады.

Аудан әкімімен бірге аудан әкімінің орынбасарлары М.Оразалиев және Б.Хасанов, тиісті бөлім басшылары Б.Бейсембаев, Б.Моминжанов және Ақсукент ауылдық округінің әкімі Ә.Бөрібеков болды.

Аралау кезінде демалыс орнын күтіп ұстау бойынша мердігер мекеме «SSD» ЖШС-і тарапынан саябақта біршама тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаштар мен гүлдердің суарылғаны, ескерткіштердегі жазулар мен орындықтардың қалпына келтірілгені, сахнаны жөндеу жұмыстары атқарылып жатқаны байқалды. Алайда, орталық саябақтың ішін түгелдей аралаған аудан басшысы бұл жұмыстардың баяу жүріп жатқанын сынға алды. Бірінші кезекте шөп орып, қоқыстардан толық тазарту мердігердің мекеменің жауапкершілігінде, ал күнделікті бақылау жасау ауылдық округінің әкімі мен тиісті мамандарына қатысты екенін ескертті.

Мұнан кейін аудан орталығынан бастап Манкент ауылдық округінің шекарасына дейін жүріп өтіп, жол бойындағы көгалдарды суару, кәсіпкерлік нысандардың маңдайша жазулары мен көрнекі ақпарат құралдарының мемлекеттік тілде дұрыс жазылуын қадағалау, заңға сәйкес келмейтін жазуларды және қызыл сызықта орналасқан заңсыз құрылыстарды жою, қасбеттер мен қоршауларды қалпына келтіру, қоқыс жәшіктерін орнату, мекемелер алдындағы күл-қоқыстарды тазалау, жабайы сауданы тоқтату, жолаушыларды тасымалдайтын автобекеттің талаптарға сай болу мәселелерін тапсырды.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Ерлікке тағзым» атты ескерткіштерді демалыс орнының ішінде басқа орынға көшіру, көлге айналдыру секілді көпшілік тынығатын, балалар серуендейтін ортаны құру мақсатында дайындалған эскиздік жобалар мен жоспарлар талқыланды.

Аудандық дербес бөлімдер мен ауылдық округтері әкімшіліктерінің ұйымдастыруымен өз аумақтарында санитарлық тазалық күн өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.