Бүгін Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақытбек Хасанов аудан тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев, аудан әкімінің кеңесшісі Рысқұл Есполай, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, жер қатынастары бөлімінің басшылары және Ақсукент, Қарабұлақ ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Алдымен, бірінші кезекте болған қарабұлақтық А.Халжалилов Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының талап арызымен облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында және Сайрам аудандық сотында азаматтық істері қаралып, талапкердің пайдасына аталған мал қора нысанасын өз есебінен мәжбүрлеп бұзуға қанағаттандырылғанын айтты. Қарабұлақ ауылындағы 034 орамда орналасқан мал қорасын бұзбау мақсатында оның нысаналы мақсатын өзгертуге ықпал жасауын өтінді.
Бұдан бөлек, қарабұлақтық Б.Молайханов ауылындағы жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша қажетті көмек сұрап, шешімін тапқан жағдайда осы жерлерге алдағы уақытта кәсіпкерлік нысан салу жоспары бар екенін назарына салды.
Келесі кезекте ақсукенттік Р.Умербекова отбасылық жағдайына және тұрғын үй кезегінде болуына байланысты баспанамен қамтуды сұранды. Сонымен қатар, тұрғылықты жеріне электр жарығы, ауыз су және ағын су тұрақты жеткізілмейтініне шағымданды.
Жергілікті тұрғындардың өтініштері тыңдалған соң, олардың шешу жолдары қарастырылатыны туралы түсіндірілді. Өз кезегінде Бақытбек Сембекұлы сала басшылары мен ауылдық округтердің әкімдеріне мәселелерді бақылауға алып, заңға сәйкес жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Сонымен қатар бүгін Ақсукент ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Н.Жамалбеков, ауылдық округінің белсенді тұрғындарымен кездесті.
Кездесуге аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, «Сайрам тазалық» ЖШС-і, ауылдық округі әкімшілігінің коммуналдық-шаруашылық саласына жауапты қызметкерлері қатысты.
Ақсукент-2 ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары тарапынан кәріз жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеуі және ауыз су қысымының төмендеуіне байланысты жыл сайын жаз айларында көтерілетін мәселелерінің шешу жолдары талқыланды.
Мадияр Мұхтарұлы биыл ауыз судың қысымын жоғарылату мақсатында бірқатар жұмыстардың жүргізілгенімен, алайда бүгінгі таңда нақты нәтижесі болмай отырғанын түсіндірді. Осыған сәйкес, аталған мәселелердің облыс тарапынан оңтайлы шешімін қарастыру үшін халық қалаулысына қолдау көрсетуін сұранды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.