Түркістан облысы: Сайрам және Ордабасы аудандарында тазалық жұмыстары жүргізілді

Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сайрам ауданында жалғасын табуда. Қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған сондай шаралардың бірі Сайрам ауданының Жібек Жолы ауылдық округіне қарасты Машат өзенінің бойында өтті. Оған аудандағы жалпы дербес бөлімдердің мамандары мен қоғам белсенділері, «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.

Олар қоршаған ортаға қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті көтеру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Машат ауылында Машат өзені жағалауын күл-қоқыстардан арылтты. Сондай-ақ сынған ағаш бұтақтарынан, өзен ағысына кедергі келтіретін пластик, шыны бөтелкелерден тазартты.

Жалпы, аудан аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендерде санитарлық тазалықты сақтау мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар қарқынды атқарылуда.

Бұдан бөлек Ордабасы ауданы Темірлан елді мекеніндегі «Орталық саябақта» да тазалық шарасы өтті. Сенбілікке аудандағы ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, этнос өкілдері мен аудан жастарынан құралған 80-ге жуық адам қатысты. Атқарылған жұмыстар аясында тал түптері әктеліп, қураған ағаштар жиналып, қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ, көшеттер отырғызылып, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді.

«Ауданымызда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында тазалық шаралары күнделікті ұйымдастырылуда. Ауламызды, ауданымызды, өлкемізді таза ұстауымыз қажет. Осындай қоғамдық іс-шараларға бірге қатысып, аулалардың тазалығына, ауданымыздың тазалығына үнемі атсалысып келеміз. Өзімізбен бірге жастарды да тазалыққа баулудамыз. Өскелең ұрпаққа өнегелі үлгі көрсету әрбір азаматтың міндеті», — дейді аудан ардагері О.Есқараев

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin