Түркістан облысы: Сарыағаштық кәсіпкер заманауи үлгідегі технология арқылы құлпынай өсіріп отыр

Сарыағаш ауданының Тегісшіл ауылдық округіндегі Мәдениет елді мекенінде жаңа технологиямен құлпынай өсіріліп жатыр.

Заманауи үлгіде жылу жүйесін қажет етпейтін жылыжай салып, құлпынай өсіріп жатқан кәсіпкер Аширафи Шимбергеновтың 10 жылдық тәжірибесі бар. Ол Италия және Голландия мемлекеттерінде осы саладағы кәсіби мамандармен тәжірибе алмасқан.

Қазіргі таңда 15 тұрақты, 40 маусымдық түрде тұрғындарды жұмыспен қамтуда. Жеке кәсіпкердің айтуынша, құлпынай 24 гектар аумақта егіледі. Ол күннің нұры және арнайы тігілген көрпешелердің жылуы арқылы өсіріледі.

Жеке кәсіпкердің шаруасымен танысқан аудан басшысы Арман Абдуллаев Тегісшіл ауылдық округі жаңа жұмыс орындарымен толығып келе жатқаны игі іс екенін атап өтіп, қолданып жатқан жаңа үлгідегі құлпынай өсіру әдісін әрі қарай дамыту жолдарын бірге талқылады.

Жылыжай демекші, енді аккредиттелген жылыжайлардың иелері субсидия алуға өтініш бере алады. ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір тағы 142 жылыжай шаруашылығының өтінімі инспекция органдарының қарауында жатыр.

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жылыжай шаруашылықтарына мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелері қаралды. Биыл алғаш рет субсидиялаудың жалпы ережелеріне фермерлік жылыжайларға субсидия алуға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Енді жылыжайлар орналасқан облыс әкімдіктері тиісті өкімдерді қабылдап, субсидия мөлшерін белгілеуі тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда екі өңірде ғана бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр – Шымкент пен Түркістан облысында. Түркістан өңірінде өнеркәсіптік жылыжайларға – 8,1 миллион теңге/гектарына, фермерлік жылыжайларға – 4,8 миллион теңге/гектарына белгіленген. Ал Шымкентте ағымдағы жылдың 20 қарашасына дейін нормативтер бойынша өкім шығару жоспарланған.

«Жылыжай шаруашылығын дамыту үшін мемлекет келесі қолдау шараларын көрсетуде: инвестициялық субсидиялар аясында жылыжай кешендерін салу және кеңейту жобаларын іске асыру кезінде шығындардың 25%-ын, тамшылатып суару жүйесін құру және кеңейту кезінде 50%-ын өтеу көзделген. Қазір біз норманы 25%-дан 30%-ға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан бөлек органикалық тыңайтқыштарды, пестицидтерді, биоагенттерді (энтомофагтарды) және биопрепараттарды, суаратын суды қоспағанда, тыңайтқыштардың құны субсидияланады. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде жылыту шығындары субсидияланады. Бүгінгі таңда 605 фермерлік жылыжай ұлттық стандартқа сәйкестік сертификатын алды, олардың иелері жақын арада субсидия алуға өтініш бере алады. Осылайша, жылыжай шаруашылықтары өндірісінің барлық циклі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған және нарықты қорғау бойынша қосымша шаралар талап етілмейді. ТРМК Ұлттық аккредиттеу орталығының мәліметі бойынша, фермерлік жылыжай шаруашылықтарының тағы 142 өтінімі инспекция органдарының қарауында жатыр», – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин әкімдіктер мен бақылаушы мемлекеттік органдарға көкөністерді жабық топыраққа отырғызу алдында жылыжайларға уақытылы көмір жеткізуді бақылауға алуды тапсырды.

«Жылыжайлар мен көкөніс қоймалары – ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының маңызды элементтерінің бірі. Бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігі аясында елімізге қажетті дақылдарды өсіретін шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуіміз керек. Мысалы, ол дақылдардың қатарында қызанақ пен қияр бар. Барлық өңірдегі қолданыстағы жылыжайлардың есебін жүргізіп, аталған қолдау шараларын көрсетуді қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті вице-премьер.

Айта кетейік, жылыжай алаңдарының негізгі бөлігі Түркістан облысында орналасқан — 824,2 гектар. Алматы облысында – 79 гектар, Жамбыл облысында – 23,2 гектар, Маңғыстау облысында – 15,5 гектар, Қарағанды облысында – 43 гектар, Ақтөбе облысында – 38 гектар, Атырау облысында – 15,6 гектар, Шымкент қаласында – 139,2 гектар және Алматы қаласында – 11,1 гектар.

Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларының 17-тармағына сәйкес, жабық топырақта басым дақылдар өндірісін дамытуды субсидиялауға арналған нормалар алынған өсім қорытындылары бойынша көкөніс дақылдарының бір дақыл айналымына белгіленеді (1 шаршы метрге егілген көшеттің 95%-ынан кем емес).

Жалпы, аудан экономикасының драйвері саналатын ауыл шаруашылығы саласы өкілдері жаздай еткен еңбектерінің жемісін көруде. Бүгінде шаруалар болгар бұрышын жинап, еліміздің барлық өңірлері мен Ресей мемлекетіне саудалауда.

Айта кетсек, ағымдағы жылы 1524,7 гектар аумақта болгар бұрышы өсіріліп, қазіргі уақытқа 11,0 мың тоннадан астам өнім жиналды.

Ағымдағы жылы сарыағаштық шаруалар 10763,5 гектар жерде көкөністің бірнеше түрін өсіріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып отыр. Оның ішінде, 1763 гектар бір алқаптан 2 – 3 өнім алу бойынша жұмыстар атқарылып, мол өнім алуға қол жеткізілді. Диқандардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде бүгінгі таңға 359,6 мың тонна көкөніс өнімдерін жинауға қол жеткізілді.

Соның арқасында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы республикада айрықша орын алады. Өйткені, еліміз бойынша аталған саладағы жалпы өнімнің 13%-ы күнгей өңірге тиесілі. Сондай-ақ, агроқұрылымдардың 33%-ы (80 мың) — Түркістан облысында.

Биыл қаңтар-тамыз айлары аралығында облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 506,2 миллиард теңгеге жеткен. Ал салаға салынған инвестиция көлемі 50,4 миллиард теңгені құраған. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен саласында құны 10,6 миллиард теңгеге 26 жоба іске қосылып, 300-ге жуық жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 870 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артқан. Ал қарқынды баулардың көлемі 5 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, республикадағы жылыжайлардың 70%-дан астамы — Түркістан облысында, қазіргі таңда жалпы көлемі — 1 577,4 гектар.

Мал шаруашылығы бойынша да облыс — жетекші орында. Елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85%-ы, қой етінің 60%-ы — облыс үлесінде. Биыл 8 айда 6,2 мың тонна ірі қара мал еті, 3,1 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілген. Қазіргі таңда облыс аумағында 1 миллион 231,5 мың бас ірі қара мал, 5 миллион 349,5 мың бас ұсақ мал, 465,2 мың бас жылқы, 41,7 мың бас түйе бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin